Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекесі тасыған Сәкен ауылы

Берекесі тасыған Сәкен ауылы

Бүгін де Сырдария ауданы серпінді даму үстінде. Әрбір ауылда ілкімді істер қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бірқатар жобалар қолға алынып ауыл тіршілігіне жан кіре бастаған. Оның ішінде Сәкен Сейфуллин ауылында қыруар жұмыс атқарылуда. Өз кезегінде ауыл тарихы жайында кең көлемді мақаланы оқырман қауымға ұсынамыз.

Ұлы өзендердің де қайнар бастауы болатыны, бірнеше арналардың қосылуы арқылы қалыптасатыны секілді бүгінгі С.Сейфуллин ауылының тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталады. Қазіргі Сәкен Сейфуллин ауылы әуел баста кішігірім «1 Май» және «Құндызды» атты екі колхоздан құрылды.

«1 Май» колхозы 1934 жылы құрылып, басқарма төрағасы Сақтағанов Сейтжан, «Құндызды» колхозы да 1934 жылы құрылып, алғашқы колхоз төрағасы болып Бақтыбаев Досмырза сайланды. Екі жылдан кейін екі колхоз біріктіріліп, «1 Май» атындағы колхозды Сақтағанов Сейітжан басқарған. Техника жоқтың қасы болғандықтан барлық шаруалар қол күшімен атқарылған. Колхозшылар Әбдірахман Құрланбаев, Созақбай Меңліғараев, Досжан Нұржанов ұсталар соққан еңбек құралдарымен арық қазды, егін егіп, шөп орды. Егінді сумен қамтамасыз етуден атақты Мұрат Қосбармақов пен Жотаев Жүніс басшылық жасады. Ал диқаншылықта Дүйсебаев Алмағанбет, Бұланбаев Тұрғанбай, Аяпбергенов Бимағанбет, Игілік Бақшақбаев, Сүйін Бақшақбаев, Бәйменов Дәрібай, Сәкен ақсақалдар елге өнеге болды.

Ашаршылықтың зардабынан жан-жаққа ауып кеткен ағайындардың басын қосып, ұйымдастыруда Сақтағанов Сейітжан, Бақтыбаев Досмырза бастаған ауылдың жанашырлары болған жоғарыда аттары аталған кісілердің елге сіңірген еңбегін кейінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Осы азаматтардың басшылығымен «1 Май» колхозы 1934 жылы іргелі озат шаруашылыққа айналып, ВДНХ көрмесіне қатысып, Сақтағанов Сейітжан мен Қыстаубаев Ажаркүл Қазақстан үкіметінің тұңғыш наградасы «Қазақстанның 15 жылдығы» медалімен марапатталды. Еселі еңбек еткен колхозшылар Мәскеуге барып, ВДНХ көрмесін көрді.

Екі серіктік 1939 жылға дейін 80 гектарға күріш, 60 гектарға ерте егіс егіп, өнім алуда ауданда озат атанды. Сол кездегі адамдар қол еңбегін пайдаланды, техниканы пайдалануды білмеуші еді. Сағындықов Құлан, Ералиев, Боқаева Лапида, Мыңжас тағы басқалар жұмыс күнін ұдайы асыра орындап жүрді. Олардың ортақ іске пайдаланылған уақыты үшін еңбеккүн жазылмайтын еді.

1939 жылы екі серіктік қосылып, «1 Май» ауылшаруашылық артелі болды. Артельде 150 үй болды, адамдар 4 егіс бригадасында еңбек етті. Колхозшыларға бұрынғы малдары берілген еді, артель құрылғанда ол қайтарылып алынып, жүздеген қой, ондаған ірі қара жинастырылды. Қойға Құлыбеков Шаштыбай, ірі қараға Қуандықов Қыйлыбай иелік етіп, бақты. Бұл жылдары жем-шөппен қамтамасыз ету колхозшыға тапсырылды. Бұл кезде артель 1938 жылы құрылған Тереңөзек ауданының МТС-не қарайтын. Артель 1939-1940 жылдары Бүкілодақтық көрменің кандидаты болды, бірнеше колхозшы көрмеге қатысып, медаль алды.

«1 Май» артелінің 1950 жылға дейінгі, соғыс кезіндегі әлеуметтік-эконо-микалық дамуы да ауданның кеуде тұсындағы шаруашылықтармен бірдей болды. Егіннен де, малдан да жақсы өнім алынып жүрді. Соғыс жылдарында Бақтыбай Досжан, Төртбаев Қуандық, Бекежан, сондай-ақ майдангерлер отбасылары: Алуа, Анаргүл, Сәлима, Ағайша, Нағыман, Рысқал, Рахыш, Балқия, Жәмила, Баршагүл, Күлжәмила, Тамашева Алуа, майданнан оралған азаматтар Сарымбаев Қартай, Жұмағұлов Мәлік, Тәжібаев Әбсадық, Мұқаев, Ермағанбетов Мұхамбетәли, Науат тағы басқа да азаматтар тылда екпінді еңбек етіп, ұлы Жеңісті жақындатуға үлестерін қосты деуге болады.

