Қоғамдағы медицина қызметкерінің мәртебесі: жетістіктер мен мәселелер
Адам өмірінде екі нәрсені бағалау керек. Ол – Алланың берген өмірі мен денсаулығы. Бақытты ғұмыр кешу денсаулыққа байланысты. Сондықтан «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деп халық бекер айтпаған.
Мамандықтың асылы дәрігер болуды бала кезімнен армандап, үлкен анамның қамқорлығымен медицина саласын таңдап, оқуымды ойдағыдай аяқтағаныма да 20 жылға жуық уақыт болды. Киелі Сырдарияның С.Сейфуллин ауылында дүниеге келіп, сондағы мектепте оқып, ұстаздарымнан тәлім-тәрбие алдым. Үйдің үлкеніне қай кезде де үлкен сенім артылады. "Бір әулетке бір дәрігер керек" деген қағидамен сабағымды жақсы оқып, өзімді болашақ дәрігер ретінде елестететінмін. Асқақ арманым орындалып, Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсіп, 2003 жылы педиатрия мамандығымен диплом алдым. Интернатурадан өткен соң, туған елге оралдым. Алдымен аймақтық балалар дәрігері болып еңбек жолымды бастасам, кейін жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде Шымкент қаласында 4 ай бойы біліктілігімді арттырдым.
Денсаулық сақшысы ретінде абыройлы жұмыс істеп, талай адамның дертіне дауа болатын емдеу ісімен айналыстым. Бұл өз-өзіме талап қойып, үлкен жүректілік, шыдамдылық, білім мен біліктілік, жауапкершілік, ұқыптылық, адалдық, мейірімділік секілді қасиеттерді жоғары қоюдың арқасында жеткен жетістігім. Бұл антына адал жан, әрі медицина қызметкерінің мәртебесін арттыратын шынайы сүйіспеншілігімнен туындаған асыл қасиет деп бағалаймын.
Ақ халатты абзал жан ретінде қоғамдағы өзекті мәселенің бірі де бірегейі ана мен бала денсаулығы. Бұлай айтуға негіз бар. Себебі дені сау анадан ғана дені сау бала дүниеге келеді. Ал бүгінгі кезде дені сау ананы кездестіру қиын. Екінің бірі белгілі дертке шалдықса, туа бітті аурумен туылатын сәбидің келешегі бұлынғыр болатыны рас.
Дені сау бала – жарқын болашаққа бастаушы, ертеңгі ұрпақты жалғастыратын тұлға. Сондықтан ана құрсағындағы баланы қамқорлыққа алу, екі адамның да денсаулығына аса ден қою адамзат үшін маңызды. Бұл жайында ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің кезекті халыққа арнаған Жолдауында да айтып өтті. Соңғы жылдары Үкіметке жүктелген бірқатар міндеттердің арқасында медицина саласы дамып, жаңа технологияларға қол жеткізілді. Қазір шалғайдағы ауданның дәрігерлері Астана, Алматы секілді қалалардағы білікті дәрігерлермен телемедицина арқылы кеңес алып, науқас жандарға дұрыс диагноз қоюға, әрі қарай ем алуына жағдай жасалғаны үлкен жетістік.
Бұрын соңды қол жетпеген қажетті заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталған ауруханада науқас адамның толық сауығып кетуіне жағдай жасалған. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, барлық қажетті қан сараптамасын дер кезінде алып, аз уақытта талдауға қол жеткізу – медицинаның тағы бір үлкен жетістігі.
Сонымен қатар аудандық емхананың бас педиатр дәрігері ретінде күнделікті қабылдауға келетін аналарға үнемі саламатты өмір сүру қағидасы – дені сау ұрпақ әкелудің кепілі деп айтудан жалыққан емеспін. Күнделікті өмір сүру дағдысы мен дұрыс тамақтану дені сау ұрпақ әкелудің сыры.
«Ас тұрған жерде ауру тұрмайды», «Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Бұл негізсіз сөз емес. Себебі, адамның ішкен асы оның өмірінен, сырт келбетінен, денсаулығынан көрініс беріп тұрады. «Мына бала тамақ ішпейді» деп баласына шүйліккен, дәрігерге шағым айтатын ата-ананы жиі байқауға болады. Анықтап сұрасаң, кішкентай баланың сүйікті асы – қытырлақ картоп, кепкен нан, тәтті сусын болып кеткен. Ал ұзақ сақталатын әрі сырттан алынған ондай тағамдардың адам денсаулығына зиянын көзі ашық кез келген адам біледі деген ойдамын. Мұндай өнімдер бала тұрмақ, үлкен адамға да зиян тигізе алады. Ал енді ғана қалыптасып келе жатқан, күн сайын өсіп-жетілетін жас ағзаға қалай кері әсерін тигізетінін бағамдай беріңіз. Бұл медицинадағы қазіргі өзекті проблемалардың бірі. Онымен күресті ата-анамен бірлесіп жүргізуіміз қажет.
