Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ойын алаңын салып берді

Ойын алаңын салып берді

Бүгінде 1600-ден аса тұрғыны бар Сәкен Сейфуллин елді мекенінде ілкімді істер тұрақты түрде жүзеге асуда. Негізінен ауылда 10 көше бар. Оның ішінде, Бәйтен батыр көшесінің тұрғындары жақында ерекше қуанышқа кенелді. «Құндызды Жер» ЖШС-нің төрағасы Тұрсынбек Бөлегенұлы көше бо­йы­на балаларға арналған ойын ала­ңын салып берді. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, жа­қында құрылысы аяқталған ойын алаңына барған едік.

«Құндызды Жер» ЖШС-нің де­меу­­шілігімен салынған ойын алаңы ерекше тартымдылығымен көзге тү­седі. Осы кезге дейін бұл көшеде ба­лалар ойнайтын арнайы орын болмаған. Жыл сайын әлеуметтік жо­баға көңіл бөлетін шаруашылық «Ба­лалар жылы» аясында кішкентай балғындарға керемет сый жасады. Ойын алаңы әткеншек, спорттық керме, футбол ойынына арналған қақпа секілді бірнеше құрал-жабдықпен қам­тылған.

– Бәйтен батыр көшесінде орна­ласқан ойын алаңы маусым айында пайдалануға берілді. Кез келген уақытта балалар ойнау үшін кө­шеде топтасып жүреді. Сондықтан олардың уақытын тиімді өткізуге арнайы жобаны қолға ал­дық. Шаруашылықтың мамандары бірнеше күнде ойын алаңына жан бітірді. Бұған 4 миллионнан аса қа­ражат жұмсалды. Кеш­құрым ауыл балалары осы жер­ге жиналады. Ендігі кезекте шаруашы­лық жөнінде ақпарат бере кеткен жөн болар. Биыл «Құндызды Жер» ЖШС 640 гектар жерге Сыр салысын екті. Шаруашылықта 65 адам жұмыс істейді. Диқандар жаңа жо­ңышқа егуге де машықтанған. Тиісінше, шаруашылықтың техникалары жаңартылуда. Су тапшылығына қарамастан диқандарымыз Сырдың басты дақылына күтім жасауда. Алтын күзде қамбаны астықпен көмке­реміз деген ниеттеміз. Осы ретте, ауыл шаруашылығы саласында мәселе көп екенін айта кеткен жөн. Арнайы субсидия бөлінсе, шаруа­шы­лық жұмысы жанданатын еді. Шаруа­­ларды көптеп жұмысқа тартуға зор мүмкіндік болады, – дейді ауыл шаруашылығы саласының майталманы Бөлеген Рахмет.

Аудандағы іргелі серіктестік егін егудің нәтижесінде бір­неше әлеуметтік жобаның басы-қасы­нан табылып келеді. Мәселен, шаруа­шылық өткен жылы ауылдағы ветери­нариялық бөлімше ғимаратына күр­делі жөндеу жұмысын жүргізді.

– Сәкен Сейфуллин ауылында жылдағы жоспар бойынша қорда­лан­ған мәселелер шешімін табуда. Қай кезде де тұрғындар ті­легі бас­ты назарда болады. Осы орайда Бәйтен батыр көшесінде серіктестіктің демеу­шілігімен жаңа ойын алаңы ашылып, ата-аналар мен балалар қуанышқа кенелді. Жыл сайын халыққа көмек көрсетіп, қайырым­дылық іс-шараларына атсалысатын серіктестіңтің қызметіне табыс тілейміз, – дейді ауыл әкімі Бекзат Қыдырбаев.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
19 шілде 2022 ж. 323 0