Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дене кемшілігі емес, сана кемшілігі мін

Дене кемшілігі емес, сана кемшілігі мін

Осы бір мүмкіндігі шектеулі деген қисынсыз жапсырма атау менің көңіліме қонбай-ақ қойды. Неге дейсіз ғой?  Себебі, сол мүмкіндігі шектеулі атауын иемденген тағдырластарыммен, иә, иә, тағдырластарыммен, (осыдан жиырма жыл бұрын жұмыс үстінде сым кіріп кетіп, ағып түскен көзімнің орнына протез салдыртып мен де мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатарына қосылғанмын) сол ерекше жандардың шектеусіз мүмкіндіктеріне куә болып жүрмін. Жанкешті де қайсар жандардың мүмкіндігінің шектеулі екеніне күмән келтіре бастадым.

Өзім тұратын Қазалының Әйтеке би кентінде такси жүргізуді кәсіп еткен бүгінгі күні жасы жетпіске еркін аяқ басқан, әлі де бақуатты Сапар деген ағам бар. Он жеті жасында егін орағы кезінде оң қолын иыққа жақын комбайнның шалғысы кесіп кеткен. Бір оңтайы келгенде, оңай өрілмеген өмір дерегін өрнектеп те берген.

– Інім-ау, – деген, сонда Сәкең бір сәттік күйзеліспен күрсініп алып. – Қолымды иықтан кескенде бәрі бітті дегенмін, оның үстіне бір палатада бірге жатқан үлкенсымағымыз орыс кісі «е-е, балақай, мұндай күйге түскеніңше сол жерде өліп кеткенің  дұрыс болар еді-ау. Ендігің не өмір, не болашақ бар сенде, жалғыз қолмен итшілеп қайыр сұрағаннан басқа?» дегені жығылған үстіне жұдырық жұмсағандай болған. Бір палатадағы өзімнен өзге үш үлкеннен он жеті жасар балаң жігітке «бекем бол» деп басу айтар біреуі табылмады-ау. Тек ара-тұра келетін тума-туыс жұбатып кетеді. Содан жатып келіп ойланайын… Тұйықталып та алдым. Шынында жалғыз қолмен кімге керекпін? Құлыным-ау деп көзін сығып алғаннан басқа амалы жоқ, жасы келіп қалған  ата-анам не істей қойсын? Тағы ойлаймын «қой, іріген ауыздан шіріген сөз шығады, пасық орыстың сандырағын пәтуә қылып қайтем?» деп.
Екіұдай оймен арпалысып жүріп бір жарым ай да өте шықты, қалған емді қатынап алатын болып үйге келдім. Жанашыр жақын-жуық жиналып келіп жігерімді жанып тарқасты. Екінші топ мүгедегі анықтамасын алғанда, сол кездегі он екі мүшесі сау, жатыпішер, ішімдікке ауыздана бастаған бірер замандастарымнан өзімнің қандай айырмашылығым бар екенін дәлелдеуді ойша алдыма мақсат етіп қойып та үлгергенмін.
Неден бастауды көп ойланған жоқпын, мектепте жүргенде  суретке түсіруге әуестеніп «Зенит» фотоаппаратын  алғанмын.  Мектеп  бітірмей  жатып ауылдағы үлкендердің автокөлігін, әкемнің ескі «Урал» мотоциклін меңгеріп қойғанмын. Құлап-жығылып жүріп сол ескі мотоциклді жалғыз қолмен жүргізуге машықтанғаным сонша, ауылдастарымның ауызы ашылып қалды. Жаңақазалы поселкесі мен қазіргі Жалаңтөс ауылының  арасын жол қылып суретке түсіруді екі жылдай кәсіп етіп, төселіп қалдым.

