Ұлт ұстазы ұлықталды
№210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектепте ағартушы-педагог, жазушы, этнограф Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «Даланың дара ұстазы» тақырыбында әдеби кеш өткізілді. Танымдық іс-шараға мектеп директоры Света Сақтапова, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын көпшілікке таныстыру мақсатында өткізілген іс-шарада «Жас толқын» жасөспірімдер театр үйірмесінің мүшелері өнер көрсетті. Кемеңгер ұстаздың шығармаларынан үзінді оқып, көрініс қойды. Бала жанының бағбаны атанған Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы кеңінен насихатталды. Сонымен бірге, ең алғашқы «Әліппе» үйрету барысы жайлы бейнекөрініс көрсетілді. Мектеп оқушылары ән айтып, би биледі.
Өз кезегінде мектеп директоры С.Сақтапова сөз алып, мектеп жанынан ашылған үйірме жұмысына сәттілік тіледі.
– Биыл қазақ әдебиетінде елеулі жыл саналады. Себебі, алғаш ағартушылық саланың негізін қалаған Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы республика көлемінде аталып өтілуде. Оның әрбір қазақ баласының білім алуына ғылыми негіз салуы ұлттық мұра ретінде қарастырылады. Ағартушы ғалым өз өлеңдерінде балаларды оқуға, білім алуға шақырса, әңгімелерінде еңбекті сүюге, қадірлеуге, адамгершілікке, имандылыққа, адал достыққа, тазалыққа үйретеді. Бұл ретте, педагог-ұйымдастырушы Өркен Арықов пен «Жас толқын» жасөспірімдер театр үйірмесінің жетекшісі Ақтолқын Абылаеваға ерекше алғысымды айтамын. Аз ғана уақыттың ішінде оқушыларды театр бағытында дайындап, жаңашылдыққа бетбұрыс жасауда. Оқушыларымызға шығармашылық табыс тілеймін, – дейді Света Мұхтарқызы.
Айта кетейік, әдеби кеште мектеп оқушылары Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы мен шығармашылығы жөнінде қойылған сауалдарға жауап берді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