Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруасы ширақ шалғайдағы ауыл

Шаруасы ширақ шалғайдағы ауыл

Іңкәрдария совхозы 1964 жылдың мамыр айында ҚССР министрлер қау-лысының негізінде қой шаруашылығын дамыту мақсатында құрылды. Оның орталығы «Қызылдиханнан» 70 шақырымның үстінде, ал мал жайылымдары одан әрі ондаған шақырымға созылады. Бұл жер «Мүлкілән әулие» мазарымен белгілі, оның маңында «Мыңшоқы», «Аңыламас», «Ескіабай», «Құланбай» тағы басқа шағын-шағын ауылдар болатын. Сол ауылдардың басы біріктіріліп Іңкәрдария совхозы жасақталды.

Ол кезде облыс түгілі аудан орталығымен байланыс жоқ, тек «АН-2» ұшағы қатынайтын. Іңкәрдарияның іргесін алғашқы совхоз директоры Тұрғанбай Әбдіразақов, прораб Әбдімәжін Өтепов, бас есепші Әбіш Әбдіхалықов, бас инженер әрі партком хатшысы Ақтас Балғазиевтер қалады. Баспана болмағандықтан адамдар жеркепеде тұрды, малшылар жетіспеді.

Іңкәрдария совхозы 1964 жылы шаңырақ көтергенмен тек 1966 жылы малшылар келе бастады. Өйткені, бұл аралықта малшы үйлері мен қоралары әлі толық салынып біткен жоқ еді. Алдымен, енші берген «Қызылдихан» колхозының 5-6 шопаны Іңкәрға көшіп келді, қалған 16 отар бұрынғы орнында қалып, 1969 жылы күзде көшті.

Енді қызылдихандық малшылардың Іңкәрдарияға қалай көшкенін айтайық. Жасыратыны жоқ, сол кезде «Қызылдихан» колхозының шопандары Іңкәрға көшіп келгісі келген жоқ. Кім өзінің туған жерін тастап, бұрын көрмеген жерге көшіп барғысы келеді дейсің? Оның үстіне әркім әртүрлі сөз айтып, малшылардың мазасы кетті.

«Ойбай, «Қызылқұм» деген жаман жер дейді ғой, құмы суылдап, отырған адамды көміп тастайды екен» десе, екінші бірі «Ол ештеңе емес, күннің ыстығы соншалық самаурынға су құйсаң болды өзі қайнайды екен. Малдың тұяғы күннің ыстығынан майысып жүре алмай қалады екен» деп айтушылар сан-саққа жүгіртті. Мұны естіген малшылар «Қой, «Қызылқұмы» құрысын, өзіміздің Қарақұмға шығамыз, болмаса малын өкіметке өткізіп, ауылымызда қаламыз» десті.

Күзде күйек алып болған соң совхоз басшылары малшыларды көшірудің қамына кірісті. Шопандардың басын қосып, жиналыс жасап, енді бұл жақта қалудың маңызы жоқ екендігін айтты. Шопандар Іңкәрға көшуден бас тартты. Ол күні мәмілеге келе алмаған басшылар (директор Исаев Қожабай, партком хатшысы Жақанов Шайлан, бас зоотехник Жомарт Ақпанбетов, ферма меңгерушісі Ишанхан Нұртазаев) келесі күні аудандық милиция бөлімінің бастығын әкелді. Бірақ оған да шопандар ыға қойған жоқ. «Көшпесеңдер, бәріңді қазір қамаймын» деп айтқан бастыққа шопандар дүрсе қоя берді. Ұлы Отан соғысының ардагері Әбсадық ағамыз «Қамамақ түгіл, қазір осы жерде атып тастасаң да Іңкәрға көшпеймін, мен үшін қатын екіқабат болар» деп айқай салды. Не істерін білмей сасқан басшылар тығырыққа тірелді. Директор жолдастарына қарап: «Енді не істейміз? Аудандық партия комитеті болса (бірінші хатшы Қонысбек Қазантаев болатын) тездетіп көшіңдер» деп жатыр, шопандардың қозғалатын ыңғайы жоқ. Қандай ақыл-кеңес бересіздер?» – деді. Аз-кем үнсіздіктен соң көпті көріп көнектің түбін тескен Шайлан сөз бастады. «Маған бір ой келіп отыр. Біз бүгін жүріп түк бітіре алмаймыз. Уақыт болса зулап өтіп жатыр. Ертең Оспан атаға барып, жағдайды айтайық. Нендей ақыл-кеңес берер екен» деді. «Бұл табылған ақыл екен» деп жолдастары қуана келісті.