Сонымен қатар үлкен мәселенің бірі – жас балалардың арасында тіл мүкістігінің көп кездесуі. Баланың тілі дер кезінде шықпау салдарынан логопед мамандарға жүгінетіндер де көп. Түптеп қарасақ, негізгі себеп – ішкен тағамның зияндығынан. Үлкен мәселенің шешімін ұлттық құндылық саналатын ұлттық тағамдардан іздеуге болады. Қарапайым мысал – қолдан жасалған құрт. Құрт жейтін баланың ауыз-қуысында жара да болмайды. Әрі тілі қозғалыста болып, тілінің тез шығып әрі анық сөйлеуіне ықпал етеді. Әжелеріміз күбі пісіп, май алғанда балалардың алақанына май салып беретін болған. Бұл баланың асқазан, ішек жолдары майланып, өз кезегінде ауру-сырқаудың алдын алады екен.
Статистикалық есепке тоқталар болсақ, ауданда 17 жасқа дейінгі балалар саны 13046-ны құрайды. Оның 646-сы – бір жасқа дейінгі сәбилер. 236 мүгедек бала. Биыл 31 бала мүгедектік санатына қосылып отыр. Олардың ішінде басым көпшілігі жүйке жүйесі, көз, тіл дамуының кешігуі ауруларымен ауратындар. Жалпы айтқанда балалар арасындағы аурушаңдық алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама көбейген. Статистикалық дерек құрсақ, балалардың көбі асқазан-ішек жолдарының ауруымен шағымданады. Одан кейін жүйке жүйесі, көз аурулары, есту жүйесі мен эндокриндік жүйе аурулары жиі кездеседі.
Педиатр ретінде балалар арасында асқазан-ішек ауруының өт жолының дискенезиясы, гастрит, эндокриндік аурулар арасында семіздік жиі кездесетіні алаңдатады. Оның басты себебі – балалардың дұрыс тамақтанбауы, жылдам әзірленетін өнімдерді, газды, энергетикалық сусындарды көп ішіп-жеуден, дене қозғалысының аздығынан деп айтуға болады. Көз ауруларының ішінде алыстан көрмеу алдыңғы орында, оның бірден-бір себебі – жақын жерден ұялы телефонды көп пайдалану, компьютерде ұзақ отыру. Осыған орай осы жылы мектептерде жастар орталығы мен саламатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің мамандары осы ауруларға әкелетін себептерді азайту мақсатында оқушылар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы семинар-тренингтер ұйымдастырдық.
«Денсаулық – зор байлық» деген мақал текке айтылмаса керек. Осы тұста, дене тәрбиесіне мән беру де маңызды екені даусыз. Дене – жанның құралы. «Сау денеде салауатты рух болады» деген де бар. Баланың есейгенде жасайтын әрекетінің көп мөлшері оның кішкентай кезден алған дағдысына тікелей байланысты болады. Осыған орай, ата-аналарға баласын кішкентай күнінен физикалық белсенділікке, жаттығу жасап, деннің саулығын күтуге үйрету маңызды. Ол қалыптасқан әдет ретінде баланың есейген кезінде де оң ықпалын береді. Жастайынан спортқа жақын болған бала ағзасы қалыпты дамыған әрі шымыр болып өседі.
Дәрігерлік қызметте маммолог ретінде бірнеше жыл жұмыс істедім. Қазір әлем елдерін әйелдердің сүт безі қатерлі ісігі алаңдатаны айтылып жүр. Оның себебін дәрігерлер ең алдымен жас босанған әйелдердің баланы ұзақ емізбеу салдарынан екенін айтып дабыл қағады. Сондай-ақ тұрмысқа кеш шығу немесе мүлдем шықпайтын қыздарда, зиянды әдеттерге әуес болу, күйзеліске түсу секілді себеп-салдары да бар. Қазір қауіпті ауру жас талғамайтын жағдайға жеткен. Мәселен, ауданның өзінде есепке алынған ең жасы кіші келіншек 40 жасқа да жетпеген. Ал ең жасы ұлғайғаны – 70-ке келген кейуана.
Жауапты да қиын мамандық иесі атанып дертіне шипа іздегендерге дертін жеңілдетуге күш салып, ем-шараның арқасында халықтың батасын алып, жетістіктерге жеттім. Бұл өз кезегінде облыстық, аудандық денсаулық сақтау саласы басшылығы тарапынан да бағаланды. Биылғы жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталып, сіңірген еңбекке құрмет көрсетілді. Әрине, дәрігерге құрмет көрсету оның еңбегінің нәтижесі. Яғни, қандай жағдайда болмасын, Гиппократ антына адал болу қызметтік, әрі адамдық парызым.
Медицина саласының үздігі атану – үлкен абырой. Сондықтан алдағы уақытта да тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, жас ұрпақтың болашағы үшін қызмет етуге бар күш-жігерімді аямайтын боламын.
Ақкүл ҚҰЛЕКЕ,
аудандық емхананың бас педиаторы
аудандық емхананың бас педиаторы