«Жоғалған жұрнақ»: желтоқсаннан қалған бір белгі
Сара ала күздің соңғы күндерінде күллі қазақ жұрты жазушы, журналист, аудармашы Мархабат Байғұттан айырылып, қабырғасы қайысқан болатын. Қуатты қаламынан түйдек-түйдек ой орамын тудырған жазушының барлық әңгімесі оқырманның оң бағасына ие болған. Өз кезегінде қарымды қаламгердің «Жоғалған Жұрнақ» әңгімесін бір деммен оқып шығуға мүмкіндік туды. Әңгіме желісінде осыдан 36 жыл бұрын сарышұнақ аязда азаттық үшін Желтоқсан оқиғасының бел ортасынан табылған жас жігіттің өмір жолы баяндалған.
Әрбір қазақ баласына патриоттық сезім ұялататын шығарманың тілі жатық. Сөздің мән-мағынасын ұғынатын оқырман үшін көңілге қонымды. Негізінен, шығарма желісінде бала күнінен білім қуған Жұрнақ есімді жігіттің аянышты тағдыры суреттелген. Яғни, жазушы кейіпкерінің болмысын жан-жақты аша түседі.
Жүректерге тебіреніс сыйлаған әңгіменің кейіпкері Жұрнақ сол бір оқиғадан кейін жынданып кетеді. Текемет деп алатын кентте туған жас жігітті ауылдастары көзімен көргенде таңданысын жасырмаған. Әкесі – Қонақбай ауылдағы іргелі білім ошағында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Киелі шаңырығына торсықтай егіз ұл дүниеге келген мезетте Жалғау мен Жұрнақ деп есімдерін қойған. Өмірдің кермегі болар, егіздің сыңары – Жалғау кішкентайында шетінеп кетеді.
Аядай ғана ауылдан шыққан Жұрнақ мектеп бітіргеннен кейін, жүк пойызына мінген бойда Мәскеуден бір-ақ шығады. Мыңдаған түлектің қолы жете бермейтін жоғарғы оқу орнына түседі. Алты жыл бойы алып шаһарда білім алған жас жігіт сүйген қызы Алмаға жету үшін Алматыға асыққан еді. Қытымыр қыстың екпіні күшті. Сүйгенімен қосылу үшін барған Жұрнақ Желтоқсан оқиғасына белсенді қатысушы ретінде айыпталады. Ал сүйгені – Алмадан көтеріліс кезінде көз жазып қалады.
Баласының орасан зор тартқан азабын көруге жүрегі шыдамаған Қонақбай көп ұзамай дүниеден өтеді. Отбасынан ешкім қалмаған Жұрнақты ағайын-туысы Қарағанды қаласындағы жындыханадан тауып алады. Екі жыл бойы сараптама жүргізген білікті дәрігер ақыл-есінен айырылған Жұрнақты адамға ешбір зиян келтірмейтіндігі жөнінде қорытынды шығарған. Туған ауылына келген Жұрнақты ауылдастары жылы шырай танытып қарсы алады. Көпшіліктің ықылысына бөленген жігітке кейіннен қырың қарайтын жандар көбейген. Ақшаның түр-түсін танымайтын оған қара жұмыс жасататын ауылдастары баршылық. Мектептен қайтқан балалар бір сомға ауылға дейін сөмкесін арқалатуды әдетке айналдырған.
Беймаза уақытта Жұрнақ ауылды аралап жүріп, өзі туып өскен үйі орналасқан жерді тауып алады. Кім көрінгеннен соққы жейтін ол – ауылдағы мектеп директоры Сағындықов пен ұстаз Сағынышты есінде мықтап сақтаған. Қашанда бір шөкім ас ішуге ақша табатын жынданған жігіт ауылдағы өзбек азаматының үйін тұрғызуға жәрдемдесқан. Алба-жұлба киімін ауыстыруға қимайтын оған өзбек ағасы қоңыр шапан сыйлаған болатын. Өзім туған ауылымнан үй тұрғызамын деген Жұрнақ бірнеше жыл етегіне тас толтырып, межелі жерге тасиды. Кейде келеңсіздік орын алған тұста адамдардан көрген қиянаты көп болатын. Осындайда 1986 жылдың қысында орын алған көтерілістегі адамды аямай қинаған әрбір озбырды айыптайды.
Әсілінде, Жұрнақтың ақыл-есі дұрыс болмағанымен, жалқау балалар сабақтарын соған жасататын. Күні бойы далада жүріп, адам баласына кесірін тигзібейтін оның еңбекқорлығы ерекше. Осылайша, мейірімі жоқ адамдардан көрген азабы көп Жұрнақ қайтыс болыпты деген ақпарат Қазығұрт етегіндегі ағайынға түгел жетеді. Ол – өзі армандаған үйді салатын мекен жайда аязды күні үсіп қалған күйі табылды. Оны көрген жерлестері қимастықпен қоштасқаны мәлім.
Шығарманың авторы Мархабат Байғұт әңгіменің соңында: – «Қазақ тарихында көптеген көтерілістер болды. Солардың ішінде Желтоқсан көтерілісінің жөні бөлек. Ол ұлттың санасын өзгерткен, санаға серпіліс әкелген көтеріліс. Желтоқсан қазақты дүниежүзіне танытты. Желтоқсан туралы қаншама кітаптар жазылды, бірақ Желтоқсанға қазақы көркемниеттік көзқарас емес, мазақы көзқарас бар. Өкінішке қарай, Желтоқсанның намысы мен рухын ұмытып кете береміз. Шығарма осы Желтоқсанды бір сәт болса да жадымызда жаңғыртсақ деген ниетпен туындап еді», – деп пікір білдіреді.
Иә, қазаққа Тәуелсіздік сыйлаған бұл – көтеріліс ешқашан ұмытылмайды. Егемендікке қол жеткізу жолында Жұрнақ секілді қаншама жас өмірін қиғаны жасырын емес. Осылайша, ұлт мақтаныштарының рухына мәңгілік тағзым ете бермекпіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