Ертеңіне бозала таңнан тұрып Оспан Мәлібаевтың үйіне келеді. Бұларды көріп қатты қуанып қалған ақсақал жапа тармағай амандасып жатқан жігіттерге «Жоғары шығыңдар, төрлетіңдер. Не шаруамен келдіңіздер, менің шәкірттерім?» деп басшыларға сүйсіне қарады. Олар келген бұйымтайын айтады. Басын сәл иіп ойға шомған ақсақал мол денесін ырғай қозғап: «Е, бұларың жөн екен. Жақсының аты арып, тоны тозбайды» деген бұрынғылар. Абылай хан Бұқар жырауды жанынан бір елі тастамай қайда барса да ертіп жүретін болған. Оның себебі мына сіздер құсап бір шешімге келе алмай дауласып жүргенде «Мың қосшыға, бір басшы!» деп төрелігін Бұқар жырауға береді екен. Жарықтық ол кісі бетің бар, жүзің бар демей, не де болса қара қылды қақ жарып әділін айтқан ғой. Сөйтіп, небір қысылшаң кезде Абылай хан оңай жол тауып отырған. Іштей «Осылар түге менің айтқандарымды тыңдап отыр ма» деп сынай қараған қария сөзін жалғап: «Қалдерің ауыр екенін көріп отырмын, шопандар сендердің қорқытып, үркіткендеріңе көнбейді. Алдарың қыс, қапелімде ауыстыра қоятын малшы жоқ. Бұл түйінді бір шешсе Палмен шайыр шешеді. Ол үшін сіздер былай етіңіздер. Барлық шопандарды жиып, бір мал шалып, Палекеңнің үйіне мәжіліс жасаңдар және де осы ауылдың ақсақал, қарасақалдарының басын қосып, батасын алыңдар», – деді.

Бірнеше күннен бері дал болып жүрген басшылар ағаларының кеңесіне риза болып, ісінің оңға басып келе жатқанына қуанды. Шақыру бойынша шопандар кешқұрым аға шопан Кенжәлінің үйіне бас қосты. «Тауықбаз» деп аталатын бұл жердегі шағын екі бөлмелі қақыраға шопандар әзер сиып отырды. Шай ішіліп, ет желініп болған соң ақсақалдар жайлана бастады. Басшылар үнсіз. «Ә» деп аузын ашса, шопандар тағы да шу шығарғалы отыр. Осыны сезген Шайлан: «Көке, әңгіме айтыңыз» деді Палман қарияға жайдарлана қарап. Бағана осы үйге ертелетіп келген басшылар мән-жайды айтып: «Ақсақал, қалай болған күнде де шопандарды Іңкәрға көшіруіміз керек. Ендігі үмітіміз сізде. Осы жағын ойланыңыз» депбаса айтқан болатын. Жиналған жұрт «Не айтар екен» деп қарияға қарап қалыпты.

Палман шайыр «Тыңдаушыда мін болмайды, айтушыдан болады» деген, күндіз мал бақсаңдар, енді түнде менің аузымды бағып отырсыңдар ғой» деп жағалай отырған көпшілікке көз тастады да сәл тыныс алып, қайта сөзін жалғады.

«Баяғыда бір бай болыпты. Байдың төрт баласы төрт түліктің иесі екен. Бір күні бай түс көреді. Түсінде ақ сақалды, ақ киімді, қолында асатаяғы бар қария «Ертең сәске түсе келемін, балаларыңмен ақылдас, төрт түлігіңнің үшін аламын, қалған бір түлігіңді алып қалыңдар» деп аян береді. Бай ертеңгілік асты ішіп болған соң төрт баласын жиып, түсін баяндайды. Сонда үлкен баласы тұрып: «Әке, мен түйемді бермеймін» дейді. Екінші баласы да орнынан тұрып «Мен жылқымды бермеймін» деп бажылдай бастайды. Осы кезде байдың үшінші баласы «Өй, атасына нәлет, мен де сиырымды бермеймін» деп ол да өрекпейді. Не істерін білмей сасқан бай манадан бері үндемей отырған кенже баласына қарап: «Кенже балаң ақылды бала деуші еді даналар, сен не дейсің?» дейді. Осы кезде босаға жақта отырған байдың кенже келіні орнынан тұрып: «Ата, кешіріңіз, рұқсат болса мен айтайын» дейді. «Айт, шырағым!» деп атасы тыңдауға ыңғай білдіреді. «Ата, сіздің айтуыңыз бойынша ол кісі бүгін сәске түсте келеді ғой. Сол кезде сіз ол қарияға:

«Балаларыммен ақылдастым, төрт түліктің бәрін де алыңыз, бізге ауызбірлік пен батаңызды берсеңіз болды деп айтыңыз» дейді. Не істерін білмей, пұшайман болып отырған бай кенже келініне риза болып тысқа шығады. Уәде бойынша сәске түсте кешегі қария келіп «Ал, Баеке, балаларыңмен ақыл-дастың ба, қай түлегіңді алып қалатын болдың?» депті. Бай: «Ақсақал төрт түліктің бәрін алыңыз, бізге ауызбірлік пен ақ батаңызды беріңіз» дейді. Сонда асатаяғын жоғары көтерген қария: «Тұқымың жайылсын, төрт түлікті де, он сегіз мың ғаламның байлығын да бердім» депті. Бай «Әмин» деп қолын жайған екен.

Әңгімесін аяқтап болып, Палман қария тоқтады. Үй-іші тым-тырыс. «Көке, әлгі қария кім болды екен, ә?» деп Жомарт сөзге араласты. «Е, ол ел аралап жүрген Қызыр ғой, балам». Бұдан әрі не болар екен деп тағат таппай отырған басшылар айта беріңіз дегендей, үлкен кісіге қарады. «Осы отырған шопандардың көбісі өзімнің баламмен қатарлас боласыңдар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген, «Іңкәрға көшпейміз, «Қызылқұмға» бармаймыз» дейсіңдер. Менің өзім де сол Қызылдың қиясында өстім. Ол жақты «Ұлы Қызыл» деуші еді бұрынғылар. Балалық, жастық шағым «Боқанның тауы», «Боз кемер», «Ақ аяз», «Көк аяз» деген жерлерде өтті. Ол жерлер қазір өзбек ағайын мен қарақалпақтарға қарайтын болыпты. Ал қазір сендердің қоныстанайын деп отырған жерлерің осы ауылға әрі кетсе бір күндік жер. «Қарақұмға» да бір жұмадан астам көшіп-қонып жүрсіңдер ғой. Сендер Іңкәрға көшпейді екен деп үкімет малын далаға тастамайды. Малшы да табылар, басқа да бола жатар. Әйткенмен, кім қайда жүрсе де қоғамнан тыс қала алмайды. «Ашу араз, ақыл дос, ақылыңа ақыл қос» деген халық даналығы. Ашуды ақылға жеңдіріңдер, қарақтарым. Әлгінде айтқан бай секілді сендерге де ауызбірлік берсін. Мына отырған Қонысбектің (Бұл мәжіліске Қазантаевтың өзі де келген екен) әкесі Төрештің көзін көргенмін, жас кезімде бірге жүріп, талай көкпар тартып едік. Басшы деп бұл кісілерді тыңдамасаңдар, ақсақал деп мына отырған қарияларды сыйламасаңдар онда не дауа. Бас изеп, мақұл десеңдер ақ пейіліммен, ақ батамды беремін, балаларым!» деп сөзін аяқтайды. Ойларына әлдене түсіп кетті ме Боқыш, Сейдел, Әбдікәрім, Әбіш ақсақалдар кемсеңдеп отыр екен. Осы кезде Қонысбек:

– Ақсақал, қолыңызды беріңіз, – деп орнынан атып тұрып, жағалай отырған ақсақалдар мен басшылардың қолын алып шықты. Сөйтіп, шопандар «Қы-зылқұмға» көшкен.

Алғашқыда совхозда 200-дей сиыр болды, оны Елубай Әйтпенов, Балдық Әйтпенов, Тұрсынбай Шаукенбаев, Зерет Шаукенбаевтар бақты. Бас зоотехник Жомарт Ақпанбетов, ферма меңгерушісі Мырзағұл Тәжімұратов, мал дәрігерлері Бекет Шахаев, Рысбек Рахметов, Қайыпбай Таюпов, Ишанхан Нұртазаевтар болды.

