Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетпіс жастың жемісі мен жеңісі

Жетпіс жастың жемісі мен жеңісі

Жас күнінен қызметке араласып, ауданның дамуына өзіндік үлесін қосып, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы атанып, ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен Асылбек Ақбалаевтың есімі аудан халқына етене таныс. Бүгінде жетпіс жасқа толып, өткені мен бүгініне шүкіршілік етіп отырған ардагер ұзақ жыл ауданның өрт сөндіру саласында жемісті қызмет етті. Инспек­торлық қызметтен бастап, өзінің қарым-қабілеті мен тәжі­ри­бесінің арқасында басшылық лауазымдарды абыроймен атқарды. Осыған орай абырой биігіндегі ардагермен жетпіс жас­тың жемісі мен жеңісі туралы әңгімелесіп, саналы ғұмыры тура­лы мақала жазу үшін қолға қалам алдық.

Алдымен жоспарлы мақаламыздың жазылуына екі нәрсе түрткі болғанын айтып өтейін. Біріншіден, қазір біз атақты «Құмкөл» кенішінің тарихы туралы Ұлттық ғылым академиясымен бірге ғылыми-танымдық еңбек жазу ісін бас­таған едік. Сол еңбегімізде аудан аумағында ор­наласқан мұнай кен орнында болған оқиғалар мен жаңалықтар тереңірек зерттелуде. Оның ішінде, осыдан жиырма жыл бұрын кен орнында болған өрт оқиғасы және оның өте тез сөндірілуі және бұл жауапты іске Асылбек Ақбалаевтың жетекшілік етуі бізді ерекше қызықтырды. Содан кейіпкердің өзімен тілдессек деген ізденісіміз осы мақаланың жазылуына алғашқы қадам болды. Ал, екіншіден, аудан азаматтарымен, оның ішінде, ардагерлермен сапарлас болғанымызда, сұхбаттасқанымызда ауданның түрлі саласында қызмет еткен майталман мамандар туралы айтылғанда сонау 1979-1988 жылдары Тереңөзек ау­дандық ішкі істер бөліміне қарасты Мемлекет­тік өрттен қорғау инспекциясының бастығы болған Асылбек Ақбалаев туралы жақсы пікірлерді көп естіп, тәлімі мол естеліктерге қанық болып жүрміз. «Халық айтса, қалт айтпайды» демей ме?! Көпшіліктің ықыласы мен бағасы да біздің қолға қалам алуымызға тікелей әсер етті. Содан ардагердің өзін, ұрпақтарын іздеп, сөйлесуді мақсат тұттық.

Редакция қабырғасында ұйымдастырылған кез­десуге ардагер Асылбек Ақбалаев өзінің үл­кен ба­ласы Қайратпен және күйеубаласы Дастанмен бірге келді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін ардагерді төрге оздырып, әңгімесіне құ­лақ түрдік. «16 жыл 10 айдан бері көз жана­рым көрмейді, балаларым ертіп, жетектеп жүреді. Биыл жетпіске толдым, Аллаға шүкір деймін» деп бастады әңгімесін Асылбек аға. Көзі көр­мейді демесеңіз, еңсесі тік, сөзі нық, киімі де мұн­таздай тап-таза екен. Оның үстіне әр сөзінен әскери адамға тән мінез, бітім мен болмыс анық аңғарылып тұр. Бірді-бірге жалғап айтылар ойды шашыраңқы етіп алу әдеті бұл кісіде жоқ екен. Әңгімесі нақты мысалдармен астасып жатқан соң тыңдай бергіңіз келеді. Мұның бәрі білім мен біліктіліктің, пайым мен парасаттың жемісі болар деп ой түйдік.

