Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Атаулы жыл: Заңғар жазушының туғанына – 100 жыл

Атаулы жыл: Заңғар жазушының туғанына – 100 жыл

Құдай-ау, қайда сол жылдар?
Махаббат, қызық мол жылдар... деген Абай Құнанбайұлының өлең жолдарымен басталатын шығарма әдебиет әлеміне жақын һәм барша жанға таныс болар, сірә. Ұлы Отан соғысынан кейінгі ауыл өмірі, кіршіксіз махаббат суреттелген осы бір романды кезінде малшыларға дейін ескі ішігінің қойнына салып жүріп оқыған екен.

Махаббат тақырыбын арқау еткен туындымен жас күнінде танысқандардың қызық бір оқиғалары бар. Бірі кіреберістегі сандықтан «ұрлап» оқыса, енді бір үлкендер кітаптың мұқабасын ақ парақпен қаптап, жасырып жүріп оқығанын айтып, балалық бал кезеңдерді еске алып жатады. «Әдебиетті оқимын десең, Әзілхан Нұршайықовты оқы» дегенді естіп, бұл туындымен мен де мектеп қабырғасында жүргенде танысқан едім. «Ұят боладыны» тәрбие көзіне айналдырған біздің менталитет үшін төменгі сынып оқушысына махаббат тақырыбындағы толық романды оқу ыңғайсыз көрінгенімен, бұл романда, біздіңше, жасырып-жабатындай оғаш нәрсе жоқ.

Автор Әзілхан Нұршайықов әр қазақтың жүрегіне терең орныққан ардагер жазушы. Олай дейтініміз, ол Ұлы Ота соғысын көзбен көрген, қан майдан даласында от пен оқ кешкен. Саналы ғұмырында кейінгіге мәңгі мұра болар туындылар қалдырған қаламгер Қазақстанның халық жазушысы атанған әрі түрлі мемлекеттік сыйлықтардың иегері.

Жазушы шығармаларының ішінде шоқтығы биігі осы – «Махаббат, қызық мол жылдар» романы. Басқа роман, әңгімелері бір төбе болса, жазушыны «мәңгілік махаббат жыршысы» атандырған туынды бір бөлек аталады. Сондықтан да болар, жазушының аты аталған жерде көпшіліктің санасында ең алдымен осы романның оралатыны бар. «Ақиқат пен аңыз» да – дәл осындай ерек туынды.

Жазушы – 1922 жылы желтоқсан айында дүниеге келген, Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Шабытты ақындар мен жазушыларды туғызып, табиғатымен, топырағымен шыңдап, шыңға шығарған шырайлы өлкеден қазақтың небір Шолпан жұлдыздары шыққаны мәлім. Осындай өлкеде туып, тамыр жайған жазушы 1941-1945 жылдар аралығында Қызыл Армия қатарында болып, қан майданға араласқан. Кейін Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бас редакторлық қызметтер атқарған. Өмірі көркем әдебиетпен ұштас болған жазушы қаламынан саулаған қай туынды да оқырман қауымның биік бағасына ие болып келеді. Әзілхан Нұршайықов... Қазақпын деген қалың көпшілікке есімі таныс тұлға туралы көп айтып жатудың өзі артық болар, сірә... Туындыға ауысайық.
Жазушының көпшілікке таныс шығармасының бірі – жоғарыда атап кеткеніміздей «Махаббат, қызық мол жылдар» романы. Осы тұста бір қызық дерек келтіре кетсек. Шоқтығы биік шығарманың алғашқы тақырыбы «Құдай-ау, қайда сол жылдар» деп қойылған екен. Бірақ сол кезде сарапқа салынып, діни және ділдік көзқарас «елегінен» өтпей қалған көрінеді. Кейін көлемді шығармаға Абай Құнанбайұлының шумағындағы екінші қатар арқау болған. Бұл тақырып өз кезегінде шығарманың «бағын ашып», көпшіліктің, әсіресе, жастардың жанында сақтап жүріп оқитын туындысына тақырып болыпты.

Айтпақшы, роман 1970 жылы жарық көрген. Басты кейіпкер – Ербол және Меңтай. Қос ғашықтың арасындағы махаббат оқиғасы баян етіледі. Шағын ғана мақаламызда романның мазмұнын көсілтіп жазып жатуды да жөнсіз деп таптық. Сондықтан, көңілді бірде көл, бірде қапа қылатын шығарманы оқуды әрбір оқырманға ұсынамыз. Жазушы тілінің көркемдігі мен жеңілдігі кітапты бір деммен оқып шығуға жол ашады. Еркін әрі көркем баяндау оқырманды еріксіз елітіп әкетеді. Кейіпкерлердің де, оқиғалардың да көпшілігі өмірден алынған.

Әзілхан Нұршайықов – замандастарын ең алдымен кісілік келбетімен тәнті еткен жан. Одан кейін жауапкершілікті бәрінен биік қоятын болған. Тағы бір қызық дерек – жазушылардың ішінде оқырмандарынан ең көп хат алған жазушы да сол. Неге десеңіз, жазушы әр оқырманның хатын оқып, ретінше ықтияттап жауап береді екен. Бірақ, жазушы бір сұхбатында ең көп оқырман хаты осы біз тілге тиек етіп отырған шығармасына орай келіп түскенін айтқан. «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы шыққанда оқырмандардан он мыңнан астам хат келсе, «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы жарық көргенде бес мыңға жуық оқырман хат жазған. Жазушы соның ішінде мыңнан астам оқырманға жауап жазған екен.

Шығыста туғанымен қазаққа ортақ болған заңғар жазушының туғанына биыл – 100 жыл. 2005 жылы жазушының көзі тірісінде он томдық шығармалар жинағы жарық көрсе, жүз жылдық мерейтой қарсаңында «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан әйгілі роман желісімен түсірілген жиырма бөлімнен тұратын телехикая көрерменге жол тартты. 2011 жылы дүниеден озған майдангер-жазушының ғасырлық мерейтойы республика көлемінде тойлануда.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
04 желтоқсан 2022 ж. 328 0