Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Спортқа да білім керек!

Спортқа да білім керек!

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кеше Қазақстан Республикасындағы Президенттік көпсайыстың жеті мәрте чемпионы Мұрат Бөдеев дөңгелек үстел басында сыр сұхбат өтті. Іс-шараға мектеп оқушылары қатысты. Мұрат Бөдеев - №126 орта мектебінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі.
                                                                       
Мұрат Бөдеев Қарағанды қаласында жоғары білім алып, еңбек жолын 1991 жылы В.И.Чапаев атындағы мектептен бастаған. «Дарақ бір жерде көктейді» демекші, осы мектепте табан аудармастан 30 жылдан астам еңбек етіп, бұл күнде Республика бойынша спорт саласындағы танымал тұлға.

 Мектеп кітапханашысы Перизат Әзірбек ұйымдастырған шарада спортшының өмір жолы, спорттағы жетістіктері айтылды. Мұрат Бөдеевтің тағы бір қыры - оның бокстағы шеберлігі. Өзінің айтуынша оның спортқа келуіне әсер еткен – әжесінің айтып берген ертегі, батырлық жырларымен қатар, оқығын кітаптары. Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе жек» хикаятын оқу арқылы спортқа деген құлшынысы артқандығын айтқан Мұрат Бөдеев баларды көркем әдеби кітаптар оқуға шақырды.

 Иә, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай болмысы бар Бердібек Соқпақбаев жас оқырманның бойындағы жігерді жанып, күш бітіретіндей шығармасы - «Жекпе-жек » повесі. Сонымен қатар, Мұрат Бөдеев батыр Бауыржан Момышұлының соғыс кезіндегі ерліктерін білу – адам бойына күш-қайрат беретіндігін айтып, балаларға Бауыржан атамыздың кітаптарын да оқуға кеңес берді.

Талай шәкіртті спорт пен парасаттылыққа тәрбиелеген ұстаздың бүгінгі ұрпаққа айтары аз емес.

- Мені осындай жетістікке жетелеген ерік-жігеріммен қатар туған жерім - Қызылорда. Облысымыз экологиялық аймақ болса да, денсаулық сынға түсер спорт саласында жеңімпаздар шығатынын қарсыластарыма дәлелдеу. Спортқа да білім керек, білімді адамның рухы берік болады. Сонымен қатар, спорттық дайындықтар мен денсаулықты күтуде іздену, үйрену маңызды. Мысалы, бокстағы қарсыластың айла-тәсіліне қарсы басқа тың тәсілдерді табу да - білім, - дейді Мұрат Бөдеев.  

Еркін пікір алмасу форматында бір сағаттай өткен дөңгелек үстел басындағы әңгімеден оқушылар өз бойларына жақсы ұстанымдар қалыптастырды деген ойдамыз.
02 желтоқсан 2022 ж. 143 0