Кейіпкеріміз – негізі Оңтүстік Қазақстан облы­сының Сарыағаш ауданының тумасы. 1960 жылы №150 Ортақшыл орта мектебінің табалдырығын аттап, әліппе ашып, әріп танығанымен балалық шағы, жас күні ата-анасымен бірге Шиелі ауда­нында өткен. Мұнда бұрынғы Сырдария сов­хозы Жөлек ауылында тұрған. Әкесі Ақбала Үрметаев 1915 жылы туған. Ол кісі шаруа адамы, қойшы болғанымен көкірегі ояу, сөзшең, іскер кісі болыпты. Ал анасы Ақшабақ Үрметаева өмірге тоғыз бала әкеліп, бәрін аяқтандырған, дастарханы қонақтан арылмайтын абзал жан болған. Алтын құрсақты ардақты ана «Мен Роза Бағланованың құрдасымын» деп әзілдеп айтып отырады екен. Бүгінде қос қария өмірден өтсе де артында тоғыз ұл-қызы тамырын тереңге жайған іргелі әулеттің тұғырын биіктетіп келеді. Оның ішінде, Асылбек ағаның орны ерекше. Кейіпкеріміз – отбасында үшінші ұл. Алдында 1945 жылғы Айғанша есімді ардагер-ұстаз әпкесі бар. Ал өзінен үш жас үлкен Дарханбек ағасы мен 1962 жылғы Жорабек інісі бақилық сапарға аттанып кетіпті. Қарындастарының бәрі – педагог. Аманкүл мектепке дейінгі білім беру мекемесінде жұмыс істесе, Жанымкүл – тарих пәнінің мұғалімі. Айымкүл де Қызылорда қаласындағы, Шиелідегі балабақшаларда ұзақ жылдар қажырлы еңбек еткен. Қыздың кенжесі Кәрима құрылыс саласында жұмыс істесе, отбасындағы тоғызыншы ұл Кенжебек – кәсіпкер, мал шаруашылығымен айналысады.

1970-1972 жылдары Кеңес армиясы қата­рында әскери борышын өтеген А.Ақбалаев Отан алдындағы міндетінен кейін Бәйгеқұм елді ме­кенінде орналасқан №97 «СПТУ» училищесінде білім алады. 1973-1975 жылдары №152 Жөлек орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бірер жыл еңбек етеді. Мұнан соң арман қуып Алматы қаласына аттанып, Өрт техникалық әскери училищесіне оқуға түседі. Белсенділікті ту еткен жалынды жас аталған оқу орнын үздікке тәмамдап, өзінің еңбек жолын өрттен қорғау саласында жалғастырады. Нақтырақ айтқанда, 1976-1978 жылдары Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасына қарасты Мемлекеттік өрттен қорғау бөлімінде инспекторлық қызмет атқарады. 1979-1988 жылдары Тереңөзек аудандық ішкі істер бөліміне қарасты Мемлекеттік өрттен қор­ғау инспекциясының бастығы ретінде жемісті ең­бек етеді.

– Бәрі де санамда, көңілімде сақтаулы тұр. 1978 жылдың желтоқсан айында Тереңөзек ауданына қызмет ауыстырдым. Ол кезде бірінші басшылардың келісімін алу міндетті еді. Содан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нәлхожа Ергешбаевтың қабылдауына келдім. Қазір қарап отырсам сол кезде небәрі 26 жаста екенмін. Нәлхожа ағамыз мені жылы қабылдап, бірқатар сұрақтар қойды және аудандық атқару комитеті мен аудандық ішкі істер бөліміне жі­берді. Бірінші хатшының келісімін алғаннан ке­йін аудандық атқару комитетінің төрағасы Сейітнәби Мұқашев пен аудандық ішкі істер бөлі­мінің бастығы Нұрғали Сыздықовқа бардым. Екі азаматтың сөзі бір жерден шықты. Екеуі де «Егер Нәлхожа Ергешбаев мақұлдаса, біз қар­сы емеспіз» деп келісімдерін берді. Сөйтіп, келесі айда Тереңөзек аудандық ішкі істер бөлі­міне қарасты Мемлекеттік өрттен қорғау инспек­ция­сының бастығы болып тағайындалдым, – деген Асылбек Ақбалаев әріптес аға-інілерімен, замандастарымен бірлесе аудан абыройы үшін еңбек еткенін айтып өтті. Оның ішінде, Ережепбай Балмаханов, Байназар Өткелбаев, Серікбай Баймахановтардың қамқорлығы мен көмегін көп көргеніне ерекше тоқталды. Айтып өтуіміз керек, А.Ақбалаев ауданда қызмет атқарған жылдары коммунистердің бастауыш партия ұйымына жетекшілік еткен.