Алғашқы жылдары 30-35 гектар жерге көкөніс пен бақша егу жұмыстары қолға алынды. Онда Жұмабек Дабысов, Қалжан Дабысова, Әлмеш Әбдіхалықов, Бибігүл Жолжанова, Ақберген Жәкенов, гидротехник Әбушахман Төкенов, Әбдіғани Жолжанов, агроном Жиенбай Махмутов, Бисен Есмағанбетов, Қалжан Боранбаев еңбек етті. Егіс бригадасына Жалғас Күншығаров басшылық жасады.

1967-1982 жылдары шаруашылықты Қожабай Исаев басқарды. Бірнеше тұрғын үйлер салынып, шаруашылық жас мамандармен толықты. Басқару аппаратының құрамында бас зоотехник Әлтай Сыздықов, бас есепші Бақытбек Ділдабаев, бас инженер Райбек Ахметов, мал дәрігері Бекет Шахаев, бас экономист Пайызрахман Шаханов, экономист Қонақбай Әбілқанов, Әбді Омаров, Бақыт Сейтжанов, кадр бөлімінің басшысы Кенжегүл Жақсылықова, бастауыш партия ұйымының хатшысы Шайлан Жақанов, кәсіподақтар комитетінің хатшысы Үсен Төкенов, кассир Мырзағұл Тәжімұратов, агроном Жиенбай Махмутов, клуб меңгерушісі Дүйсенкүл Батталова болды. Шаруашылықтағы мал басының саны 30 мыңға жеткізіліп, өнім өндіру көлемі (жүн, қаракөл елтірісі) жоғары көрсеткіштерге жетті.

Осы жылдары ел іргесінің кеңеюіне ерекше назар аударылып, жан-жақтағы ағайындарды елге тарту шаралары іске асты. Ауыл тұрғыны, есепші Манасбай Ембергеновтің ұйымдастыруымен 1967 жылы Түркіменстаннан Шаха, Тоқмырза Досанов, Ниетбай Құдайбергенов, Достан, Төлеген деген ақсақалдар бастаған 21 отбасы көшіп келсе, жас маман Қуантқан Жанаевтың ұйымдастыруымен Арал ауданының Қаратерең, Қарашалан, Бөген ауылдарынан Сырлыбаев Әбжаппар, Құлмырзаев Балгер, Нұрмағамбетов Қуанышбай, Мұсаев Ақпан, Дербісәлиев Әбілда, Маңатауов Мейірхан, Құндызбаев Мерхан, Тұрғазиев Сағитжан, Тұрғазиев Сейтжан, Бекмамбетов Шәмші, Анарбаев Сәдуақас, Ізбасқанов Баубек, Тәуекелов Кемелбек, Жүгінісов Алпысбай, Құрмантаев Жолдас, Төлеуов Нәжмадин, Айтмағанбетов Толыбай бастаған 30 шақты жанұя көшіп келіп, шаруашылықтың жұмысына белсене араласа бастады. Олар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін берді. Бұл ағайындардың көшіп келуі елге құт болды. Халық саны артып, жұмыс қолы толықтырылды. Тұрғындардың әр жерден құралғанына қарамай, елдің береке-бірлігі мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жарасымды ынтымағын қамтамасыз етуге ауыл ақсақалдары мен ел ағалары ерекше белсенділік та-нытты. Соның арқасында Іңкәрдария аудандағы бірлігі жарасқан, берекелі ел қатарынан орын алды. Алғашқы кезеңде мал басының көбеюіне байланысты, оны орналастыруда көптеген қиындықтар болды. Оны шешу үшін көрші Ақжарма, Шаған елді мекендерінен мал жайылымы мен қыстауға арналған жер сұрауға тура келді. Бұл шаруаға Ақжарма ауылының беделді азаматы Нұр-сейітов Болат, Шаған ауылының басшысы Құндызбаев Шамахан қажетті кө-мектерін көрсете білді.

Осы кезеңде совхоз директоры болған Исаев Қожабай кейіннен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының, табиғатты қорғау мекемесінің бастығы қызметтерін атқарып, зейнетке шықты. 2012 жылы 80-нен асқан шағында дү-ниеден өтті.

