Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыз-келіншектердің сенімді серігі

Қыз-келіншектердің сенімді серігі

Адам өмірінде екі нәр­се­ні бағалау керек. Ол – Алланың берген өмірі мен денсаулығы. Бақытты ғұ­мыр кешу денсаулыққа байланысты. Сондықтан «Денсаулықтың қадірін ауыр­ғанда білерсің» деп халық бекер айтпаған.
Менің бүгінгі кейіпкерім – ден­саулық сақшысы, мамандығын сүйікті ісіне арнаған ақ халатты абзал жан Ақгүл Құлеке.
Дәрігер Ақгүл Әмірханқызы ау­дандағы қыз-келіншектердің нағыз жанашыр досына айналғанына біршама жыл болды. Дәрігер-маммолог ре­тінде өзінің дәрігерлік кеңесін беруден жалықпайтын Ақгүлмен мереке қарсаңында әңгімелесудің сәті түсті.
Болашақ дәрігер Ақгүл С.Сей­фул­лин ауылындағы мектепті бітірген соң ата-анасының, әсіресе үлкен ана­сының айтқан ақылымен медицина саласын таңдайды.
– Туып-өскен отбасымда үйдің үл­кені болғандықтан үлкен анам Салтанат Мамытаеваның бауырында болдым. Анам ауылда сауыншы болған, қоғамдық жұмыстың ортасында жү­ретін, өте белсенді кісі болатын. Менен кейінгі бауырларым да маған еліктеді ме, ата-анамызды «көке», «жеңше» деді. Мектеп бітірген жылы анам «бір әулетке бір дәрігер керек» деп шешіп, оқуға деген қабілетіме риза болып, ең қиын мамандықты таңдауыма бағыт берді. Біздің заманда дәрігер мен мұғалім болу көптің арманы еді. Өзім де осы мамандық иесі атану үшін Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсіп, 2003 жылы педиатрия мамандығымен диплом алдым. Интернатурадан өткен соң, туған елге оралдым. Алдымен аймақтық балалар дәрігері болып еңбек жолымды бастасам, кейін жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде Шымкент қаласында 4 ай бойы біліктілігімді арттырдым, – дейді дәрігер А.Әмірханқызы.
Иә, денсаулығың сыр берсе, ба­сың ауырып, балтырың сыздаса дә­рігер іздейсің. Осындай кезде жалпы тәжірибелік дәрігерлер жаныңа жалау болып, ем-домын жасайды. Уа­қытпен санаспай науқас жандар­ға шипа берген дәрігер, талай мәрте тұрғындардың алғысын да алды. Адам өмірінің сақшысы ретінде ұзақ жыл абыройлы жұмыс істеп, талай адамның дертіне дауа бола білді. Ол ең бастысы өзіне талап қойып, үлкен жүректілік, шыдамдылық, білім мен біліктілік, жауапкершілік, ұқыптылық, адалдық, мейірімділік секілді қасиет­терді жоғары қойды. Бұл антына адал жанның мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігі болса керек.
Маммолог-дәрігердің айтуынша, соң­­­ғ­­ы жылдары қыз-келіншектердің арасында сүт безі қатерлі ісігі дерті көбейген. Өткен жылы скринигтік тек­серумен 4 адамда қатерлі ісік анық­талған. Биылғы жылдың басынан 5 әйелде аталған дерт нақтыланған.
– Аудан бойынша скринингтік тек­серу кезінде қатерлі ісікті ерте анық­тауға мүмкіндік бар. Сондықтан бар­лық қыз-келіншектер 40 пен 70 жас аралығында скринингтік тексерілуге шақырылған уақытта келуі керек және айтпағым скрининг тегін жүргізіледі. Арнайы аппараттың көмегімен сүт безі қатерлі ісігі бар жоғын анықтаймыз. Ерте анықталған дерт емге келетінін, 80-90 пайыз жағдайда сауығып ке­тетінін айтқым келеді. Ешқандай үрейге салынбай, дәрігердің айтқан нұсқауымен қажетті емді алса, бұл аты жаман дертті де жеңіп шығуға болады, – дейді ақ халатты абзал жан.
Бүгінгі күні ауданда сүт безі қа­терлі ісігімен 33 әйел диспансерлік есепте тұрады. Олар уақытылы дә­рігер бақылауында болып, аурудың асқынбауы үшін тұрақты ем алып тұ­рады. Мұның барлығы дәрігердің қа­таң бақылауында.
Айта кету керек, әйелдердің сүт безі қатерлі ісігі әлем елдерін алаң­датып отыр. Оның себебін дәрігер­лер ең алдымен жас босанған әйел­дердің баланы ұзақ емізбеу салдарынан, тұрмысқа кеш шығу немесе мүлдем шықпайтын қыздарда, зиянды әдеттерге әуес болу, күйзеліске түскеннен деп түсіндіреді. Қазір қауіпті ауру жас талғамайтын жағдайға жеткен. Мәселен, ауданның өзінде есепке алынған ең жасы кіші келіншек 40 жасқа да жетпеген. Ал ең жасы ұлғайғаны – 70-ке келген кейуана.
Өз ісінің білікті де білімді маманы, ақ халатты абзал жан Ақгүл Құлеке жанына шипа іздегендерге жылы сөзімен, ақ көңілімен дертін же­ңіл­детуге күшін салып келе жатыр. Оның медицина саласындағы еңбегі облыстық денсаулық сақтау саласы басшылығы тарапынан бағаланып, «Алғыс хатпен» марапатталды. «Nur Otan» партиясы да «Алғыс хат» тапсырып, сіңірген еңбекке құрмет көрсетті.
Бүгінде Ақгүл Құлеке – аудандық емханада маммолог-дәрігер қызметін адал атқарумен қатар, отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Ауданның сауда саласында еңбек еткен Балтабай Матыбаев пен ардагер-ұстаз Күләш Ұзақбайқызының келіні. Қазір өмірлік жолдасы, полиция бөлімінің қызметкері, аға лейтенант Әмір Матыбаевпен ата-аналарының жағдайын жасап, Нұртөре мен Айзере есімді немере сүйгізіп отыр.
Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген ақ халатты абзал жанды төл мерекесімен құттықтаймыз!

Бибісара ЖАНӘЛІ
19 маусым 2021 ж. 1 154 0