Тәуелсіздік – мәңгілік ел тұғыры
1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының қабылдануы ел Тәуелсіздігінің бұғанасын бекітіп, бекемдеп берді. Биыл Қазақстан халқының тағдырын анықтаушы құжаттың қабылданып, еліміз егемендігін алғалы отыз жыл толып отыр. Ата-бабамыз арман еткен, егемендіктің иісі аңқыған, еліміздің еңсесін биік, тұғырын тұрақты еткен, керегемізді кең, бәсекелес елдермен тереземізді теңелткен Тәуелсіздік дәмін татқанымызға биыл отыз жыл.
Қасиетті мерекені ұлықтау мақсатында ауданымызда түрлі мерекелік іс-шаралар өткізілуде. Жақында №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – мәңгілік ел тұғыры» тақырыбында мерекелік жиын өтті. Кең көлемде ұйымдастырылған шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының құрылғанына 10 жыл толуына арналды.
Мерекелік жиынды мектеп директоры Света Сақтапова ашып, әріптестері мен оқушыларды қасиетті мерекемен құттықтады.
– Еркіндікке қолы жеткен қазақ халқы өз елінің өркенді де өрісті өмірі ұзақ болуын мақсат етіп, жаңаша тірлік пен тіршілікке бет бұрды. Көк байрағымыз көкке көтеріліп, Гимніміз асқақтай тербелді. Жаңа Конституция өмірге келіп, халқымыздың ертеңгі болашаққа деген сенімі арта түсті. Тәуелсіздік – кешегі ата-бабамның қасық қаны мен ерен ерлігі. Орда бұзар отызға толған Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Ел егемендігі мен тәуелсіздігі берідегі жүз жылдық пен әрідегі мың жылдықтарда жасай берсін деп тілейміз, – деді Света Мұхтарқызы.
Мерекелік жиын одан әрі рухты әндермен жалғас тапты. Жас ұландықтар жырдан шашу шашып, мың бұралған бишілер көрерменнің ықыласына бөленді. Одан кейін 2-сыныптың озат оқушыларын жалынды жастар ұйымы «Жас ұланға» қабылдау салтанаты өтті. Озаттар қатарына қосылу үшін жас өркендер ант қабылдады. Мектеп директоры бастаған О.Әбілпаттаев атындағы мектеп ұстаздары дарынды шәкірттерге егемен еліміздің Туы түстес көгілдір галстук пен төсбелгіні салтанатты түрде табыстады. Оқушылар мойынға тағылған «Жас ұландық» белгінің жай галстук емес, үлкен жауапкершілік екенін іштей сезіп тұрды.
Іс-шара соңына таяғанда ұйымдастырушылар С.Таюпова мен Н.Күдебаева сөз алып, келген қонақтарға алғыстарын айтты. Сондай-ақ, «Жас ұлан» ұйымына қабылданған оқушыларды құттықтап, ел ертеңдеріне үлкен үміт артылатынын түсіндіріп, оқуда озат болуларын тіледі.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