Ел ағасының есімі ұмытылмайды
Жақында туып-өскен өңірден қуанышты хабар жетті. Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мектебіне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманұлының есімі беріліп, абыз ақсақал рухына лайықты құрмет көрсетіліп жатыр екен. Жақсы жаңалық құтты болсын, ағайын!
Жаныңда жүрген жайсаң жанның қадір-қасиеті ол мәңгілік сапарға аттанғанда білінеді. Арамыздан бір дәуірдің жүгін арқалап көшкен белгілі мемлекет жəне қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманұлының орны əлі күнге ойсырап тұр. Бұл орын ешкім, ешқашан толтыра алмайтын, тұғыры биік, еңсесі зор, ел-жұртқа жайлы, аға-ініге қадірлі орын еді.
Сейілбек Шаухаманұлы үлкен қызмет тұтқасына егемен ел тарихындағы ең қиын кезеңде келді. Елбасының Қазақ мемлекетінің қабырғасын қалау жолындағы идеяларын қолдап, сенімді серігіне айналған Сәкең еліне жанашыр және мемлекетшіл тұлға еді.
Сейілбек Шаухаманұлының тікелей басшылығының арқасында Сыр елінің мақтанышына айналған облыстық медицина орталығының іргетасы қаланды, ауыл шаруашылығымен қатар өндіріс саласының қызметі нарықтық талаптарға сәйкес жүргізіле бастады. Ең бастысы, өтпелі кезеңнің қиындықтарына қарамастан, елдің ішіндегі оң әлеуметтік ахуал сақталды.
Жоқтан бар жасау, бардың берекесін асыру, өткен мен бүгіннің арасына алтын көпірдей дәнекер болу – тек ерекше тұлғалардың қолынан келетін шаруа. Ол – барша Сыр еліне өзінің ағалық сөзін өткізген, абыз ақсақалдар институтын жаңа бір деңгейге көтере білген тұлға еді.
Ел бірлігін сақтап, ынтымағына ұйытқы болған «Ардагерлер ұйымына» облысты басқарған тұста облыс басшылығы тарапынан қолдаулар жасалды. Ардагер ағалар ел-халықтың татулық-бірлігіне сызат түсірмей, жас ұрпақты еңбекке үндеуде талай игі істің үлгісін көрсетті. Ел дамуы үшін аянбай қызмет еткен ел ағаларына қандай құрмет көрсетсек те артық емес.
Бір кезде әлемге әйгілі Әбдіжәміл Нұрпейісов аузы дуалы Сейілбек Шаухаманұлы туралы – «Тәңір сыйлаған талант» деп толғанып айтқан еді. Ең бастысы, ол төріміздің сәні мен қадірі еді, шын мәніндегі ауыз толтырып айтатын Ел ағасы болатын. Сыр бойындағы бірде-бір жиын, алқалы отырыс, салтанатты той, торқалы ас Сәкеңнің төбесі көрінбей басталмайтын. Оның келуін, келген соң баталы сөз айтуын ел кәдімгідей күтетін.
Сәкеңнің шешендігі мен даналығы тек Сыр бойы жұртшылығын емес, күллі қазақты тәнті етті. Ал ағамыз болса сол баяғы қалпынан, аңызға айналған қарапайым бейнесінен бір айныған емес.
Сәкеңнің жүріп өткен өмір жолындағы басқа жайттарды қозғамағанда, ол кез келген шаруаның әділ шешімін тереңнен ойластырып, халыққа болатын жағын ғана айтып отырды. Оның қоғамдағы түрлі түйткілді мәселелерге қатысты қозғаған өзекті ойлары жұртшылықтың көңілінен шығатын.
Күні кеше Сыр өңіріндегі іргелі білім ошағының бірі, «Білім-Инновация» мектебіне еліне сіңірген еңбегі өлшеусіз Ел ағасының есімі беріліп, ескерткіш бюстінің орнатылғаны Сəкеңнің еңбегіне жасалған құрметтің бір парасы деп білем. Алда əлі талай еңбектер жазылып, ұрпаққа үлгі болатындай жұмыстар жасалары сөзсіз.
Өңірде елге өлшеусіз қызмет еткен, ғибратты ғұмырлары келер ұрпаққа өнеге болатын абыз ақсақалдарымызды насихаттау, жас ұрпаққа үлгі ету аясында алдағы уақытта іргелі жұмыстар жасалуы тиіс деп ойлаймын.
Асқар таудай аға, орны бөлек тұлға енді еңселі тұғырынан ұрпаққа өнегелі жолды нұсқап, жастар рухын жанып тұратын болады.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді». Бар ғұмырын еліне арнаған абыз ақсақал, алдыңғы буын ағаларына ізетті, ізіне ерген інілеріне құрметті, лауазым мен қызметін тоқтатқаннан кейін де халқына қадірі асқан, соңғы демі біткенше ат арқасынан түспеген, халықтың мүддесін жоғары қойған Сейілбек Шаухаманұлының даңқы, азаматтық келбеті, қарапайым болмысы ел санасынан еш уақытта ұмытылмасы сөзсіз.
Болатбек Қуандықов,
қоғам қайраткері