Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ақ көгершін» – балғындардың саялы ордасы

«Ақ көгершін» – балғындардың саялы ордасы

Балаларды балабақшамен қамту күн тәртібінен түспейді. Себебі, бала тәрбиесінде ата-анадан кейінгі маңызды рөл­ді балабақша атқарады. Сондықтан біз «Балабақша – ба­қыт мекені» айдары бойынша аудандағы балабақшалар жұ­мысын ақпараттандырып келеміз. Бұл жолы С.Сейфуллин ауылындағы «Ақ көгершін» бөбекжай балабақшасының жұ­мы­сына тоқталмақпыз.

2015 жылы ауданда жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік нысандар салына бас­тады. Республикадағы үлгілі жұмыс бо­йын­ша Айдарлыда мәдениет үйі салынса, С.Сей­фуллин елді мекенінде балабақша бой көтерді. Екі қабатты типтік жобада салынған «Ақ көгершін» балабақшасы сол кезден бас­тап ауыл балғындарын қабылдап, мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етіп келеді.

Заманауи үлгідегі балабақшада бүгінде 4 топта 85 бүлдіршін тәрбиеленуде. Олар үшін мектепке дейінгі білім беру мекемесінде ой­найтын, тамақтанатын және жатын бөл­мелері, дәрігерлік кабинет, гигиеналық орын­дары жеке-жеке орналасқан, әрі кең, әрі жарық. Техникалық базасы толығымен жа­рақ­­­­тан­дырылған.

Енді ғана айналасын танып, жас жау­қазындай жетіліп келе жатқан бүлдір­шіннің көңіл-күйін, жүріс-тұрысын, тамақ­та­нуын, мектепке дейінгі біліммен қамтуын қамтамасыз етуде балабақша тәрбиеші­ле­рінің еңбегі зор. Балдырғандар үшін тәр­биешілердің айтқаны жазылмаған заңмен тең. Бүгінде мұнда 30-дан аса қызметкер жұмыс істейді. Тәжірибелі, білімді мамандар бала тұлғасын қалыптастыруда тынымсыз ізденіспен еңбек етуде.

– Бала өмірінде балабақшаның орны зор. Олай дейтінім, ес жиып, енді ғана айналасын тани бастаған балғын ата-ана тәрбиесімен бірге балабақшада мектепке дейінгі білім­мен қамтылады. Сондықтан біз әрбір ба­ланың тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қа­­раймыз. Балабақшаның оқу-тәрбие жұ­мы­сы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы басшылыққа алып, оқу тәрбие процестері өз дәрежесінде ұйымдастырылып келеді. Сол негізде балғындардың жас ерекшеліктері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, тәр­биелік-танымдық сабақтар берілуде. Бұл ретте, балабақша тәрбиешілерінің еңбегін атап өткен жөн. Балалардың ой-өрісін дамытуда күнделікті түрлі іс-шаралар мен бағ­­­дар­ламаларды ұйымдастыруда олар өте белсенді. Әрі ата-аналармен де бірігіп жұ­мыс жасауға әбден дағдыланған, – дейді ба­ла­бақша меңгерушісі Жаңыл Байназарова.

Бөбекжай балабақшасының меңгерушісі ересек «Қарлығаш», ортаңғы «Нұршуақ», «Ботақан» және кіші «Балапан» тобының тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі байқау­ларға қатысып, жүлдегер атанғанын айтады. Мәселен, «Qazaq qogam» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен балалар арасында өткен «Қош келдің, алтын күз» атты онлайн қолөнер байқауында балабақша тәрбиеленушілері Нұрдәулет Қанатұлы, Ди­дар Серәлі, Арайлым Серікқызы бірінші орынмен марапатталған. Ал «Кемел» өнер-білім орталығынан Думан Асқар, «Жеті өнер» шығармашылық орталығынан Айдай Әбдімұрат арнайы дипломдарға ие бол­ған. Сонымен қатар «Бақытты бала әле­­мі» II Республикалық дарынды балалар байқауынан Нұрлы-Айым Шағанбай, «Өр­леу Қазақстан» қоғамдық қорының ұйым­­дастыруымен балалар арасында өткен рес­публикалық «Мен дарынды баламын» атты онлайн сайысынан Сағинұр Серікбай жүлдегер атанған. Осындай байқауларда балғындар өздерінің балабақшадан алған білімін көрсетіп, жетістікке жетуде.

Балабақша бүлдіршіндерінің болашағын қалыптастыру үшін де мамандардың үне­мі ізденіс үстінде болғаны дұрыс. Тәжіри­бе алмасу мақсатында аудандағы өзге де балабақша тәрбиешілерімен түрлі тақырып­та дөңгелек үстелдер мен семинарлар жиі өткізіліп тұрады екен. Атап айтқанда, биыл балабақша базасында «Мектепке де­йінгі ұйымдарда ата-аналармен жұмыс формалары мен заманауи модельдері» та­қы­рыбында аймақтық семинар өткізілген. Он­дағы мақсат балаларды тәрбиелеу мен оқытуда мектепке дейінгі ұйым мен отбасы арасында тиімді әріптестік механизмін құру болған. Осының негізінде тәрбиешілердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасалған. Бұдан бөлек, «Бала – біздің болашағымыз», «Шаттыққа толы көңіл-күй», «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» тақырыбында ата-анамен жұмыс, «Әкем, анам және мен» тақырыбында от­басылық спорттық сайыс, «Біз баламен ба­қыттымыз» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, бүл­діршіндердің жан-жақ­ты болуын үнемі назарда ұстайды екен балабақша қызмет­керлері.

Биылғы балалар жылы бойынша да іс-шаралар легі толастамаған. Осыған байланысты балабақшаның әуез жетекшісі Нәзігүл Байділдаева С.Сейфуллин ауылдық мәдениет үйінде «Біз бақытты баламыз» атты концерт ұйымдастырды. Концерт барысында «Ақ көгершін» балабақшасының бүлдіршіндері өз өнерлерін көрсетті. Ән шырқады, би биледі, көрініс те қойды. Балғындарының талантына ата-аналар тән­ті болып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасаған тәрбиешілерге әуез же­текшісіне ризашылықтарын білдірді.

Айта кететіні, ауылдағы жанашыр азаматтар, атап айтқанда, «Сейфуллин Жер» ЖШС-нің басшылығы, меценат М.Әбілдаев, аудандық мәслихат депутаты Б.Есназар бүл­діршіндерге үнемі қолдау көрсетеді.

Кез келген жас ағашты қалай исең, солай өседі. Осыны білетін бөбекжай бала­бақшасының ұжымы балдырғандарға білім­нің бастапқы негізін беруде барын салып, соған сай алғысқа да бөленіп келеді.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
22 қараша 2022 ж. 291 0