1982 жылы совхоз директорлығына ауыл шаруашылығының озық қыз-меткері, ғалым-зоотехник Ысқақов Құрман тағайындалды. Ол ауылды 1993 жылға дейін басқарып, елге көп еңбек сіңірді. Ол кезеңде мал шаруашылығын дамытуға барлық жағдайлар жасалды. Аудан мен ауыл аралығына қатынайтын тас жол салынып, ауылға автобус қатынады. «Қарақасқа» участогынан 5 мың бас мал бордақылайтын орталық пен мал азығын дайындайтын зауыт салынды. Ауыл орталығына ауыз су құбыры жүргізіліп, 624 орындық 2 қабатты жаңа мектеп, шаруашылықтың күшімен 6 жасар балаларды оқытуға арналған 4 бөлмелі үй құрылысы бой көтерді. Мал шаруашылығымен қатар мал азығындық дақылдар егу көлемін арттыру бағытындағы біршама шаралар іске асырылды. Жүгеріден сүрлем бастырылды. Мал өнімдерін өткізу жұмыстары қолға алынды (қаракөл, жүн, ет). Мал шаруашылығын дамытуға Қордабаева Баһар, Байманов Нұрылда, Құланшиев Басқынбай, Күшікбаев Шәкім, Жөнеров Әлиакбар, Ермаханов Тілепберген, Нәкібаев Мәуия Айтмұратов Өмірғали, Сырлыбаев Әбжаппар, Науанбаев Бодық, Тілеубергенов Төлеубай, Палманов Үмбетәлі, Досанов Тоқмырза, Досанов Қазбек бастаған малшы қауым айырықша үлес қосты. Олар облыс бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, аудан мерейін үстем етті. Бірнеше рет Социалистік жарыстың жеңімпаздары атанды. Соның нәтижесінде, Қордабаева Баһар облыстық Советтің депутаты болса, Байманов Нұрылда «Октябрь Революциясы», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталып, оның есімі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының және Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1988 жылғы 23 ақпандағы зор жетістіктері үшін Қазақ ССР-ның Құрмет Алтын кітабына жазылды.

Сонымен қатар, осы салада еңбек еткен мал шаруашылығы мамандары Ақпанбетов Жомарт, Сыздықов Әлтай, Жанаев Қуантқан, Шахаев Бекет, Қалбабаев Құралбай, Төлешов Ақберген, Тәуекелов Кемалбек, Тұрғазиев Сағитжан, Мәді, Қонақбаев Уәли, Балымбетов Базаркүл малшы қауымының тіршілігінің тұтқасы бола білді. Мал азығындық дақылдар қорын дайындауда сала мамандары Күншағыров Жалғас, Есдәулетов Шәкібек, Төкенов Бекен, Құрмантаев Жолдас, Ермаханова Айман, Тұрғанбаев Мұхтар, Жүгінісов Алпысбай, Құлмырзаев Балгер т.б кісілер елеулі үлес қосты.

Құрылыс саласында Жұмабаев Салман, Құдайбергенов Файзулла, Дабысов Қуаныш, Нысанбаев Нұрлан, Сырлыбаев Әбжаппар, Манатауов Мейірхан, Орынбаев Әлібек, Қараманова Құлтай, Әбдікеров Ережеп, Сариев Әбді-ғаппар, Шәйкебаева Күлән, Ізбасқанов Нәкібай, Дүйманов Мұрат, Төлегенов Мергенбай, Құндызбаев Мейірхан, Төлегенов Қорғанбай, Жұмабаева Қадиша жемісті еңбек етіп, ауылды көркейтуге сүбелі үлес қосты.

Механизация саласында күн мен түнді еселей тынымсыз еңбек еткен Ахметов Райбек, Исабаев Егізбай, Бегенов Серік, Қыстаубаев Ахан, Тұрғазиев Сейтқазы, Төкенов Өміртай, Сейдахметов Нұраш, Қараманов Есенжол, Түбекбаев Бегайдар, Жайлауов Тыныштық, Айтмұратов Өрлеш, Әйтпенов Шорабай, Есқалиев Мұқан, Шәукенбев Қасым, Қолғанатов Баймырза, Келдібаев Сұлтанбек, Ермаханов Орынбек, Байманов Байұзақ, Қасымов Жеңісбек, Скендіров Алдаберген, Төлеуов Нағмадин, Өтепов Әбдімәжін, Төкенов Піртай секілді мамандардың еңбектерін ел әлі ұмытқан жоқ.