1950 жылы тамыз айында «1 Май», «Каганович» артельдері бірігіп, «Ле-ънин» атындағы колхоз болып құрылды. Колхоздың 320 гектар күріші, 300 гектар  егісі болды. 230-дай үй бар еді. 1700 бастай ірі қара, 450 қой, жылқы, мың бастай қой өсірілді. Колхоз қашанғы дағдысымен ауданның кеуде тұсынан орын алып отырды. Қарапайым жандар еңбек етіп, ел байлығын тасытуда ата-дәстүрден бір тынбады. Өміров Әбдіразақ, Бәкіров Хайрулла, Төртбаев Елубай, Көбеков Шуақбай, Әбдікәрім, Бостаев Пірман, Әдиев Аман, Арықов Іскендір, Өміртаев Шындәулет, Есназаров Сейіт, Әбсейіт колхоздың мал шаруашылығын өркендетуге тамырлы еңбек сіңіріп, Құрманбаева Қоспан, Мыңбаева, Ұзақбаева, Есназарова Тұрсын, Оспанов Бодыбай, Орғараевалар қол жұмысындағы ауыр бейнеттен ауыл экономикасын көтеріскен ұйымшыл жандар болды. Колхоз құрылысын аяғынан тік тұрғызуға өздерінің ақылгөй, мейірбан қадір-қасиеттерімен қалың елді қызулы істерге жұмылдыра білген азамат ағаларды ілтипатпен еске алу да орынды. Арунов Әбсадық, Құланбаев Мамыт, Арықов Айтбай, Бақтыбаев Ізбасар, Әлібаев Уәйіс, Есназаров Нияз, Ұлықбаев Тоқсейіт, Оңғаров Әнуарлар да осындай жандар еді.

«Ленин» атындағы колхоз 1963 жылы ақпанда «Партияның ХХІ съезі» атындағы колхоз болып «Қызылдихан» колхоздарының бірігуінен құрылды. 1966 жылы совхоздың қой, түйе, жылқы түліктері «Іңкәрдария» совхозына өткізіліп, бірыңғай күріш өсіру ісімен айналысатын болды.

Бүгінгі С.Сейфуллин ауылы ол кезде совхоздың «Ленин» бөлімшесі аталды. Бөлімше 600 гектар күріш егіп, гектарына 43 центнерден (1966) өнім жинады. Озат күрішші «Ленин» орденді Қасым Бөдеев 30 гектардан 107 центнер өнім жинап, осы еңбегі үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағын, екінші рет «Ленин» орденін төсіне қадаған еді. Сондай-ақ, Төртбаев Қуандық, Бодыбаев Болат, Қайранбаев Әбди, Мұрат «Еңбек Қызыл Ту» орденін алды. Әбдірахманова Райкүл, Тоқсабаев Қаратай, Жетібаев Әбдірахман, Хайрулла жоғары өнім алды.

1975 жылы «Ленин бөлімшесі» өз алдына Сәкен Сейфуллин атындағы совхоз болып отау тікті. Сол  кезден бастап 1000 гектар көлемінде күріш, мың гектар үстінде жоңышқа, бидай, жүгері өсірді. Совхоз он бірінші бесжылдықтың жоспарын асыра орындады. Совхозда еңбек етуші озаттар баршылық. Механизатор Мұстафин  Әбілдаев, сауыншы Исаева, бақташы  Салқадиша, жүгері өсіруші Бақыт Ерғалиева, егіс бригадирлері Темірбай Сарынбаев, Сайлау Нұртаев, Сәндібек Тоқсейітов, механизаторлар Төкенов, тағы басқалар ауылдың айтулы азаматтары.

Совхоз еңбеккерлері он екінші бесжылдық жоспарын ойдағыдай орындау үшін қажырлы еңбек етті. Шаруашылық түгелдей коллективтік арендалық, мердігерлік бойынша еңбек етті. «Тұрғын үй-01» бағдарламасына сай жақсы жұмыстар атқарылды. Ауылдың бүгінгі сәулеті де дәулеті де заманға сай кемелдене түсуде. Дегенмен егін шаруашылығы саласында егістік жерлер 1933 жылдан бері пайдаланылып келеді, ол да минералды және жергілікті тыңайтқыштарды ұтымды пайдалана білгеннің арқасы. Табысқа жету үшін гектар көлемін 2 мыңға жеткізу қажет.

