Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАТЫРДЫҢ НЕМЕРЕСІ ЧЕМПИОН АТАНДЫ

БАТЫРДЫҢ НЕМЕРЕСІ ЧЕМПИОН АТАНДЫ

Жылқы ішінде жүйрік көп,
Қазанаты бір бөлек.
Ел ішінде жігіт көп,
Азаматы бір бөлек, – деген халық мақалының дәлелін ел ішінен көп кездестіреміз. Жылқыға қатыстысын шабандоздар мен кәнігі жылқышылар айтса, біз ер жігіттің азаматтығы туралы айтпақпыз.
Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектебінің бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мұрат Бөдеевтің биылғы жеңісі – дүйім Сыр елінің жеңісі десек артық айтқандық болмас. Ол жақында Көкшетау қаласында өткен жабық спорт алаңындағы Президенттік көпсайыстан Қазақстан Республикасының Чемпионатында 40-49 жас аралық тобында Қазақстан чемпионы атанды. Жеңімпаз Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің қолынан диплом алып қайтты. Спортты жанына серік еткен ұстаздың жетістігіне әріптестері ғана емес, бүкіл ауыл, аудан жұртшылығы қуануда. Мектептің жоғарғы сынып оқушыларымен өткен кездесуде Мұрат Тұрымұлы Көкшетау сапары жайлы, жетістікке жетудің сыры, дене шынықтыру мен спорттың пайдасы жайында әңгіме өрбітті. Жоғарғы оқу орнын бітірген ұстаз өзінің еңбек жолын осы мектептен бастап, өнегелі өмір жолында талай шәкіртті спортқа баулып келеді.
– Спортпен, дене шынықтырумен айналысу – адамды тұлғалық қасиетке тәрбиелеп, өмірден, қоғам ортасында өз орнын табуға жәрдемдеседі. Мінездің орнықты, ірі болуын қалыптастырады, – деді ұстаз. Оның тәрбиелеген шәкірттері Айбол Жақаев, Мейіржан Меңлібаев «Байқоңыр» футбол командасы құрамында ойын көрсетсе, Диас Темірханов «Қайсар» футбол командасының қосалқы құрамында жүр. Ал, былғары қолғаппен жұдырықтасуға шыңдаған шәкірттері Дархан Тұрғанов, Ерлан Әбілдаев, Нұрлыбек Зинабдинов, Дәурен Әкбаров мектеп қабырғасында жүргенде-ақ облыстық сайыстарда жүлдегер атанды. Бұл күнде олар өмірде өз орнын тапқан, қызметте де, отбасында да сыйлы азаматтар қатарында.
Әрине, бокспен айналысу адамның өзін-өзі қорғауына, өжет, қайсар болып өсуіне ықпал етері сөзсіз. «Өзін-өзі қорғай білген адам, өзге адамға да қорған бола алады», – дейді Мұрат. Оған мысал ретінде айтқан мына бір әңгімесі дәлел. Ұстаздың бокстан тәрбиелеген шәкірттерінің бірі Нұрлыбек Зинабдинов Алматы қаласындағы көшелердің бірінде бейқам келе жатқанда «Құтқарыңдар! Құтқарыңдар!» деген айқай естиді. Кеш қараңғылығы түсе бастағандықтан, дауыс шыққан жаққа жүгіріп барса, екі жігіт бір қыздың сөмкесін тартқылап жатыр екен. «Жігіттер, қыз балаға тиіспеңдер!» деген мұның сөзіне қарсы шыққан қарақшының бірі қолын сермеп қалады. Көзінің астынан тыз етіп бір нәрсе тіліп өткені болмаса, бокс тәсіліне салған Нұрлыбекке соққы тие қоймайды. Айналып өзін соғып құлатады. Екінші қарақшы жігіт қаша жөнеледі. Нұрлыбек қыздың заттарын жиыстырып, жәрдемдесіп жатқанда, есінен танып сұлап жатқан жігіт те орнынан тұра қашыпты. Нұрлыбектің айтуынша, алғашқы жұдырық сілтеген жігіттің қолында пышақ болған көрінеді. Қараңғыда оны байқамапты. «Көзінің астындағы тыртық жайлы сырды осылай баяндап беріп еді», – дейді шәкірті жайлы тебірене сөйлеген Мұрат Бөдеев. Бұл оқиғадан ұққанымыз, спорттың тән саулығымен қатар мінезді де, ерік пен жігерді де шыңдайтындығы. Мұрат Бөдеевтің қызмет жолындағы жетістіктері бір бұл ғана емес. Ол 2017 жылы қараша айында Тараз қаласында өткен республикалық көпсайыс спорттық сайысында І орын иеленсе, сол жылы желтоқсан айында ұйымдастырылған «Қызылорда марафоны – 2017» марафонына қатысып, жүлделі ІІ орын жеңіп алды. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерінен Қазақстан Республикасы чемпионатында жүзуден 40-49 жас ерекшеліктер тобында І орынды иемденген болатын.
Мұрат ұстаз республикаға аты мәлім, Социалистік Еңбек Ері Қасым Бөдеевтің немересі. Ол ата жолын қуған бүгінгі күннің мақтанышы.

Б. ЖАНӘЛІ
09 сәуір 2019 ж. 842 0