Малшы ауылдың сол уақыттағы саяси өміріне Балғазиев Ақтас, Жақанов Шайлан, Маханбетжанов Шахмардан, Ысқақов Демесін, Нұрымов Сәтбай, Жанаев Қуантқан, Мырхиев Бағдат секілді кісілер басшылық жасап, ауыл еңбеккерлерін ауыр еңбекке жұмылдыра білді.

Ұзақ жыл жұмысшылар комитетінің жетекшісі болған Төкенов Үсен, Ибрагимов Сәт жұмысшы қауымның мұң-мұқтажының жоқтаушысы болса, комсомол комитетінің жетекшілері Танабаева Райхан, Байдәулетов Ұмытпас, Төкенов Піртай, Байманов Бодаш ауыл жастарын игі бастамаларға бастай білді. Сол жылдары Қазақстанда қой басын 50 млн-ға жеткізу керек деген меже қойылды. Осыған орай, 1974 жылы шұбартаулық мектеп бітіруші тү-лектер комсомол-жастар бригадасын құрып, қой бағуға бүкіл республика жастарына Үндеу тастады. Оған ауыл жастары да белсенді үн қосып, бастаманы қолдай кетті. Мектеп бітіруші түлектерден «Армандастар» және «Сұңқар» атты малшы-шопан комсомол жастар бригадасы жасақталды. Оның ең алғашқы жетекшісі, мал шаруашылығы маманы Бексейітов Бисен болса, құрамына Измамбетова Салтанат, Төкенов Темірбай, Құдайбергенов Өсербек, Төкенова Айнагүл, Әбілов Бақыт секілді ауыл жастары тартылды.

Іңкәрдария ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуында ауылдық кеңестер мен ауыл әкімдері жетекші рөл атқарды.

1971-1987 жылдары Халық депутаттары ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Сейдахметов Қасым;

1987-1993 жылдары Сейтенов Абылай;

1993-1996 жылдары Искаков Құрман;

1996-2007 жылдары Шаукенбаев Қасым басшылық етсе, бүгінде Есдәулетов Сәулет, Нұртазаев Қазына, Базаркүл, Шахаев Әлжан ел дамуына өз үлестерін қосып келеді.

1993-1995 жылдары ауыл шаруашылығын жекешелендіру бағдарламасына сәйкес Іңкәрдария қаракөл қой совхозы, Іңкәрдария өндірістік кооперативі болып қайта құрылды. Оған басшы болып Шаған ауылының азаматы, ауылшаруашылығының маманы Асарбек Тәуекелов тағайындалды. Жаңа басшы мал шаруашылығымен қатар егінге бетбұрыс жасап, 100 гектар жерге бидай екті. Кейіннен аудандағы Шаған совхозына ауысқан кезде 1995-2000 жылдары Байманов Әбдіразақ төрағалық етсе, 2000-2004 жылдары шаруашылық басшылығына Ақжарма ауылының азаматы Асылбеков Жарқынбек тағайындалды. Ол егіс көлемін арттыру мақсатында 1960-1964 жылдардан бері су жүрмеген «Аңламас» каналының арнасын тазалап, күріш көлемін 300 гектарға, бақша егісінің көлемін 150 гектарға ұлғайтты.

Одан кейінгі жылдары ауылдың тыныс-тіршілігі инвесторлардың көмегіне тәуелді болды. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары тек өз күшіне сеніп, тірлік етуде. Әрқайсысы өз жеке кәсібімен айналысуда.

Уақыттың, заманның өз дегені болады. Бүгінде тәуелсіздік алып егеменді ел болдық. Әрине, кешегі тоқырау заманы халыққа оңай тиген жоқ. Нарықтың алқымнан алған қыспағына да халқымыз көнді. Атан түйе көтере алмайтын зіл батпан қиыншылық болса да ауыл тарап кеткен жоқ. Бүгінде елді мекен өсіп-өркендеп келеді. Жақында ғана ауылға асфальт төселіп, көпшілік бір желпініп қалса, ауыз су әр үйге кіріп тұр. Электр желілері жаңарған, күрделі жөндеуден өткен. Бұл ауыл халқының тұрмысына оң ықпал етуде. Соңғы үлгідегі мектеп ғимараты бар. Онда шәкірттердің білім алуына мол мүмкіндік жасалған. Мектепте білімді де білікті мамандар қызмет етеді. Сонымен қатар, бес орындық емхана қызметкерлеріауылдағы адамдардың денсаулығын жиі бақылап отырады. Клуб мәдениет орталығы жастардың ойын-сауық құруына қызмет етіп келеді. Ауыл орталығындағы кітапхана жыл сайын кітап қорымен толығып, білім алуға мол мүмкіндік қарастырылған.