«Сейфуллин атындағы совхоздың ашылуында менің өзімнің де тікелей қатысым болды. Мен сол кезде аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болып істейтінмін» деп еске алады сол ауылдың тумасы Рақымжан қажы Бәйменов. «Бір күні аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қазантаев кабинетіне шақырды. Мен барғанда кабинетте Бодықбаев Жақай отыр екен. Қонекең маған: «Жақай Бодықбаевты бұрыннан білесің ғой, ауылыңда жаңа совхоз ашқалы жатырмыз. Соған директорлыққа Жақайды ұсынғалы отырмыз. Сен сол ауылдың азаматы ретінде ойыңды айтшы» деді. Мен бұл ұсынысты толық қолдайтынымды айттым. Қ.Қазантаев «Олай болса, Жақай туралы пікіріңді жазып бер. Жоғары жаққа ұсыныс жібереміз. Ал Жақай екеуің совхозда жұмыс істейтін кадрларды іздестіріңдер. Қалаған кадрларыңызды қай жерден болса да алып беруге көмектесеміз». Содан Жақай екеуміз кадрларды іздестіре бастадық.

Қонекең совхоз партком хатшылығына мені қолайлады. Маған бұдан бұ-рында «Партияның ХХІ съезі» атындағы совхозға партком секретары болып бару туралы ұсыныс болған еді. Сол ұсыныс жөнінде пікірімді білуге аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Иляледдинов қабылдады. Мен балаларымның барлығы орыс мектебінде оқып жатқанын айттым. Сондықтан Иляледдиновқа өзімнің мамандығым бойынша аудан орталығында жұмыс істеуді қалайтындығымды баяндадым. Бұл жолы да осы оймен партком секретарлығына Ибрагимов Қарсақбайды ұсындым, – дейді қария.

Сонымен ауыл С.Сейфуллин атындағы совхоз болып, совхоздың алғашқы директоры Бодықбаев Жақай мол тәжірибелі кадрлар мен жас мамандарды топтастырып, ауыл экономикасын дамытуға қажырлы еңбек етті. Шаруашы-лықтың шешуші салаларына Аханов Іскендір, Ділдебаев Бақытбек, Ермағанбетов Мұхамбетқали, Нұржанов Әубәкір, Молдахметов Өмірбай жетекшілік етті. Директор Ж.Бодықбаев Төлебаев Жанбай, Тоқсейітов Сәндібек, Қасымов Ізбасқан, Абдуллаев Жолболды және басқа жас мамандарды қолдап отырды.

Кеңшардың келешегін, халықтың ауызбіршілігін ойлап партия комитетінің хатшылығына Қарсақбай Ибрагимовты, ауылдық кеңес атқару комитетіне Әлдібай Қайырбергеновты, кәсіподағын басқаруға Есназаровты отырғызды. Бас агрономдық жұмысқа аудандық шаруашылық басқармасының бас агрономы Сәтбай Нұрымовты, бас зоотехникке облыстық ауылшаруашылық басқармасының зоотехнигі Пірмахан Ізімбетовты, бас инженер-механикке Шағандағы ірі күріш кеңшарының машина-трактор ауласының меңгерушісі Төлеп Мыхановты, бас мал дәрігерлігіне аудандық мал дәрігерлік станциясының аға дәрігері Батырхан Наурызбаев, Қайырбек Жүсіпті, бас прораб қызметіне аудандық ПМК мекемесінің прорабы Сағат Ибраевты, ферма меңгерушілігіне Отан соғысының ардагері, бұрын колхоз бастығы, көп жыл ферма меңгерушісі болған Арғынбай Сырғабаевты, бас есепшілікке Бақытбек Ділдабаев келді.

Ерекше бір айта кететін жағдай, шаруашылықта жұмыс қолы жетімсіз болды. Осындай ауыртпалықты ахуалға байланысты барлық мамандар, өндіріс бригадирлері, орта буын кадрлар қызметімен есептеспей, қолдарына кетпен, айырын алып, жұмысшылармен араласып еңбек етті. «Менің жұмысым, сенің жұмысың немесе менің міндетім, сенің міндетің» деген дәлелдер, атқарылатын істен бас тартулар болған жоқ. Бақташылар, сауыншылар ертелі-кеш өз міндеттерін атқарып, күндіз мал азығын дайындау, қорасын жөндеумен, ал кеңсе қызметкерлері шаруашылықтың барлық салаларына қатысты еңбек етті. Бұндай жұмыстарға тек қана кеңшар қызметкерлері емес мектеп, мәдениет үйі, балабақша, дәрігерлер де араласып, мал азығын дайындау, мал қорасын жөндеу, егін жинау, науқандарына бірлесіп белсенділікпен атсалысты. Апталап жазғы жайлауда жатты, мал сауу жұмыстарына қатысты кеңсе қызметкерлері, мектептің педагогикалық ұжымдары, коллективтері, балабақша тәрбиешілері, мәдениет қызметкерлері сауыншылардың жетіспеуіне байланысты 15 қыз-келіншектен кезектесіп, 15-20 күннен жазғы сауынға қатысты, шаруашылықта күніне 7000 литрге дейін сүт өндіруге өз үлестерін қосты.

