Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өршіл өрендерге тағзым ету – міндетіміз

Өршіл өрендерге тағзым ету – міндетіміз

Қазақ халқы үшін ең қасиетті де қастерлі Тәуелсіздікке – 31 жыл. Тәуелсіздік жолы оңай жол емес, бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті. Біздің еліміз бүгінгі күнге сондай қиын-қыстау, даңқты жолдардан өтіп келіп отыр. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты ұлтжанды екендігін көрсетті. Жастар бұдан әрі кез келген ұлтқа, ұлт­тың мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдегені тарихтан белгілі. Ауданда Желтоқан оқиғасына қатысушылардың қатарында Рабиға Баекееваның есімі ерекше аталады. Рабиға Сайлаубайқызы ауданның білім саласында ұзақ жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазір Ақжарма ауылындағы «Бүлдіршін» балабақшасының меңгерушісі қызметін атқарады.

– Рабиға Сайлаубайқызы, ұлт тағдырына өшпес із қалдырған Желтоқсан оқиғасын ойға алғанда елең етпейтін жүрек жоқ. Жел­тоқсан оқиғасын еске алғанда қандай се­зімде боласыз? Тәуелсіздік ұғымы сіз үшін қаншалықты қымбат?

– Желтоқсан оқиғасы кеңестік замандағы айтулы өзгерістердің бастауы болды. Бұл шақ – қа­зақты қайта оятқан, ұлттық рухын көтерген кез. Сонымен бірге бұл – өршіл намыс пен мұқалмас жігердің, Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды жүздеген, мыңдаған жастар бейнесінде лапыл­дап жанған алауы. Бір тәубе етеріміз, солар­дың қажырлы қайраты мен жастық тегеуріні нәти­же­сінде тоталитарлық құрсаудың тоңы жібіп, Тәуел­сіздік таңы атты. Сондықтан да Тәуелсіздік – мен үшін баға жетпес бақыт, бұл күннің мәні оқиғаға қатысушы ретінде ғана емес, ұлтымыздың намысшыл патриоты ретінде өзгеше, бағасы теңдессіз. Егемендікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиіспіз.

– Желтоқсан оқиғасы орын алғанда қан­дай оқу орнында оқып жүр едіңіз? Алаң­ға шыққанда бойыңызды қандай сезім би­леді, қорқыныш болды ма?

–  Желтоқсан оқиғасы орын алғанда Алматыда­ғы  шет тілдері институтында 3-курста оқитынмын. Соңғы үшінші парда тарих сабағын оқытушымыз орталық алаңда орналасқан музейде өткізген болатын. Музейден шыққанда алаңда көптеген жас­тар жүрді. Оған мән бермей жатақханаға қайтып кеттік. Жатақханаға келгенімізде бір топ жастар жа­тақхана алдында жүр екен. Бізге олар: «Алаңға шығайық, Д.Қонаев ағамызды алып тастады» деп айтты. Біздер жатақханаға кіріп, қайта шықтық. Алаңға бардық. Алаңда ерікті түрде ереуілге шық­қан жастар саны көбейе бастады. Біздің сол кез­дегі мақсатымыз: «Қазақ жерін қазақ азаматы бас­­қаруы керек» деген ұғым еді. Алаңға шыққанда қорқынышты сезбедім. Тек бойымызда елімізге деген патриоттық сезім, санамызда қазақпыз деген ой ғана болды.

– Желтоқсан оқиғасына қатысушы ре­тін­де сіз оқу орнынан қуылдыңыз. Бұл әді­летсіз шешімге қалай тойтарыс бердіңіз? Оқуыңызды жалғастыру үшін қандай қадам­дарға бардыңыз?

– Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде сол кездегі көптеген студенттер секілді мен де оқудан қуылдым. Бұл әрине, әділетсіз шешім болды. Ауылға қайтып, 7 айдай ата-анамның жанында болдым. Келер жылы қайтадан Алматы қаласына оқуға түсуге бардым. Қанша оқу орнын араладым, мамандық алуым керек, бірақ көптеген оқу орындары «сендер халық жауысыңдар» деп есігін аша қоймады. Дегенмен ақталғанымды дәлелдеген соң Алматы мемлекеттік педагогикалық универси­тетке, педагогика-психология факультетінің бі­рінші курсына қабылдандым. Жоғарғы оқу орнын аяқтап, туған жерге оралып, қызметімді, еңбек жо­лымды бастадым.

