Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқырмандар бенефисі өтті

Оқырмандар бенефисі өтті

Кітап – сарқылмас қазына, айнымас дос. Қанша жерден жаңа техникалар іске қосылып, жылдам ақпарат көздері қолданысқа енгенімен, том-том кітаптың сарғайған беттерін парақтап отырып оқығандағыдай сезімнің орнын толтыра алмайды.

«Жаңа заман – ақпараттық технологиялар кезеңі» деген уәж айтарсыз, бәлкім. Десек те, жаңашылдықты дәстүрлі форматпен қатар дамытса, нәтиже де өнімді болмақ. Осы ретте, №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектепте жаңаша форматтағы іс-шара ұйымдастырылды. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өткізілген кеш «Кітап оқы да, трендте бол» деген тақырыпты арқау етті. Мектеп кітапханашыларының ұйым­дастыруымен жоғары деңгейде өткен іс-шарада балалар өздері оқыған кітаптардан видео, көрініс, тұсаукесер дайындап, қызықты өткізуге атсалыс­ты. Оқырмандар бенефисі балаларды көркем шығарма оқуға ынталандырып, рухани байлықтың құндылығын ұғындыруды мақсат етті.

Арнайы іс-шараға жоғары сынып оқушылары қатысты. 8, 9, 10 сынып­тықтар Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебегін», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» кітаптарының негізінде дайындалған тұсаукесерін ұсынды. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» повесі мен Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы бойынша қойылым қойып, көрер­мендердің ыстық ықыласына бөленді. Көпшілік сүйікті ақын-жазушыларының шығар­масымен қайта қауышқандай күй кешіп, ерекше әсер алды.

Кітапсүйер оқырман мен кітапха­нашылар жылды осылайша табысты қорытындылады. Оқушылар мұға­лімдердің қойған сұрақтарына ұтымды жауап беріп, қазіргі заман тұрғысынан мәселені талқылады. Іс-шара соңын­да мектеп директоры А.Әлиева сөз сөйлеп, кітап оқудың мәні мен маңызына, бенефистің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тоқ­талып өтті. Және іс-шара барысында белсенділік танытқан жас оқыр­мандарды арнайы марапаттап, «Алғыс хат» табыс етті.

– Қазіргі таңда «Балалар кітап оқымайды, жастар әдебиеттен алыс­тап барады» деген түсінік қалыптасып барады. Біз осындай пікірлерді санадан өшіріп, жас буынды кітап оқуға шақыру мақсатында түрлі іс-шараларды ұйымдастырудамыз. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушылар арасында сәнге айналып жатқан жаңашылдықтарды кітап­пен байланыстыра отырып, қы­зы­ғу­шылықтарын арттыруға ықпал етуге тырысудамыз. Мысалы арнайы көрме, сайыстармен бірге жастар арасында трендке айналған «түрлі-түсті кешті» кітаптармен ұйымдастырдық. Яғни, әр сынып мұқабасы өзі таңдаған түспен сәйкес келетін кітапты оқып, мазмұндап, бірге талдау қажет. Сонымен қоса, түрлі акциялар өткізіп, балалардың демалыс кезінде де бос уақытты тиімді өткізуіне жағдай жасау­дамыз, – дейді мектеп кітапханашысы Индира Усманова.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 желтоқсан 2022 ж. 373 0