Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Іргесіне құт қонған ел

Іргесіне құт қонған ел

Аудан орталығы Тереңөзек кентімен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Сәкен Сейфуллин елді мекенінің тарихы өткен ғасырдың 30 жылдарынан басталады. Сол жылдары «Құндызды» және «1 Май» серіктестіктерінің бірігуі арқылы «Каганович» колхозы болып аталған. 1959 жылы «Каганович» пен «Аманкелді» колхоздары бірігіп, Ленин аты берілген. 1963 жылы бірігу одан әрі жалғасып, «Қызылдихан» мен «Ленин» колхозы ХХІ партсъезд атындағы совхозға айналады. Осы атаумен 1975 жылға дейін аудан тарихында жазылған елді мекен қазақтың қайраткер ұлы, ақын Сәкен Сейфуллин ауылы болып қайта құрылады. Міне, бүгінде тура 45 жыл бұрын осы атау­мен аталған елді мекеннің іргесі құт қонған елге айналды. Ал С.Сейфуллин атындағы совхоз болып аяққа нық тұруына себепші болған оның алғашқы директоры Жақай Бодықбаевтың есімі ауыл тұрғындарына етене таныс.

С.Сейфуллин совхозын басқа­руды қолға алған Ж.Бодықбаев жас мамандарды, тәжірибелі кадр­лар­ды топтастырып, ауылдың әлеу­­меттік-экономикалық өсуіне жағ­­дай жасағанын, қажырлы еңбек ет­­­ке­нін бүгінде көзі тірі ақсақалдар жақсы біледі. Солардың бірі еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Рақымжан қажы Бәйменов білікті басшы туралы: «Халықтың ерекше ықыласы ауған, есімі ел аузына іліккен азамат болды. Іскер басшы жас мамандарды әркез қолдап отырды. Ж.Бодықбаев совхозды 5-6 жылдай басқарып, облыста бірқатар жауапты қызмет атқарды. Оның халыққа деген адал қызметін ел-жұрт жақсы біледі» дейді.

Қазіргі таңда жаңаша даму жолына түскен ауылдағы 308 отбасында 1645 халық тұрады. Түтіні түзу ұшқан ауылды қолдау бағытында соңғы жылдары мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Елді мекенде 90 орындық балабақша, 150 орындық ауылдық клуб, мектептің акт залы, фельдшерлік-акушерлік бе­кет, ауыл әкімдігінің ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Ұзақ жыл бойы шешімін таппаған ауыз су мәселесі де түбегейлі шешілген. Ауыл көшелері жөнделіп, жарықтандыру жүргізілген. Сонымен қатар «Тағзым алаңы», мәдени-демалыс орыны бой көтерген.

Ауылдың ауызбірлігін сақтауда ардагерлер кеңесінің, қоғамдық ке­ңесінің жұмысы жолға қойылған. Ауыл әкімі қандай мәселе болмасын алдымен ауылдың аузы дуалы ақсақалдарымен кеңесуді дәстүрге айналдырған.

– Ауыл тұрғындарының әлеу­мет­тік қамсыздандыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ең әуелі аз қамтамасыз етілген, көп бала­лы отбасыларды қолдау ауыл кәсіп­керлерінің, шаруашылық бас­шы­ларының демеушілігімен қам­қорлыққа алынды. Ауылдағы ірге­лі шаруашылықтар қатарында «С.Сей­фуллин Жер» ЖШС, «Құндызды Жер» ЖШС және «Жандос» шар­уа қожалығы бар. Шаруашылық бас­шылары ауыл тұрғындарының кез келген мәсе­лесін бірлесіп шешуге атсалысып келеді. Елдегі күрделі жағдайдан шығу жолын­да қайырымдылық шараларын жасап, тұрғындардың жұ­мыспен қам­ты­луына жағдай жасап отыр­ған шаруашылық басшыларына ризашы­лығы­мызды білдіреміз. Барлық кезде туындаған мәсе­лені, алдағы жос­парларды ауылдың ақсақалдарына, шаруашылық басшыларына айтып, кеңесіп аламыз, – дейді ауыл әкімі Бекзат Қыдырбаев.

Ауылдық округте 80 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, оның 74-і шаруа­сын дөңгелетіп отыр. Осы жылдың басынан жаңадан 23 кәсіпкерліктің тіркелуі елдің еңсесі тік екенін аңғартады. Бір ғана «Еңбек» нәти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдар­ламасының екінші бағыты бойынша 11 жоба қаржыландырылып, мем­лекеттік грант берілген. Мұ­нан басқа «Өңірлік инвестиция ор­талы­ғы» микроқаржылық ұйы­мынан 5 млн теңге құрайтын 2 жоба ұсыны­лып, оң шешіммен несиеленген. Ауылдағы шаруа қожалықтары мен екі серіктестік биылғы жылы 1946 гектар жерге күріш егіп, жо­ғары өнім жинаған. Сонымен қатар тұрғындар бақша дақылдарын егіп, жыл сайын мол өнімге қол жеткізуде.

Биыл С.Сейфуллин ауылының өз алдына шаңырақ көтергеніне 45 жыл. Тарихи кезеңмен ауылдағы №137 орта мектептің 90 жылдық ме­­рей­тойы да қатар келді. Білім ор­дасының ұстаздары өскелең ұр­пақ­қа та­ғылымды тәрбие мен сапалы білім беріп келеді. Ауыл мектебі жү­регі елім деп соғатын елжанды аза­маттардың құтты мекеніне айналды.

Білім ошағы Әбу Қуандықов, Ғабит Тұяқбаев, Айнаш Есекеева, Тәттігүл Қартаева, Рахия Есназарова сынды ғалымдарды шығарды. Есімі елдің әдеби ортасында белгілі ақын-жазушылар Қанапия Дәрібаев, Сейфолла Оспанов, Ахат Жанаев, Келдібай Уәйісұлы, Мұқанбетқали Құлтайбаев, Әлібек Аюпов, Жұмабай Есбатыров, Нұрмат Мансұр, Алпамыс Арыстанов, Бақтөре Айтбаев, Мұхаммеджан Мансұров та осы ауылдан шыққан талантты жандар.Ауыл тұрғындары қашанда осындай дарынды азаматтарын мақтан етеді
.
Сонымен қатар ауылдан түлеп ұшқан бірқатар азамат соңғы жылдары ауыл ахуалын тұрақты назарға алып, қамқорлық қолын созуда. Атап айтқанда, кәсіпкер Мақсұт Әбілдаевтың қамқорлығына ауыл тұрғындары дән риза. Кәсіпкер көп­теген қайырымдылық шараларына үн қосумен қатар ауыл мектебіне, жарықтануына қаржы бөліп келеді. Сондай-ақ жақында ауыл жанашыры он екі ардагердің аудандық газеттің оқырманы болуына атсалысқанын хабарлаған болатынбыз.


Осындай бірлігі бекем, тірлігі мығым ауылдың тыныс-тіршілігі күн сайын жанданып келеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
29 желтоқсан 2020 ж. 907 0