Обалы не керек, заңға қайшы болса да, ара-тұра кездесіп қалатын ГАИ қызметкерлері түсіністікпен қарады. Азын-аулақ жиған-тергеніме ескі «Москвич» көлігін сатып алдым. Бірақ жүргізуші куәлігін алу өте қиынға түсті. Ережені бес саусақтай біліп, көлікті шыр айналдыра жүйткітіп құлағында ойнасам да оң қолымның иығымнан жоқ екені кесе-көлденеңдей берді. Облыс орталығына емтихан тапсыруға барсам да, осы кедергі алдымнан шықты. Қысқасы, біліктілігімді дәлелдеп Мәскеуге жазып, одан оң жауап келіп, облыс орталығында емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін иелендім.
Одан кейінгі өмірім ел-халықтың көз алдында, отбасын құрдым, балалы-шағалы болдым, үй-жай тұрғыздым, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдым. Мен мүгедекпін деп ешкімге алақан жайған жоқпын. Тіпті балаларым жас болып, үй тұрғызып жатқанымда ешкімге жалтақтамайтынмын, жалғыз қолмен қамбаны да илеймін, батпақты да ұрамын, астыма сатыны қойып мойныма құрал-жабдық салған қалтаны іліп, шабақтың басын кезек-кезек көтеріп үй төбесіне шығарып, сенсең де, сенбесең де шегені ағашқа бір қолмен батырыңқырап енгізіп жіберіп, содан соң балғамен қағып отыратынмын.

Сапар ағаның айтқанының бәрі рас. Ол кісінің үстіне зат тиелген тіркемесі бар жеке «Беларусь» тракторын  тап-тар ауланың ішінен жалғыз қолмен рульді ұршықтай үйіріп, шыр айналдырып шығып кеткеніне куә болғанмын. Қазір Қазалының базарында ескі «Москвич» көлігімен қанағат қарын тойғызадыны қағида қылып, кәсіп жасап жүр. Қалтасы жұқа, қысылған жанның жағдайын ескереді, айтқан бағасына келіседі, жүк салғышына көмірді, бір қолмен салып, үйіне апарып түсіріп береді. Құдайына қараған мұндай жандарға Алланың сәлемі болсын десек жарасар еді.

Тағы бір тағдырласым бар, бірінші топ көз мүгедегі Серікбол Шайхов деген. Сегіз жасында қарапайым тұмаудың асқынуынан екі көзі көрмей қалған. Арнаулы мектептен білім алып, Брайль әліппесін меңгерді, Қазалы аудандық әуез мектебінде  зағип жандарды үйрететін жабдық болмаса да, жеке ұстазға өтініш айтып  баян аспабын үйреніп шықты. Қазір жасы отыз бесте, ата-анасы ертелеу өмірден өтті. Серікбол мүлде көрмейтін болса да, өгейлік көрсеткен өмірге өкпе артпай, күйкі тірлікте кездесе беретін кедергілерге кейістік көрсетпей, көрінгенге алақан жаймай, жарасымды жанкештілікпен алға жылжып келеді. Баян аспабын бабына келтіре ойнап, ән шырқайды, өзге әндермен қоса өзі сөзін де жазып, әнін де шығарып, өзі орындайды. Талай мәрте Серікболдың шығармашылық кештерін өткіздік. Биыл Қазалы аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаевтың ұсынуымен Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығына үміткерлікке жазған өтінім хатымыз қолдау тауып, Серікбол Шайхов Қазалы ауданы әкімінің Алғыс хаты мен 120 мың теңгенің сертификатына ие болды. Өзімен тағдырлас, екінші топ мүгедегі Данамен шаңырақ көтеріп, бүгінгі күні алты жасқа аяқ басқан, он екі мүшесі сау болып өмірге келген Аружан атты қыз баласын жұмсап, қолдары ұзарып отыр.

Қазақта «дене кемшілігі мін емес, сана кемшілігі мін» деген тауып айтылған қанатты сөз бар. Тағдыр талқысының теперішіне тумысынан да, есейе келе де тап болып, сол талайлы тағдырдың тақсіретіне мойынұсынбай, әлдекімдер сияқты ешкімге алақан жаймай, онсыз да оңайға түспей тұрған тіршілік дүниесі тозағының тас-талқанын шығарып алға басып келе жатқан тағдырластарыма іштей риза да болып, тілеуін де тілеп жүремін.

Әлімжан ҚИЯС,
Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті,
15 қаңтар 2023 ж. 165 0