Парасатты азамат
Сырдария ауданындағы Сәкен Сейфуллин ауылының тарихында бүгінгі ұрпақ мақтанатын, батырлығымен, ақындығымен, ақылымен, турашылдығымен, әділдігімен дараланған дара тұлғалар қаншама?! Олардың есімдері ел аузында айтылып, баспа басылымдарында жазылып, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде еске алынып жүр. Ауыл тарихына қатысты «Сәкен ауылы – ұлағаттың ұясы» атты кітапта олардың атқарған істері, ел дамуына қосқан үлестері кеңінен жарияланды.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, Сәкен ауылының азаматтары текті бабалардан тараған. Ондай тұлғалардың қатарында Сәрке, Байқадам, Бұқарбай, Сейіл, Қабан, Бәйтен, Елқонды, Қайқы батырлардың орны ерекше. Сондай-ақ Мысық, Жүзбасар, Қырғи, Шортанбай, Алданазар, Қараман билер де бар. Ал, Ыбырай, Қамар, Сүлеймен, Беркінбай, Жөлекен, Бимен, Қалжан, Ұмық, Мағмыр, Кіребай, тағы басқа атақты дін өкілдері мен Көтібар болыс, Шонбай, Қанапия, Сейфулла және басқа да ақындар құтты мекеннен шыққанын айтпай өту мүмкін емес.
1975 жылдың қаңтар айында Сәкен ауылы өз алдына отау тігіп, шаңырақ көтерді. Алғашқы күннен бастап кеңшар аяғынан тік тұрып, алдыңғы қатарлы кеңшарлармен еңсесі биік болып қатар тұрды. Ол, әрине мектеп оқушыларынан бастап, қартайған кәрілерге дейін барлық азаматтың ауызбіршілігі, еңбекке деген белсенділігі, адалдығы, тазалығы, іскерлігінің арқасы.
Сол кезеңдерде кеңшарда білікті, білімді, іскер, таза, халыққа, елге адал еңбек жасаған азаматтар жұмыс жасады. Олар партия ұйымын басқарған Қарсақбай Ибрагимов, ауылдық кеңес төрағасы Әлдібай Қайырбергенов, Оспантай Мұстаяпов, бас инженер Төлеп Мұқанов, бас агроном Сәтбай Нұрымов, бас зоотехник Пірмахан Ізімбетов, бас есепші Бақытбек Ділдабаев, прораб Сағат Ибраев, түрлі басшылықта болған Іскендір Аханов, Арғынбай Сырғабаев, Батырхан Наурызбаев, Әлжан Ибраев, Жанбай Төлебайұлы, Бердіхан Омаров, Сәндібек Тоқсейітов, Ізбасқан Қасымов және тағы басқа азаматтар.
Ардақты азаматтар елдің бағын көтеріп, абыройын асырды. Әрқайсысы бір-бір елді басқаруға жарайтындар еді. Осындай азаматтарменен жұмыс жасағанымды бақытты кезеңім деп есептеймін.
Осы азаматтардың ішінде шоқтығы биік, білікті де білімді, таза еңбек иесі, ойы да, жүрегі де, қолы да таза, кішіпейіл, ақкөңіл, парасатты тұлға – Пірмахан Ізімбетов жайлы жазып отырмын.
П.Ізімбетов 1938 жылы Арал ауданы, Қаратерең ауылында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтағаннан кейін алты жыл кеме құрастырушы, дәнекер жұмысын атқарып, кейін Алматы зооветеринария институтынан жоғары білім алады. Қазалы ауданының Энгельс және Ғ.Мұратбаев атындағы кеңшарларда зоотехник болып, 1973 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына зоотехник болып ауысады. Осы жылы мен де облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалып, 1975 жылға дейін бірге қызмет атқардық. 1975 жылдың қаңтар айында Тереңөзек ауданында жаңадан С.Сейфуллин атындағы кеңшар ашылып, мен осы кеңшарға директор болып ауыстым. Пірмаханның қайынжұрты осы кеңшарда тұрады екен.