Іскер азамат 1979 жылдан бастап аудандық «Еңбек туы» газеті редакциясымен тығыз әріп­тестік байланыс орнатып, өзі жетекшілік ететін сала жұмысының қыры мен сыры, жаңалықтары туралы үзбей мақалалар жазып тұрған. Газеттің сол кездегі бас редакторы Абызбай Маханбетов­тің, ақын Мұхтар Сақтаповтың, қаламгер Серік Әлімбетовтің ұйғарымымен «Штаттан тыс тілші» атанған. Өндіріс саласы бойынша жазған үздік мақалалары арқылы облыстық «Сыр бойы» га­зетінің екі мәрте марапатына ие болған. Соның негізінде Асылбек Ақбалаев Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі атанған. Мұның бәрі жұмыс пен шығармашылық қызметті ұштастыруының нә­тижесі екені анық.

Ардақты азаматтан «Құмкөл» кенішіндегі 1992 жылғы өрт оқиғасы мен оның сөндірілуі ту­ралы сұрадық. Бір-екі минуттық үнсіздіктен кейін жылы жымиды да: «Еңбегімізді білетін, ұмыт­пайтын азаматтар бар екен-ау» деді өткен күндеріне көз жүгірткен кейіпте еңбек ардагері. Сөйтіп, оқиғаның қалай болғанын қысқаша баяндап берді.

«Ол күн қақап тұрған қыс айы еді. Өзі 1992-1993 жылғы қыс айлары суық болды ғой. Кен орнында топтық қондырғының өртеніп бас­тағанын анықтадық. Топтық қондырғыдағы өрт­ті сөндірмесек, ол 25 скважинаға тарап, бәрі күл-талқан болар еді. Мен ол кезде «Құмкөл» әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімшесі басты­ғының орынбасары едім. Жігіттерді дереу жинап, оларға нұсқама беріп, әр минутты үнемді пайдалануға тырыстық. Біздің жұмысымызға күн­нің суықтығы кері әсер етсе де жылдам, қырағы қимылдап өртті сөндірдік. Ертеңіне таңертең облыс әкімдігінде үлкен жиналыс өтті. Сонда облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов «...өрт тез, дұрыс сөндірілмесе, онда «Құмкөл» кеніші күл-талқан болар еді. 25 скважина түгел өртеніп кетсе, бұл төтенше жағдай облыс үшін өте үлкен шығын әкелетін. Сондықтан топтық қондырғыдағы өртті сөндіруге атсалысқан, сөйтіп барлық скважинаны аман алып қалған жігіттердің еңбегіне бас иіп рақмет айтуымыз керек» деді. Осыдан-ақ өрт оқиғасының салмағын білуге болады» деді Асылбек Ақбалаев.

Жауапкершілігі жоғары қызметтерде адал ең­бек етіп, қоғам игілігі мен жұртшылық мүддесі үшін таза жұмыс істеген азамат еңбек жолында әріптестерінің талай үйді, талай ғимаратты өрттен аман қалып қалғанын да әңгімеледі. Оның ішінде, ғимарат ішіндегі қызметкерлерді, әйелдер мен балаларды аман алып шығудың ауыртпалығын сөз еткенде А.Ақбалаевтың біліктілігіне, күш-жі­геріне тәнті болдық. Ал жауапты қызметтерді мінсіз атқарған азамат отбасында ардақты әке, асыл жар болғанын айтпай өту мүмкін емес. Денсаулық сақтау саласының білікті маманы Сәрсенкүл Зекеева екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардың бәрі аяқтанған. Екі ұлы Қайрат пен Нұрлан «Петро Қазақстан» мұнай компаниясында операторлық қызмет атқарады. Үлкен қызы Маржан №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі болса, Гүлмира – Қызылорда қаласындағы №198 ор­та мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қос әпкесінің жолын қуған үйдің кенжесі Ақмарал да ұстаздық жолды таңдаған. Ол облыс орталығындағы №171 Ғ.Мұратбаев атындағы ор­та мектебінің тарих пәнінің мұғалімі. Асылбек Ақбалаев осы екі ұлы мен үш қызынан бүгінде 12 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.

