Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жабайы алма»: Балалар көрген соғыс қияметі

«Жабайы алма»: Балалар көрген соғыс қияметі

Өткен ғасырдағы зұлмат соғыстың зардабы қазақ ұлтына да тигені мәлім. Қарапайым ел-жұрттың ең­сесін көтертпестей еткен соғыс жайында қазақ жазушылары кеңінен қалам тербеді. Әрбір шаңыраққа «қара қағаз» келіп, қайғы жамылған көпшіліктің тұрмыс-тіршілігі оңалмады. Майдан даласындағы ер азаматтарға болысқан әйел заты тауқыметті жылдарды бастан өткерді. Бұл соғыс жас ұрпақтың ба­лалық шағын ұрлады. Міне, соғыс жылдардағы тылдағы еңбек жайында жазылған шығармалардың бірі – Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесі.

Негізінен, «Жабайы алма» повесі екі бө­лім­нен тұрады. Осыдан 19 жыл бұрын жазушы Сайын Мұратбеков дәл осы шығармасы үшін Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері ата­нды.


Сұрапыл соғыс уақытында бала­лық шақтың қиындық пен ауыртпалыққа толы кезеңі сурет­телетін шығарманың басты кейіпкері – Қанат деген бала. «Тау бөктерінде тұтасқан жабайы алма болатын» деп басталатын шығарма тілі жатық. Оқырман үшін оқуға өте қолайлы.


Қанат пен достары күн сайын жабайы ал­ма­ның саясына келіп таңнан кешке дейін ойнайтын. Бірақ балалар ауыл жұртына белгілі «Көкінай» атты иттен қорқатын-ды. Бірнеше жыл әлгі ит жабайы алманың жанын­дағы үң­гірді мекен етеді. Қан майданға аттанған Бә­сеннің тазысының киесі бар еді. Бір күндері күшіктеріне азық іздеген «Көкінай» Бүбітай есімді әйелдің үйіне кіріп, сүтін төгіп, нанын алып кетеді. Кейіннен ашуға булыққан қарулы әйел «Көкінайдың» күшіктері жатқан үңгірдің аузын көміп тастайды. Осыдан кейін күшіктерінен айырылған тазы ауылдан мүлдем жоғалып кетеді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін тау бөктеріндегі жабайы алма уылжып пісе бастады. Бір топ бала талды жағалай алма теріп жүрген еді. Бір кезде ойын баласы Сыпатай кәрі ағаштың ұшар басына шыға бергенде жерге құлап түсті. Биіктіктен құлаған бала сол мезетте жан тәсілім етті. Сыпатай Бүбітайдың ұлы еді. Осылайша, кезінде жеті қазынаның бірі – тазыға қиянат жасаған ана ұлынан көз жазып қалды. Иттің киесіне ұшыраған Бүбітай баласын жоқтап, жынданып кеткен болатын.

Бірінші бөлімде балалардың соғыс уақытын­дағы қиындықтары мен қызықтары ерекше баян­­­далады. Өздерінен ересек келген Әжібекке ерген олар талай қиындықты еңсеріп шығады. Соғысқа кеткен әкесінен «қара қағаз» алған Қанат анасы Бағила мен әпкесі Назираға тір­шілік істеуге болысатын. Бағила бастаған қыз-келіншектер қырман мен егістік басынан табылады. Үйге қас қарая келетін немесе қо­нып қалатын бұларға балалар да қосылды. Жо­ғарыдан келген межені орындау үшін балалар пішен орды. Әйелдер масақ теріп, егінді шашпай-төкпей жинауға міндеттелді.


Әрине, соғыс жылдары әрбір отбасында жоқшылық белең алды. Ақиқатында бір алақан тарыны балалары үшін ұрлап әкеле­тін ауыл әйелдері жазықсыздан сотталып жатты. Балалардың буыны қатайып, талай ауыртпа­лықты көтере білді.


Шығармада соғыстан жаралы оралған Ырыс­бектің тағдыры әсерлі бейнеленеді. Құ­дай қосқан зайыбы өзгенің әйелі болуы жанына аяздай батады. Ырысбек ауыл балаларын қайсар жүректі, мықты болып тәрбиеленуі үшін әскери тәртіпке үйретеді. Сонымен бірге Ырысбектің бірнеше әйелге үйленуі, тылдағы еңбекке араласуы жақсы суреттеледі. Соғыс тұсындағы балалар өмірі расында аянышты еді. Назира мен Тоқтардың махаббаты да баян­сыз аяқталады. Повесть желісінде ауыл өміріндегі маңызды рөлге ие қариялардың әкесіз, шешесіз қалған балаларды жеткізуі өте әсерлі көрініс табады. Мәселен, «майданға астық жіберемін» деп жүр­генде әлдебіреулердің соққысынан қаза тап­қан Бағила нағыз ер мінезді еді.
Әке-шешесінен айырылған Қанат­тың кейін­­­­гі өмірі шығарманың екінші бөлі­мінде суреттеледі. Тек әжесі мен апасына арқа сүйейтін бозбала зорлық пен зомбылықтың, асқан жауыздықтың куәгері болады. Же­тім­діктің кермек дәмін татқан ол ерте есейеді. Өзінен кейінгі бауырларына тілеу­қор, қамқор болу керектігін сезінеді. Қанат пен достары мектеп қа­бырғасында сабақ оқып жүріп, елі үшін, Отан үшін қызмет етті. Осылайша, соғыс жылдарында ата-ана­сы­нан айырылған ба­ла­лардың өмірі, қыз-келіншектердің тағды­ры оқырман жүрегінен жол табатынына сенеміз.

Қытымыр қыстан аман шыққан ауыл халқы жеңіс көктемін қарсы ал­ды. Барлық қияметті күндер артта қалған еді.


Бір кітаптың маз­мұнын то­лық шолу бір мақалада мүмкін емес. Десе де кейбір үзінділерді кел­тірдік. Бұл арқылы соғыс жылдарындағы балалар көрген қиямет, сол ке­зеңдердегі ауыртпалықтар шығар­мада көркем суреттелген. Автор осы шығарма арқылы сол кезеңді нақты бейнелеген. Бұл – автордың көркем­дік шеберлігі. «Жабайы алманы» оқып отырып, өзіңізді сол кезеңге кіріп кеткендей сезімде болып, сол балалардың қиындықтарын бірге сезінесіз. Алайда өткен шақты бүгінгі күнмен салыстыруға кел­мейді. Ондай кезеңнің қайта келмеуін тілейміз.

P.S Басылымның 2022 жылғы №16 нөмірінде айтыскер ақын, «Сырдария ауда­нының Құрметті азаматы» Нұрмат Ман­сұров­пен Ақтөре Ибрагимұлының «Ұлт тәр­бие­сіне көркем әдебиеттің көмегі көп» деген сұхбаты жарияланған болатын. Сұхбат ба­ры­сында «Балалар жылы» аясында «Кі­­тап оқы да, тұлға бол» жобасы жайын­да ойлы оқырманға кеңінен ақпарат бері­лді. Ауданның мектеп оқушылары арасында өткізіліп жатқан жобада оқылатын кітаптар тізімінде Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасы» бар. Ендеше, ойлы оқырман балаңыздың кітап оқып, тұлға болып қалып­тасуына жоба арқылы зор үлес қоса аласыз.


Балтабай ОРДАБЕКОВ 
29 наурыз 2022 ж. 6 813 0