Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әдебиет жайлы бірер ой

Әдебиет жайлы бірер ой

Аптаның сейсенбі, жұма күндерін асыға күтемін. Тап бір сол күндері үлкен мереке болатын тәрізді. Шынында, мен үшін сейсенбі мен жұма аптаның айтулы күндері болып табылады. Себебі бұл күндері менің тағатсыздана күтіп, шексіз құштарлықпен, бар махаббатыммен ынталанып оқитын сүйікті сабағым қазақ әдебиеті пәні болады. Ойыңды бөлек бір үлкен әлемге жіберіп, өзіңді елітіп әкететін қазақ әдебиеті сабағын әр аптада асыға күтемін.

Қазақ әдебиеті... Бұл мен үшін жай сөз емес, сырға толы, терең мәнді сөздер секілді. Тіпті құлаққа әуезді естіледі. «Әдебиет» сөзі араб тілінен аударғанда «асыл сөз» деген мағынаны білдіреді. Ал қазақ әдебиеті дана да дара, қиялы ұшқыр, ойы терең, бойына шексіз нұрлы білім жиған қазақтың ұлы тұлғаларының асыл сөздерін зерделейді. Оқырманды халқымыздың ежелгі тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен таныстырады, тылсым дүниеге қанық ете түседі. Әдебиет – өткен ғасырларға, болашаққа, қиял әлеміне апаратын жол. Әдебиет көркем шығармаларды, әңгімелерді, өлең-жырларды оқыту арқылы көп нәрсені көз алдыңа әкеліп, қажет кезде күлдіріп, тіпті жылата да алады. Әңгімедегі кейіпкерлер әлемі олардың мінезі, психологиясы мен бейнесі дүниетанымыңды кеңейтіп, сыни ойлауға, адамзатты тез тани білуге үйретеді. Ал ұлы тұлғалардың өмірбаянын оқу өмірге деген құштарлықты оятып, оқырманды алға жетелейді. Өз өмір жолын табуына көмектеседі. Олардың өмірбаянын оқу барысында оқырманда сол тұлғалар секілді болуға құлшыныс, алға ұмтылыс пайда болады. Әдебиет тек тілді емес, жүректі де сөйлетеді, өмір атты ағынның қыр-сырын үйретеді. Осындай кереметті қалайша жақсы көрмеуге, сүймеуге болады?!

Сабақ басталарда ұстазым Маржан апай сыныпқа кіріп келсе, жүзімде күлкі ойнап сала береді. Апай сыныпқа қуанышты көңіл күймен кіргенде сынып іші жап-жарық болып нұрланып кеткендей болады. Ұстазымның сөз саптауы, тақырыпты түсіндіруі, ана тілімізді сақтау туралы өз ойын ашық айтуы, дәптер тексергендегі жазуы, сөйлеу мәнері – бәрі-бәрі мен үшін ерекше. Дауысы да жағымды. Сабақта жазуға тапсырма берілсе, ойланып отырып, көсіліп жазуға кірісемін. Сабақ алдында белгілі бір себеппен көңіл күйім болмаса да, әдебиет сабағынан кейін лезде ренішімді ұмытып кетемін. Сабақтан өте керемет әсер аламын. Ал ұстазым мені мақтаған кезде төбем көкке бір елі жетпегендей болады. Ұлағатты ұстазымның мақтау сөздері күні бойы құлағымда жаңғырып тұрады.

Көркем әдебиет оқу адамды ерекше күйге бөлейді. Дүниеден таппағанды әдебиеттен табуға болады. Көркем сөз адамды зеріктірмейді, керісінше жақсы көңіл күй сыйлап, жүректі елжіретеді. «Көркем шығармаларды түсінбеймін, маған қызық емес, зерігіп кетемін» дейтіндер де бар арамызда. Олар әдебиетті, өз тарихын шынайы жақсы көрмейді деп ойлаймын. Әдеби кітаптарды оқу дүниенің күйбең тіршілігін, мида жиналған жағымсыз ойларды, бүкіл қиындықты ұмыттырып, үлкен қиял әлеміне сапар шектіреді, шексіз терең ойға шомдырады.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда кітап оқитын, әдебиетті өмірінің бір бөлшегі деп санайтын жастар азайып бара жатқан секілді. Көпшілік жаңа заманның техникасы мен технологиясына тәуелді. Келешек ұрпақтың қамы үшін құрбан болған бабалардың сенген бүгінгі ұрпақтары өз тілін құрметтеуден қалып, сауатсыз жазуға белең алып барады. Менің байқағаным көпшілік тіл заңдылықтарын назарға алмай, сауатсыз жазатындығы. Бұған көркем әдебиетті оқымау, дамыған әлеуметтік желілер кінәлі деп білемін. Мені осы бір көкейкесті сұрақтар жиі мазалайды. Келешек ұрпақ сауатсыздыққа бой алдырмау үшін кітап оқуы керек. Қазақ әдебиетін оқу арқылы мен өзімді танимын, өзімді табамын. Әдебиет мені түсінеді, мен оны түсінемін. Жас достарымды кітап, газет-журнал оқып, көркем сөйлеуге, сауатты жазуға шақырамын.

Осы орайда мені бесінші сыныптан бері білім нәрімен сусындатқан, қазақ тілі мен әдебиетіне деген ынтамды, махаббатымды оятқан ұлағатты ұстазыма шексіз алғысымды білдіремін. «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деп Мұстафа Шоқай айтқандай, болашақта мен өз ұлтыма қалтқысыз қызмет ететін боламын. Ұстазым секілді өз жұмысымды махаббатпен атқарып, келер ұрпақты қазақ тілін, әдебиетін сүюге үйретемін. Қазақ әдебиетінің сақталуына өз үлесімді қосып, әдеби қорға тағы да қазыналар жинақтаймын.

Әрбір ұлт өз әдебиетімен ерекшеленеді. Сондықтан әдебиет – елдің байлығы, ұлттық сананың негізі. Ол – ой-сананы дамытушы. Тарихты қастерлеу, әдебиетті қадірлеубаршаның өмірлік парызы деп білемін.


Асылай Бектасқызы,
№35 Иса Тоқтыбаев
атындағы мектеп-лицейдің
10-сынып оқушысы
04 ақпан 2023 ж. 133 0