Пірмаханды «Мына қайынжұртыңа адал қызмет етіп, өтелмеген қалың малыңды еңбегіңмен өте» деп кеңшардың бас зоотехник қызметіне орналастырдым. Осылай кеңшарда алты жыл жұмыс істеп, сенімді ақтады. Өмірінің соңына дейін кеңшарда аянбай еңбек етіп, өшпес із қалдырды.
Ол жайлы естелік жазуға түрткі болған екінші жағдай «С.Сейфуллин Жер» ЖШС төрағасы Оңғарбек Саймағамбетовтың ұсынысы еді. Төраға Пірмаханның рухын жаңғыртып, бір іс-шара өткізу жайлы ауыл әкімі Бекзат Қыдырбаевқа, мектеп директоры Бағдат Есназарға ұсыныс жасап, ол ұсыныс қолдау тауыпты. Міне, осындай жағдайда Пірмахан жайлы естелікті мен жазбағанда, кім жазады? Мен қолдамағанда, кім қолдайды? Мен Пірмахан жайлы жазып отырып, өзімді өзім жазғандай сезінемін. Өйткені, мен Пірмаханмен замандас, тағдырлас, әріптес, үзеңгілес болдым. Қадірлі азаматпен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында екі жыл, С.Сейфуллин кеңшарында алты жыл бірге қызмет етіп, мақсатымыз, тілегіміз, абыройымыз ортақ болды. Кеңшарда алты жыл көрші отырып, ағалы-інілі, сыйлы, құрметті, қадірлі жан ретінде бір-бірімізге сүйеу болдық.
Еңбекте сыналдық, шыңдалдық, еңбекпен өстік, өндік, көктеп көгердік, талай сын сағаттарын, тағдырлы айларды бастан өткердік. Сүрінбедік, жығылмадық, жаңылмадық, жақсы атауға жақын жүрдік. Сол еңбегіміз еш кетпеді. Маңдай терімізбен бақытқа бөлендік, қадірменді ақсақал болдық.
Пірмахан айқай-шусыз, дау-дамайсыз, жалаулатпай, ұрандатпай қандай ауыр да қиын жұмысты нәтижелі, нақты орындады. «Болмасын деген оңбасын» дегендей, Пірмаханда «болмайды» деген сөз жоқ. Міне, осындай азаматтармен біз өте ауыр, қиын шаруаны ойдағыдай шешіп отырдық.
Бұрын 200 гектар ғана күріш егетін, жайылымы тар, шабындығы жоқ, мал азығы қоры жеткіліксіз, жүз үйге жетпейтін ауылда жаңа шаруашылық ұйымдастыру оңай болған жоқ. Оның үстіне қақаған қаңтар айында мал өсіру, өнімін өндіру, мал басын аман сақтау қиынның қиыны еді.
Белоруссиядан әкелінген қашарлар жерсінбей, құнарсыз мал азығына қанағаттанбай, әбігерге салды. Басқа кеңшардан қабылданған төрт түлік, «кім сүтті сиырын береді» дегендей, арық, ауру болған малдар, уызына жарымаған баспақтар көктемге таяу сыр бере бастады.
Осы жағдайға байланысты ауыл ақсақалдары, мал шаруашылығындағы тәжірибелі азаматтармен ақылдастық. Нәтижесінде, Шәкір ақсақалдың қарауындағы жүзге тарта асыл тұқымды буаз қашарлар ерекше күтімге алынды. Жәрдемшілері Тұрсынбай Шакиров, Төребай мен келіні Дәмелі күнде арнайы қара бидай ұнынан ашытпа жасайды. Әр қашарға бір шелектен беріп, жем-шөбі туралып, буланып, ерекше күтімге алынды. Орнынан тұра алмаған қашарларға белдік байланып, демеп орнынан тұрғызылды. Малшыда «бір жатып қалған ірі қара малы орнынан тұрмайды» деген сөз осылайша жоққа шығарылып, бірде-бір бас мал шығыны болмай, түгелдей бұзаулатып алынды.