Іңкәрға келген меймандардың көбісі: «Мынау неткен тал-терек, бұл енді керемет қой!» деп көше бойлай өскен зәулім жасыл-желекке таңдана да, тамсана қарайды. «Бектен белгі, ерден үлгі қалды» демекші, ауылдың осындай жасыл желекке оранып тұруына жиырма жылға жуық ауылдық кеңестің төрағасы болған Қасым Сейдахметұлының еңбегі зор.

Іңкәрдария совхозының «Партияның ХХІ съезі» атындағы шаруашылықтан енші алғаны өз алдына, ауданда басшы қызметте жүргенде елді мекенге Алданберген Құлбаевтың көп көмегі тиді.

«1992 жылғы 21 ақпанда мен аудан әкімі болып тағайындалдым», – деп еске алады Алмагүл Божанова, – Ата-ана да бірнеше баласы болса, соның ішіндегі әлсізіне көп көңіл бөледі ғой, сол сияқты әкім болып жұмысты бастағаннан кейін мал шаурашылығымен айналысатын Қараөзек пен Іңкәрдария ауылдарына арнайы жоспар жасап, қалай да дағдарыстан, тарап кетуден аман алып қалудың жолын қарастырдық. Бірінші жолы – малды сақтап қалуды ұйғардық, әзірге күнкөріс көзі осы ғана болды. Екінші жолы – егіншілікті дамыту, тұрғындарды жеке кәсіпке бейімдеп, шаруа қожалықтарын ашу болатын. Осы жоспарды іске асыруға сол кездегі менің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарым, ауыл шаруашылығының білікті маманы Алданберген Құлбаев үлкен күш салды. Бірнеше каналдар қазылып, тоспалар жасалып, егінге бетбұрыс жасалды, көкөніс, бақша, мал азығындық дақылдар, күріш егілді. Бұл шаруашылыққа күріш егу өте қиынға түсті, дегенмен тұрғындарды өз өнімімен қамтамасыз етуге бетбұрыс жасалды. Ауыл шаруашылығын жекешелендіру бағдарламасына сәйкес кеңшар Іңкәрдария өндірістік кооперативі болып қайта құрылды. 1993 жылы өндірістік кооперативтің төрағасы болып, көптен бері ауданның кадрлық резервінде жүрген ауыл шаруашы-лығының маманы Асарбек Тәуекелов тағайындалды. Ол мал шаруашылығымен қатар егіншілікке бетбұрыс жасап, көкөніс, жоңышқа, бидай дақылдарын екті.

Менің есімде қатты жатталып қалған кезең – 1993-1994 жылдың қысы еді. Бұл жұт жылы болды десек артық айтқандық болмас. Қазан айының аяғында жауған қалың қар, қыстай толастамай, сәуір айына дейін ақ қар, көк мұз болды. Төрт түлік мал сыртқа шыға алмай қалды, оның ішінде қой малының халі өте мүшкіл болды. Ауданда Қараөзек, Іңкәрдария мал шаруашылығы бағытындағы кооперативтер үшін арнайы штаб құрып, басында болдық. Іңкәрдарияның тоқтыларын, саулықтарын Ақжарма, Шаған, Шіркейлі, Ильясов ауылдарына бөліп беріп (олардың жем-шөп қоры жеткілікті болды, оның үстіне сенаж, силос салынған) аман алып қалдық. Қалған малға Қарақасқадағы жем-шөп цехын іске қосып, аталған шаруашылықтардан күріш қалдығы мен жоңышқа, қамыс шөптерді қосып жем шығардық. Осы жұмыстардың басы-қасында менімен бірдей аталған шаруашылықтардың басшылары мен мамандары, малшылары, аудан әкімінің орынбасары Алданберген Құлбаев күндіз-түні жүрді. «Ашаршылықта берген ас көрінеді, жаяушылықта берген ат көрінеді» дегендей облысқа ауыл шаруашылығы министрі С.Кулагин келді. Тікұшақпен Жалағаш, Қармақшы, сол кездегі Тереңөзек аудандарын аралап, жағдайдың өте күрделі екендігіне көз жеткізгеннен кейін, үлкен көмек ұйымдастырды, қажетті техника бөлді. Сол кездегі өтпелі кезеңнің қаржылық жетіспеушілігінен шаруашылық бірде-бір техника сатып алуға қауқарсыз еді. Министр Іңкәрдария шаруашылығына бірнеше жаңа «Беларусь» тракторын тіркемесімен, бірнеше «Зил» автомашинасын берді.