– Ел тарихында алтын әріппен жазылған күн бүкілхалықтық мереке ретінде аталып өтіледі. Сіздің ойыңызша мерекенің реңі қан­дай болуы керек?

– Қазақстан жоғары Кеңесі 1991 жылы 16 жел­тоқ­санда Қазақстанды Тәуелсіз Республика деп жариялады. Екі жүз жылдай патшалық Ре­­сейдің отары, жетпіс жылдан астам Кеңес үкі­метінің бұғауында болған Қазақстан егенмен ел болды. Қазақстан тарихында тәуелсіз Қазақ­стан Республикасының туған күні деп алтын әріп­пен жазылды. Сондықтан да 16 желтоқсан – бүкіл­халықтық мереке. Тәуелсіздікке алғашқы қа­дам жасалған 1986 жылдың 16-17 желтоқсан күн­дері болған желтоқсан оқиғасын, онда бейбіт ереуілге шыққан, сонымен тарихта аты қалған желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды, онда қаза болғандарды еске алып отыру – перзенттік парызымыз. Жазықсыз жапа шегіп, қапылыста мерт болған өршіл өрендер рухына тағзым ету – міндетіміз. Бүгінгідей қоғамда Ел Президенті ұсын­ған «Әділетті Қазақстан» құру жолында Тәуел­сіздікке жаңаша рең беру де уақыт талабы болар. Дегенмен осы күні Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алып, рухына тағзым етуді аза­мат­тық парызымыз деп білемін. Жас ұрпақты патриоттыққа, Отаншылдыққа тәрбиелеудің жолы – өткенді ұмытпай, қастерлеу.

– Рабиға апай, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолында еңбек етіп келесіз. Ай­тыңызшы, сол кездегі жастар мен қазіргі жастар арасынан алшақтық байқайсыз ба?

– Еліміздің жастары қашанда өзінің өршіл­ді­гімен, туған еліне деген сүйіспеншілігімен, тілі­не, дініне деген айрықша қасиетімен ерекше. Сол кездегі жастар, біздің замандастарымыз, әри­не басқаша болды. Қайсар мінезі, ұлтқа деген жа­на­шырлығы мен ержүректілік жігіттің де, қыз ба­­ланың да бойынан көрінетін. Әсіресе, қыздар өте белсенді болды. Қаймықпастан, ештеңеден қо­рықпай, өздерінің талаптарын айтып, неше күн мұзда тұрса да еңселерін түсірмеді. Міне, біздің еліміздің жастары осындай болуы керек. Ұзақ жыл­дан бері ұстаздық жолда келе жатырмын. Жас­тарымыздың білімге құштарлығы қуантады. Жа­ңарған Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенемін.

– Желтоқсан оқиғасын көзіңізбен көр­ген, қатысушы ретінде Сізді қазір не мазалайды. Ашылмай жатқан қаншама шындықтың түптің түбінде ашылатынына сенесіз бе? Оқиғаға қатысушылардың кейінгі тағдыры туралы бі­ліп отырасыз ба, барлығы ақталды ма?

– Тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам – бұл әрине, Желтоқсан оқиғасы. Еліміздің басына күн туған небір зұлмат жылдар өтсе де, ұлтымыз қасиетті жерінен, ана тілінен айырылған жоқ. Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізгенде қуаныштың жасы көзімізден төгілгені рас. Міне, тарих қойнауына кетіп жатқан осынау қастерлі жылдардың қандай жолмен келгенін білуіміз, оны кейінгі ұрпаққа айтып отыруымыз керек. Жас­тайынан қыршынынан қиылған өрендердің рухына тағзым ететін күнді мәнді, мазмұнды етіп өткізуіміз керек. Арамызда өзіміз секілді аға ұр­пақтың өкілдері де бар. Барлығы да ақталды деген сенім болғанымен, ашылмай жатқан шындық бар. Жақсылыққа сенеміз. Түбі барлығы да жақсы болады. Оны біз болмасақ та, кейінгі толқын ақи­қатын айтады. Ендігі жерде егемендігімізге сызат түспей, мемлекет дамуы қарыштай берсін. Әлем алпауыттарымен тереземіз тең болып, ұрпағымызбен мың жасайық!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
16 желтоқсан 2022 ж. 239 0