Фермадағы нашар малдарды күтетін арнайы изолятор ашылып, онда мал күтіміне қажетті барлық жағдай жасалды. Арнайы мал дәрігері бекітіліп, жауапкершілігі тәжірибелі бақташы Дүкенбай Тамашев ақсақалға тапсырылды. Әлсіз ірі мүйізді қараға қара бидай ұнынан дайындалған ашытпа берілсе, баспақтарға қара бидай ұнынан ашыған қамыр берілді. Қай уақытта барсаң да баспақтар ақсақалдың етегіне жармасып, қолын жалап жүретінін көретін болдық. Ал мал дәрігері өзіне тиісті емін жасайтын еді. Осылайша, ауру-сырқау майда малдар осы изолятордан сауығып шығатын.
Мал азығы жетіспеген қиын кезде аңызда қалған күріш сабандары майдалағыштан, жем ұнтақтағыштан өткізілді. Жем, мочевина, әк ұнтағы, түрлі макро-микроэлементтері қосылып, арнайы жасалған тіркемеде буланып, жұмсартылып қолдан сүрлем жасалды. Ол сауын сиырларына беріліп, жем-шөп мәселесі де тиісті шешімін тапты. Бұл жұмысты атқаруда Семен Вдовиннің еңбегі ерекше еді.
Мал азығын дайындауға шабындықтың болмауынан кеңшар орталығынан 200-250 шақырым қашықтықтағы «Мыңбұлақ» аймағынан шөп дайындалып жеткізілді. Осы істің басында екі ай жатып жұмыс атқарған Пірмаханның ерлігі аңызға айналып айтылды. Бұл оқиға «мың болғыр» «Мыңбұлақ, миуалы майбұлақ болды-ау біздің ауыл үшін» деген атпен аңызға айналды. Жоққа жүйрік жетпейді. Ал, көзін тауып еңбек жасағандардан несібе кетпейді деген. Мал азығын дайындауға шабындықтың жоқтығынан ауыл тұрғындары Жалағаш, Қармақшы аудандарының, бұрынғы Сырдария ауданының аймағынан мал азығын дайындап, бірнеше рет тәртіпсіздік жасаған кезіміз де болды. «Шабындықтағы шайқас» мәселесі де осыдан шығып, аудандық, облыстық партия комиттерінен ескерту де алған болатынбыз.
Осындай қиындықтарда Пірмахан іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Сауыншы, бақташылар ертеңгілік және кешкілік сауын сиырын сауып, малын жайлап, күндіз мал азығын дайындауға қатысты. Барлық жұмыста Пірмахан бүкіл қызметкерлерімен қолдарына айырын, күрегін алып, қиындықтарды көппен бірге жеңе білді.
Кеңшарда сауыншы, бақташыларға мәдени-тұрмыстық, өндірістік жағдай жасауда ерекше жұмыстар атқара білді. Ай сайын мал шаруашылығы саласының барлық жұмысшы қызметкер бас қосып, айды қорытындылап, озаттар марапатталып отырды. Орын алған кемшіліктер жинақталып, келешек оны жөндеу іс-шаралары жасалып, міндеттер белгіленді. Ал сүт өндіруге байланысты әр апта сайын нәтижесі шығарылып, озаттар марапатқа ие болды.
Жұмыс барысында бақташы, сауыншылардың бос уақытын көңілді ұйымдастыру іс-шаралары да назардан тыс қалмады. Жазғы жайылымға ауыл орталығынан мәдени бригадалар шақырылды. Жазғы жайылымда кітапхана, қызыл бұрыш жұмыс жасады. Байсары, Қазымбет көлдеріне арнайы моторлы қайық ұстап бақташы, сауыншылар бос уақытында көл бетінде серуендеп, құс атып, балық аулады.
