Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС: 150 мыңнан астам стоматологиялық қызметті төледі

МӘМС: 150 мыңнан астам стоматологиялық қызметті төледі

Биылғы жылдың 8 айында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы халыққа 150,5 мыңнан астам стоматологиялық қызмет көрсеткені үшін 360,8 млн. теңге төледі. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі және жүкті әйелдерге жоспарлы түрде 55,6 мыңға жуық қызмет, халықтың жекелеген санаттарына шұғыл стоматология бойынша 95 мың қызмет, сондай-ақ балаларға ортодонтиялық көмек көрсету бойынша 2 қызмет көрсетілді, - деп хабарлады Қызылорда облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.

МӘМС жүйесінде жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі.
МӘМС жүйесінде шұғыл стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратындар, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар ала алады.
Ортодонтиялық көмек жақсүйек-бет аномалияларын жоюға арналған аппаратты пайдалана отырып, жақсүйек-бет аймағының туа біткен патологиясы бар 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі.

Сондай-ақ, биылдан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакеті бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларды-атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қолдауды көздеді. 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға түрлі жақсүйек-бет аймағының ауытқулары (тістем бұзылулары, жақтың микрогнотиясы) кезінде ортодонтиялық көмек көрсетілетін болады. Бұл көмекті аймақтын 9 мыңнан астам бала алады. Бұл мақсатқа жыл соңына дейін 415 млн.теңге қарастырылған.

«Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету пациенттің еркін таңдауы негізінде жүзеге асырылады (бала - ата-ана немесе заңды өкіл болған жағдайда) және пациенттің тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің жолдамасының болуы талап етілмейді. Бұл ретте стоматологиялық қызмет көрсететін клиниканың Қордың әлеуетті өнім берушілерінің тізілімінде болуы маңызды. Қызмет көрсету фактісі және стоматологиялық көмек көлемі ақпараттық жүйеде тіркеледі, бұл МСАК ұйымы мен стоматологиялық клиникалар арасында бірлесіп орындау шартын жасасу үшін негіз болып табылады, ол ақпараттық жүйеде автоматты түрде қалыптастырылады. Көрсетілген қызметтерге ақы төлеу пациенттің тіркелген жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымы (емхана) арқылы жүргізіледі. Көрсетілген қызметтер оларды көрсету фактісі бойынша ақпараттық жүйеге енгізілетініне назар аударамыз» - деп түсіндірді қор филиалының директоры.

2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қызылорда облысында 33 жеткізуші стоматологиялық қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 9 мемлекеттік және 24 жеке клиникалар. Биыл жеткізушілер саны 2019 жылмен салыстырғанда өсті. Өткен жылы 26 жеткізуші стоматологиялық көмек көрсетті, оның ішінде 9 мемлекеттік және 17 жеке меншік.

Медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы жүгіну қажет, қосымшаны Play Market және App Store арқылы орнатуға болады.
08 қазан 2020 ж. 596 0