ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ ШОПАНДАР
«Іңкәрдария» кеңшарының аз-кем тарихына тоқталатын болсақ, шаруашылық қасиетті Қызылдың қойнауында 1964 жылы құрылды. Кеңес Үкіметі тарағанша, одан кейін де мал шаруашылығымен айналысты. Ауданда ақтылы қой өргізген екі шаруашылық болса, бірі – Іңкәрдария, екіншісі – «Қараөзек» кеңшары болатын.
Іңкәрдан бірталай баһадүр шопандар шықты. Соның бірі болса да бірегейі Нұрылда Байманов еді. Ол бесжылдық сайын жоспарды артығымен орындап, ауданның бас шопаны деген атақ алды. Қазіргі кезде Нұрекеңнің жолын ұлы Әбдіразақ пен келіні Гауһар жалғастыруда. Олар ата қоныс – ескі Абайда ата кәсіппен айналысып, мал шаруашылығын өркендетуге атсалысуда. Ерлі-зайыпты шопандар қойдан бөлек, қоян, тауық, күрке тауық өсіруде. Бақшасына жеміс ағаштарын, қауын-қарбыз егіп, дастарханын тек етпен ғана емес, жеміс-жидекпен де толтыруда. Ауылдан жырақ, иен қыстауда отырса да құдығы бар, монша салып алған. Бұрынғы кездің шопандарындай емес, өркениетке біртабан жақын тұр. Қазір оларды ешкім жоспарды орында деп қыстамайды. Әбдіразақ өрісте қой жайып жүргенде, үйдегі барлық тірлікті Гауһар өзі атқарады. Демалыста балалары, бауырлары келіп жәрдем береді. Шопан үйі де бір-екі жылда тұрғызылған жаңа. Жақсы өмір сүру үшін барлық жағдайды өз қолдарымен жасап алған. Қазіргі заманның шопанының тірлігі осындай. Еңбек жемісті болсын, – дейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