Қасқыршы Қалихан
Біз өзімізді көкбөріге телиміз. Өйткені, қасқыр – жер бетіндегі қайсар, аса сақ аң. Оның қайсарлығы кез келген айқаста жеңіске жеткенше немесе демі үзілгенше шайқасуынан көрінеді. Аса сақтығын былай қойғанда оның «қулығына да құрық бойламайды» дейді білетіндер.
Қулығы болса да малға қырғидай тисе, оны құрыққа түсіретіндер бар. Ауданда олардың қатары сирек болса да көпшілік С.Сейфуллин ауылында тұратын Қалихан Берхатовты қасқыршы ретінде таниды. Далада жүрген түлік малына қасқыр тисе, жұртшылық Қалихан ағаға өтінішпен жүгінеді. Ал ол жыртқышты қақпанға түсіріп, ас сақ аң – қасқырдан айласын асырады.
Қ.Берхатов – С.Сейфуллин ауылының тумасы. Осында өсіп, ер жетіп, аудан орталығындағы техникалық училищеде тракторист-машинист мамандығын меңгеріп шығады. Одан кейін еңбекке араласып, совхозда техника тізгіндеген. Жастар бригадасының қатарында болып, күріш те еккен. Техника тілін жетік меңгерген маман «Құмкөл» кенішінде де жұмыс істеген. Аудан орталығы мен Қызылорда қаласы аралығында газель жүргізіп, тасымал қызметімен де айналысты.
Жастайынан аңшылыққа әуестігі бар жан 1990 жылдардан бастап қасқыр аулауға бейімделген. Осы арқылы жыртқыш аңдардың, ит-құстың шамадан тыс көбеймеуін қамтамасыз еткен.
– «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Жыртқыштардың жекелеген түрлерінің санын реттеу жөніндегі шараларды» іске асыруға жылда тендер жариялайтын. Сол бойынша шибөрі мен қасқырды белгілі мөлшерде аулауға рұқсат етілген. Оларға сияқы мөлшері де белгіленген. Бір жылғы меже – 150 шибөрі және 14 қасқыр. Осыған байланысты жыртқыштардың санын реттеуге жұмыс жасаған уақыттар болды, – деген сәкендік аңшы қасқырды аулаған оқиғаларын әңгімеледі.
– Азулылардың ізін аңдып, қақпанға түсірдім. Мысалы, 1995 жылы 26, 2014 жылы 9 қасқырды ұстадым. Барлығы да тістері ақсиған жыртқыштар. Одан кейін де бөрілерді қақпанға түсірдім. Малға көп тигенде арнайы шақыртулар да аламын. Мәселен, Ырғыз бен Торғай өзенінің түйісетін тұсындағы Қосжар ауылына, Қаратерең ауылына, Қарақалпақстанмен шекарадағы Кекірелі елді мекеніне шақыртумен барып, қасқырлардың малға қырғидай тиюін тыйдық. Негізінен, оларды тұзаққа түсіруде аса сақ болған жөн. Айлакер аң ғой. Алдыңды орап кетуі мүмкін. Сол себепті әр басқан қадамың есеппен жасалуы тиіс, – дейді Қалекең.
Жеті қазынаның бірі саналатын ит – қасқыр тұқымдас хайуан. Күнделікті көріп жүрген соң ба одан көп сескене бермейміз. Ал 2016 жылы қақпанға түсіріп, тірілей ауылға әкелгенін көргеніміз бар. Азу тісі ақсиған қасқырды көргенімізде байлаулы болса да денемізді қорқыныш биледі. Топ болып тұрсақ та бос жіберсең қарсы шабатындай. Аяқ сирағы ұзын келген арлан нағыз көкбөрінің өзі екен. Оны кәнігі аңшы бұрынғы әдіспен темір қақпанға түсіріп алыпты. Ізін аңдып, жүретін жолына қақпандарды құрып қояды. Аса сақ деген жыртқыштың өзі абайсызда «Байсарының» бойында тұзаққа түсіп, аңшы келемін дегенше қақпаннан шығуға талпыныпты. Бостандыққа бейімделген түз тағысы тұзақта жатып өз сирағын өзі шайнаған. Алайда, мықты етіп құрылған қақпаннан қасқыр құтыла алмапты.