Бұл біз үшін өте қажетті көмек болатын. Сол техникаларды беріге дейін пай-даландық. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында айта қаларлықтай шығынсыз жайсыз қысты аяқтадық. Облыс бойынша кейбір мал фермалары (әсіресе, алыста қырда қалғандары) көп шығынға ұшырады. Біртіндеп өтпелі кезеңнің, жаңа қоғамның қиыншылықтарын жеңе бастадық. Шаруашылық жұмыстармен қатар әлеуметтік салаға назар аударылып, тұрғындарды өзін-өзі қамтамасыз етіп, жеке кәсіппен айналысуға бағыттадық. Рухани дүниелерге де назар аударып, «Сырлытам», «Мүлкілән» кесенелеріне қайта жөндеу жұмыс-тары (реставрация) жасалды».

Алдаберген Бодыбайұлы ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығына келгенде егіншілік саласында өсіп, өркен жаю болғанымен, малшылар үшін шешімін күтер шикілікті мәселелер жетерлік еді. Олар үшін өріс өресінің жыл санап тарылып бара жатқаны сезіле бастаған. Қол қусырып, тағдырдың салғанына мойынұсынып отыра беру Алданбергеннің жаратылысына жат. Сәті келген күні «Іңкәрдария» қой совхозына қарай тартып кеткен. Жол-жөнекей жер білетін адамдарды қасына ілестірді. Сөйтіп, сары даланың төсін қуалай жүрген. Елсіз даладағы қойын-қолтықты түгел шалды. Суы бар жерде от жоқ, оты бар жерде су тапшы, бірақ қаншама жылдар бойы төрт түлік мал тұяғы тимеген жер игерілмей тың жатыр екен. Сонымен игерілмей жатқан «Қарақасқа» деген жерге мал азығындық дақылдар егуге тоқтам жасайды. Ол үшін Жаңадария сағасын қаздырып, аяқсуды «Қарақасқа» жеріне жіберу қажет. Алдекеңнің басшылығымен жұмыс басына 12 эксковатор жеткізіліп, 30 шақырымдық канал қазылады. Аудан орталығындағы жұмыс бөлмесінде шалқая жатуды місе тұтпайтын ол жұмыс басында күн-түн көз ілмей жүріп, «әупірім» дегенде игерілмей жатқан жерге су жеткізеді. Сөйтіп, «Қарақасқа» жерінің 690 гектар аумағы суландырып, жоңышқа, тағы басқа мал азығындық дақылдар егіледі.

Шаруашылықтың тағы бір шешімін таппай жүрген тіршілігі – Іңкәрдарияның «Қызылқұмға» қараған бетін суландыру болатын. Осы беткейдегі 2 мың гектар алқапқа аяқсуын жеткізуге А.Құлбаевқа дейінгі ауыл шаруашылығы басқармасының бірде-бір басшысы тәуекелділікке бармаған. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Алдекең мемлекет тарапынан қаржы сұрамай-ақ су тоспасын салып, 3 шақырымдық канал қазуға бел буа, білек түре кіріседі. Жұмысқа қажетті техникалар мен күшті ауданның басқа да шаруашылықтарынан алдыртып, көп уақыт өтпей-ақ тоспа салынып, канал қазылып, Қызыл беткейіндегі жерге жан беріледі. Сөйтіп, ондаған жылдар бойы игерілмей жатқан 2 мың гектар алқап кәдеге жарап, малды ауылдың тұрғындары бұрынсоңды егіп көрмеген көкөніс-бақша дақылдарын егіп, егіншілік саласына да бетбұрыс жасайды. Сол егістік жердің рахатын күні бүгінге дейін көріп отыр. Білікті маманның осы бір игілікті де рахымшыл ісіне риза болған ауыл тұрғындары әлгі тоспаға «Құлбай шлюзі» деп ат қойып, айдар таққан. «Қызылқұм» қойнауындағы Іңкәрдария ауылының халқы елді мекеннің дамуына тікелей септігін тигізген Алданберген Құлбаевқа зор алғыстарын айтады.
12 желтоқсан 2022 ж. 314 0