Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақтың намысын оятқан оқиға

Қазақтың намысын оятқан оқиға

Биыл ел Тәуелсізідігіне бастау болған Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл. Аудан әкімдігінде аудан әкімі М.Ергешбаев Желтоқсан оқи­­ғасына қатысқан бір топ сыр­дариялықтарды қабылдады.

1986 жылдың 16 желтоқсанында респуб­ликаның орталық алаңына шығып, кеңес би­лігіне қарсылық көрсеткен қазақ жастарын еш сескендірмеген алып күш Тәуелсіздікті аңсау болғаны сөзсіз. Шын мәнінде, Желтоқ­сан көтерілісі еліміз үшін азаттық таңы жақын­дағанын сездірген оқиға болатын.

Ұлттық сананы қалыптастырып, ұлттық рух­ты күшейткен қозғалысқа, оған қатықан ер жүрек жастардың асыл арманы орындалғанына биыл 35 жыл толды.

Осынау айтулы күнмен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Желтоқсан оқиғасының куәгері бол­­ған бір топ сырдариялықтарды құттықтады.

– 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тә­уел­­сіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаң­ғырудың бастауы болды. Ол жас жігіттер ар-на­мыс пен елдік рух жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайнарының тоғысқан шағы еді. Ел мен ұлттың тәуелсіздік құқын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен қыздардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік еді. Міне, осы қанды оқиғадан кейін бес жыл өткен соң, Қазақстан тәуелсіздік туын тікті. Ерлік уақыт өткен сайын жаңғыра түседі. Біздің ор­тамызда желтоқсан оқиғасының куәгері бол­ған 10 жерлесіміз отыр. Баршаңызды айтулы күнмен құттықтап, отбасыларыңызға аман­дық, бақыт тілеймін, – деді аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы.
Қабылдауда аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы М.Келдібаев бүгінгі күннің батырларына жү­рек­жарды лебізін білдірді.
– Тарихшылардың айтуынша, ХХ ғасырда екі айтулы оқиға орын алған екен. Оның бірі 1916 жылы патша әскеріне баламызды бермейміз деп наразылық білдірген ата-бабамыздың кө­теріліп, ғасырлар бойы тұрған Романовтар империясын құлатуы болса, екіншісі, тура 80 жылдан кейін кеңес үкіметінің құлауына жол ашқан Желтоқсан көтерілісі. Үлкен ерлік жасап, егемендіктің туын желбіретуге қатысқан қазақ жастарының арасында сіздер де бол­дыңыздар. Сіздер бүгінгі бейбіт заманның, тә­уелсіздіктің нық болуына үлес қосқан батырсыздар, патриотсыздар. Егемен еліміздің іргесі берік болсын. Көк туымыз мәңгілік жебіреп тұрсын, – деді Мұса Алпысбайұлы.

Мұнан соң тарихи оқиғаның куәгерлері Ж.Шәріпов, Р.Баекеева, Н.Нақпұт естелік­тері­­мен бөлісті.
1986 жылы Алматы қаласындағы жоғар­ғы оқу орнының 4-курс студенті болған Жарқын­бек Шәріпов қазақ жастарының бойында пат­­риоттық сезімнің рухы күшті болғанын, олардың бар арманы «қазақ елін қазақ қана бас­қаруы тиіс» деген тілегі болғанын айтты. Дегенмен, сол замандағы биліктің жастарға қар­сы әрекетінің салдарынан қаншама жас оқуынан қуылып, қаншасы жалған жаладан жапа шекті. Солардың қатарында сырдария­лық ұстаз Рабиға Баекеева да бар.  Р.Баекеева алаңға шыққаны үшін оқуынан қуылып, бір жылдан соң ақталып, оқуға қайта құжат тап­сыруына тура келген. Қазір Ақжарма ауы­лындағы балабақшада меңгеруші болып қызмет атқаратын Р.Баекеева сол кезеңнің қиын сәттерін де еске алды.
Алаңда мінбеге шығып, қазақ жігітінің ерлі­гін көзімен көрген Н.Нақпұт:

– Орталық алаңға тола жиналған жастар­дың арасынан бір қазақ жігіті суырылып, мін­берге шығып билікке айтқан сөзін құлағымен естіп, көрдім. Ол «қазақ елін қазақ басқаруы тиіс, біз соны талап етеміз» деді. Ол жылдары Алматы қаласындағы барлық оқу орындарында студенттер орыс тілінде оқитын. Мей­лі сен қазақ мектебін бітірсең де сабақтың барлығы орыс тілінде жүретін. Арада бір жыл өткенде біздің оқу орнынан қазақ топтары ашыла бастады. Мұны біз жақсылыққа балап, келешегіміздің жарқын болатынына сендік, – деді Желтоқсан оқиғасының куәгері.

Желтоқсан оқиғасы қазақтың намысын оя­тып, қазақтың рухын көтерді. Қайсарлық та­нытқан жігерлі жастардың арманы орындалып, еліміз егемендігін алды. Бүгінде бейбіт аспан астында еліміз аман, жұртымыз тыныш өмір сүруде. Дегенмен, тарих өткенді ешқашан ұмытпайды.

Кездесу соңында аудан әкімі М.Ергешбаев Желтоқсан оқиғасына қатысушы азаматтарға «Алғыс хат» пен естелік сый-сияпат тапсырды.

Сырдария аудандық  ішкі саясат бөлімі
04 желтоқсан 2021 ж. 344 0