Тұзаққа түскен бөріні ауылға әкелу де оңай шаруа емес. Оған ептілік, жүректілік қажет. Себебі, бір сирағы ғана темірге қысылған қасқыр қалған сирақтарымен қасына жуыған жанға шабуылдауға қауқарлы. Сондықтан сәкендік аңшы бұл жұмыста абай болу басты шарт екенін айтады.
– Көкжал «Байсары» жақтағы қақпанға түсті. Мен барғанда қыңсылап, өз сирағын шайнап жатыр екен. Қай жағынан барсаң да маңына жуытпайды. Үш сирағының өзімен де бір адамға әл бермейді. Оны құрықтау үшін алдымен аузын бұғаттау қажет болды. Ол үшін тұмсықтан ұрдым. Сол кезде естен танды. Осы аралықта қасына барып, тұмсығын сыммен байлап үлгердім. Байлап жатқанда ес жиса, аман қалуың екіталай. Сондықтан мұндай жұмыста ептілік пен қайсарлық ең бірінші орында. Одан бөлек, қасқырларды алып келгенде артынан келетін түз тағылары бар. Сондықтан оларды аулауға киген киімді ауыл сыртында ауыстырып алу қажет. Әйтпесе, қасқырлар да кекшіл келеді, – деді бөріні ұстаудың әдіс-айласымен бөліскен аңшы.
– Абай атамыз «Аңшының еңбегі де ермек, ермегі де еңбек» деп бекер айтпаған. Өзі затымыз аңшылыққа құмар. Содан болса керек, осы кәсіппен айналысып жүрген ауыл жігіттерін жақсы білеміз. Олардың қатарындағы Қалиханды ерекше айтуға болады. Ол дала «серісінің» қасиетін жақсы меңгерген аңшы. Негізі, халқымыз малмен күн көреді. Ал оларға қасқыр тиіп жататын кез аз емес. Сондайда осы өңірдің тұрғындары Қалиханнан көмек сұрайды. Өйткені, аңшы түз тағысын қалай тұзаққа түсіруді біледі. Бір кездері аудан орталығына жақын «Узтоп» учаскесіндегі малшылардың төрт түлігіне қасқыр ауыз салыпты. Сонда әккі қасқыр дария бойын жағалап, Талдыралға дейін барып, ізін суытып, қайта оралады екен. «Узтоп» маңына келіп, ескі қорымды паналаған көрінеді. Із кескендер «қасқырды сырттан келді» десе, Қалихан жыртқыш аң қулық жасап, іргеде жататынын білген. Қасқырдан айласын асырып, қақпанға түсірген екен. Аңшымен арагідік кездесіп қалғанда қасқырдың қулығын айтады. Мәселен, ен далада көлікпен келе жатқанда қасқырдың ізі кездессе, 10-15 күнде сол ізіне қайта келеді екен. Келгендегісі сол аумақты торуылдап жүреді. Ал келмесе, бұл маңнан алысырақ кеткендігін аңғартады екен. Міне, осындай жыртқышты ізін кесе жүріп, қақпанға түсіру деген таза еңбек. Сондықтан осындай аңшымыздың елге тигізіп жүрген пайдасы көп. Оған деген құрметіміз ерекше, – дейді аудан тұрғыны Асылбек Палымбетов.
Иә, қалай айтсақ та жыртқыш қасқырмен бетпе-бет келу – ерлік. Сондықтан көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген Қалихан Берхатовты қалай мақтасақ та жарасады.
Е.БЕРКІНБАЕВ