Шаруашылықта бақташы Хамит Ақбергенов әр аналықтан баспа-бас төл берсе, Исаев Талапбек, Мығымбаев Рысмахан, Смайлов Әміржан, Естияров Сағындық, Есекеев Әкімсал, Қожабаев Орынбасар, Жұмақожаев Мамандар мал басын аман сақтап, жоспарлы төл алып, еңбек үлгісін көрсетті. Тыным Сейделов әр жүз биеден 102-ден, Әбдібек Өтегенов жылма жыл әр жүз биеден 100 құлын беріп отырды. Бірде-бір бас жылқының шығын болуына жол бермеді. Сауыншылар Бәтес Исаева, Роза Ерғалиева, Бақыт Қожабаева, Дәмелі Шакирова күніне 300-350 литр сүтті қолмен сауып өндіріп отырды. Механизатор Петро (украиндық азамат) трактордан түспей, кабинасында ұйықтап, күніне 15-20 гектарға дейін жер жыртты. Жұмыс басына, трактор ішіндегі Петроға аспазшы Бақыт Ерғалиева жуынатын суын, төрт мезгіл тамағын жеткізіп беріп отыратын.

Ауылдың мал жайылымдық, шабындық жерлері көп болғанымен егіске жарамды суарылмалы жерлерінің бар болғаны 2500-7000 гектардай ғана болып шықты. Оның ішінде, инженерлік жүйеде тегістелгені 1600 гектар шамасында, бірақ су жүйесі жақсы шешілген, «Майжарма», «Бостандық», «Р-1» каналдары бар. Агротехникалық талаптарға сай егіншілік мәдениетін көтеру, жоғары өнім алу, ауыспалы егіс талаптарын жасау үшін тегістелген жер жетіспейтін. Сондықтан аудан, облыстың тиісті мекемелеріне нақты жағдай айтылып, №3 егіс танабын көлемі 380 гектар жерді 1986-1987 жылдары, ал ескі аэропорттағы көлемі 240 гектар жерді 1988 жылы инженерлік жүйеде тегістетіп алуға қол жеткізілді

Шаруашылық бойынша 1986 жылы егілген 1750 гектар күріштің әрбір гектарынан орташа 48,5 центнерден өнім жиналғанымен жоспарды ғана орындап, алған міндеттеме орындалмай қалды. 1987 жылы өндіріс бригадалары қайта жасақталып, бұрынғы 4 бригаданың орнына 3 бригадаға біріктіріліп, әрқайсысына 600 гектар күріштен бекітілді. №1 өндіріс бригадасын Қасымов Көпбол, №2 комсомол жастар бригадасын Сарымбаев Темірбай, №3 өндіріс бригадасын Тоқсейітов Сәндібек басқарды. Нәтижесінде, еңбек өнімділігі артып, әрбір гектардан орташа 53 центнерден өнім жиналып, міндеттеме артығымен орындалды. Шаруашылықтың тарихында рекордтық өнім 1988 жылы алынды. №1 бригада гектарына 60 центнерден, №2 комсомол жастар бригадасы 64 центнерден, №3 бригада 68 центнерден орташа өнім жинап, облыс бойынша бірінші орын алды. С.Тоқсейітовтың бригадасы чемпион бригада атанып, ол туралы Қазақстан телерадиокорпорациясы 20 минуттық деректі фильм түсіріп, оны «Озат бригаданың бір күні» деп атап, «Қазақстан-1» телеарнасынан бірнеше мәрте көрсетті. Авторы Бақтыбай Айнабеков, фильм Қызылордада сақтаулы. Басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім жиналды, атап айтқанда, сүрлемдік жүгеріден 300 центнерден, дәндік жоңышқадан 20 центнерден, бидайдан 24 центнерден, ескі жоңышқадан 60, жаңа жоңышқадан 20 центнерден, көкөністен 100 центнерден өнім жиналып, жоспар артығымен орындалды. Осы жылы күріштен 20 мың центнер астық мемлекетке артық тапсырылып, шаруашылық 960 мың сом таза пайдамен шығып, облыстағы озат шаруашылық атанып, республика бойынша ІІІ орын алып, КСРО жетістіктер көрмесінен автобус сыйға берілді. Осылайша, совхоз іргелі елді мекенге айналып, бүгінгі С.Сейфуллин ауылы қарқынды дамып келеді.
12 желтоқсан 2022 ж. 289 0