Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа жылу электр орталығының жоба-сметалық құжаттары әзірленуде

Жаңа жылу электр орталығының жоба-сметалық құжаттары әзірленуде

Қызылордада қуаттылығы 240 мегаваттық электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу энергиясын беретін заманауи жылу электр орталығы салынады. Қазіргі таңда жаңа нысанның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қондырғы өндіруші мекемелермен келісім жүргізілуде. Аймақ үшін маңызды саналатын нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов хабарлады.

– Былтыр ҚР Энергетика министрлігімен өткізілген аукцион нәтижесінде «Акса Энерджи» түрік компаниясымен жаңа заманауи жылу электр орталығын салуға келісім жасалды. Қазір аталған нысанға жылу электр орталығының аймағынан 3,5 гектар жер берілді. Тың жоба еліміздің Энергетика министрлігінің әрдайым бақылауында болады. Жалпы бұл инвестор қаржысына салынатын республикамыздағы алғашқы жылу электр орталығы болмақ. Үш жыл көлемінде жаңа нысанның құрылысы салынып, 2025 жылы халық игілігіне табысталады. Ал жылу беру маусымына тоқталсам, бүгінде облысқа 238 мың тонна қатты отын жеткізілді. Қазіргі таңда көмір қоймаларында нақты 7,2 мың тонна көмір қоры бар. Тұрғындарға 16 700 теңгеден 20 мың теңге аралығында көмір сатылуда, – деді басқарма басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов.

Брифинг барысында «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директоры Медет Усаин қаладағы жылу беру маусымының өту барысына тоқталды. Оның айтуынша, биыл тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін 14 авариялық топ және 16 арнайы техника жасақталған.

– Бүгінде Қызылорда қаласын жылумен қамтамасыз ету мақсатында жылу көздерінің негізгі қондырғылары штаттық режимде жұмыс істеуде. Жалпы қала бойынша жылу жүйесіне қосылған 1620 нысан бар болса, оның 781-і көпқабатты тұрғын үй. Бұл нысандардың үздіксіз жылумен қамтылуы біздің тікелей бақылауымызда, – деді «Қызылорда электр орталығы» МКК директоры Медет Усаин.

Өңірлік коммуникациялар қызметі
23 ақпан 2023 ж. 311 0