Осындай ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде кеңшарда жылма-жыл мал басы 97 пайызға аман сақталды. Төл алу, ет-сүт өндіру тапсырмасы артығымен орындалып, малдың ретсіз шығындарына жол берілмеді. Сауыншылар Пәтес Исаева, Роза Ерғалиева, Бақыт Қожабаева, Дәмелі Шакирова, Жаңыл Смаилова, Балкүл Алматова, Палай Есекеева күніне 350 литрге дейін сүт сауды. Жылқышылар Тыным Сиделов әр жүз биеден бір жүз екі, Әбдібек Өтегенов жүз бас құлын алып, еңбек үлгісін көрсетті. Бір жылдары бақташы Хамит Ақбергенов төл алудың жылдық жоспарын май айында артығымен орындап шықты. Ауыл дамуында соғыс және еңбек ардагері, нағыз еңбек адамы Әбіләзи Сүлейменовтің де есімі құрметпен аталады.
Міне, осындай жұмыстың басы қасында еңбектен бақытын тапқан Пірмахан Ізімбетов жүрді. Бақташы, сауыншылармен жұмысты бірге атқарды. Ол қарамағындағы еңбеккерлердің тілін тапты, ойынан шықты. Үндемей жүріп үйдей жұмысты тындырды, ешкімге ауыр сөз айтпады. Бетіне келмеді. Өзі де ешкімнен артық, қолайсыз сөз естімеді. Өйткені, Пірмаханда адаммен сөйлесуде, кез келген шаруа мәселесін шешуде ерекше бір біз білмейтін құпия сыр бар еді. Оны тек өзі ғана білетін.
Пірмахан осы Сейфуллин ауылының тумасы Дүйсенкүл Әбікенқызыменен 1969 жылы отау құрды. Тәрбиелі отбасынан шыққан Дүйсенкүл Пірмаханның өз міндетіне сай берекелі жұмыс жасауына толық жағдай жасады. Үш ұл, екі қыз өсірді. Мұғалімдік қызметімен қатар, отбасының берекесін келтіріп, ағайын-туыс, жора-жолдастың көңілін тапты. Пірмаханның алаңсыз өз міндетін атқаруына жағдай жасап отырды. Осындай тәрбиелі отбасынан шыққан балалары жоғары білім алып, бүгінде түрлі салада өз мамандықтары бойынша жұмыс атқаруда. Светланасы – заңгер, Жұлдызы – мәдениет саласының өкілі, Ласкер, Манарбек, Дастаны өз мамандықтарының майталман мамандары. Олар әке есімін ардақ тұтып, оның атына кір келтірмеуді үнемі назарда ұстап жүреді. Пірмахан досымыз Дүйсенкүлмен 38 жыл отасып, дүниеден озды. Бүгінгі күні Дүйсенкүл балаларының, немерелерінің қызығына тоймай, ардақты жан ретінде бақытты күн кешуде.
Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды. Ал қоғам үшін, ел үшін Пірмаханның атқарған істері, жүрген жолдары көңілде жарқырайды. Малшы қауымға жасаған жақсылықтары соқырға таяқ ұстатқандай, мылқауды сөйлетіп, кереңнің құлағын ашқандай сайрап тұр. Қасиетті азаматтардың жүрген жері көгеріп, көктеп тұрады, атқарған істерінен белгі қалады. Өткен-кеткендер сол арқылы ол азаматты еске алады. Пірмахан – осындай артында із қалдырған ісінде белгі қалған, жақсылығы жұрт жүрегінде сақталған азамат.
Пірмахан егер тірі болғанда биыл 85 жасын Сәкендіктер дүркіретіп тойлап, өзі ауылдың абыз ақсақалы болып ортамызда отырар еді. Пірмаханның 85 мерейлі жасын атап өту жайлы іс-шараны ұйымдастырып отырған ел азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Пірмаханды қалай айтса да, қалай мақтаса да орынды. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық, ұялмай мақтауға да боларлық парасатты тұлға. Және де кейінгі ұрпаққа үлгі тұтып таратуға, дәріптеуге лайықты азамат. Қоғамға сіңірген еңбегін бағалай келіп, ауыл орталығынан бір көшеге атын берсе өте орынды болар еді. Бұл ұсыныс ауыл тұрғындарының толық қолдауына ие боларына сенемін.
Жақай БОДЫҚБАЕВ,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»,
Қызылорда облысының
Құрметті ардагері