– Сәрсенкүл екеуміз 1973 жылы отастық. Құдайдың берген екі ұлы мен үш қызын тәр­бие­леп, өсіріп, оқыттық, тоқыттық. Бәрі бір-бір саланың маманы атанды. Үлкен ұлымның келіншегі Ләззат келініме де ризамын. Неме­релерім де осал емес. Үлкен немерем Гүлназ Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы ме­ди­ци­налық академияны бітіріп, инфекционист дәрігер болып қызмет етуде. Келесі немерем Айдана Қызылорда қаласындағы №6 емханада медбике болса, Жандос тасымал қызметімен айналысуда. Темірланым №264 Т.Есетов атын­дағы мектеп-лицейді «Алтын белгіге» тәмам­дап, бүгінде Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетінің «Математика» факультетінде мемлекеттік грант бойынша білім алуда. Қалған балалар мектепте, балабақшада білім алуда. Балаларымның анасы Сәрсенкүл бір­неше жыл бұрын өмірден өтті. Ұрпақтарымның амандығына, ел қатарлы еңбек етіп, білім алып жатқанына шүкір деймін, – дейді ардагер.

Осы ретте өмірге екі ұл, үш қыз әкелген Сәрсенкүл Зекееваның 2017 жылы өмірден өт­кенін айтып өткеніміз дұрыс. Одан кейін Асылбек аға Айжамал есімді әйелмен отасып, бүгінде ұрпақтарының қызығын бірге көруде. Көз жанарынан айырылған азаматтың жағдайын жасап, шаңырағының түтінін түтетіп отырған Айжамал апа отбасының тірегі саналатын Асылбек ағаға мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларды үзбей оқып береді екен. Бұл да үлкен өмірдің бір ғибрат аларлық тұсы шығар. Лайым, берекелі шаңырақтың бірлігі мен тірлігі көркем болсын деп тілейміз.

Ардагердің айтуынша, 70 жасқа толуына орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан құрмет көрсетіліпті. Иығына шапан жауып, Алғыс хат табыстап, облыстың «Құрметті ардагері» төсбелгісін таққан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кадр саясаты бас­қармасының бас маманы Айдос Ермағамбет пен ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Мұсаевқа айтар алғысы шексіз. А.Ақбалаев мұндай құр­метті, марапатты еңбек етіп жүрген жылдары да көп көрген. 1983 жылы Қазақ ССР ішкі істер министрлігінің «Үздік инспектор» атағымен наградталса, әр жылдары «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін түрлі медальдармен марапатталған. ҚР Ішкі істер ми­нистрлігінің құрылғанына 25 жыл толуы­на орай және Өрттен қорғау қызметінің 100 жылдығына байланысты мерекелік төсбелгілер берілген. «Құрметті ардагер» медалі де кеудесінде жар­қы­рап тұр. Мұнан бөлек облыс, қала, аудан әкім­дерінің «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары» үйінің төрінде сақтаулы. Бұл – адал еңбектің, маңдай тердің жемісі. Сондықтан еңбек ардагері ұрпақтарына, жастарға әркез жақсы жұмыс істеп, белсенді болудың маңыздылығын үлгі етіп айтып отырады.

Ардагерлік кезеңге абыроймен жетіп, үл­кен әулеттің тірегі болып отырған Асылбек Ақбалаев жетпіс жастың жемісін де, жеңісін де адал еңбекпен, алға ұмтылуды көздеген күш-жігермен байланыстырады. Жетпіс жасқа дейінгі жүріп өткен жолына қарап, шүкіршілік етеді. Сол шүкірінің түйіні орнықты оймен, пайымды пікірмен ұштасып жатуы да кейіп­керіміздің азаматтық болмыс-бітімін, өмірге деген құштарлығын аңғар­татындай. Жетпістің жел­кенін керген ардагерге біз шын көңілімізбен амандық-саулық тілейміз!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
12 қараша 2022 ж. 417 0