Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балықшының баласы

Балықшының баласы

Шыр етіп көзімізді ашқаннан Сырдарияның жағасында өстік.  Ол кезде дария хан қызындай шалқып, оқ жыландай  қырық оралып иірімденген ұлы ағыс, көктем сайын қайқы жардың ернегінен  асып, шағын көлдерді толтырып,  аққу-қаздар мен өгіз шағалалар келіп шулап  жататын. Қара майланған қара қайықтар ноқталанған асаудай ағыстың екпінінен шайқалып,  дарияның жағасын тұмсығымен соққылап, шиыршық атып ұрынып тұратын.

Сол дарияның түбіндегі көне қыстауда текті әулеттен шыққан Қожасұлы Сырлыбай бидің  ұрпақтары қоныстанған. Тумалардың ынтымағы мен бірлігі сырт көзді сүйсінтетін. Туған ағам Сейілхан Қыстаубайұлы 1955 жылы сәуірдің жиырмасыншы жұлдызында осы қоныста туған. Араға екі жыл салып, өмірге мен келіппін. Екеуіміз дарияның суын үріп ішіп, ақ қайранына  қармақ салып, суырып салма ақын атамыз Әбдік пен Игілік Назарбайдың ай дидарлы қызы Жәмила әжеміздің құшағына таласып, періште пейілді әкеміз Қыстаубай мен Матығұл Қайырбайдың қызы, анамыз Ажардың мейіріміне жылынып, тайдың жалындай желбіреп тете жетілдік. Әкеміздің қолының кішкене өнерге бейімі болды. Теріні өңдеп тон, тымағын, қамшысы мен етігін өзі тігетін. Бірақ, ол кезде қолөнермен отбасын асырау мүмкін емес еді.
Өзен жағалағанның өзегі тала ма? Сыр бойында тұрғандар қалай балықшы болмайды. Бұл өңірдің адамының бау-бақша егіп диқандық  жасауға ебі жоқ. Мал бақса да, оны дара кәсіпке айналдырмаған. Ауылдың ұрынып өскен атбайларлары жалын тіктеп, еңбекке жарағаннан су жағалап балықты кәсіп етіп кетеді. Баланың белінің беріктігін, жүрегінің түктілігін, теңіздің ойнақы толқындарына салып сынайды. Теңіздің алпыс айлалы ақ бас жынды толқынына жігіттің жігіті шыдайды. Сол сынақтан өткені – балықшы боп кеткені. Балықшының бейнеті шаш етектен ғой. Ерте көктемнен теңіздің мұзы кетіпті деген хабар естісімен қара қайықтарын қайта майлап, ау-құралын септеп, қалқыларын тіктеп, тастарын түгендеп дайындайды. 

Бозала таңнан қос ескегі   мен ұзын таяуын сайлап, айдын таңдап қу қайықпен ау салып, кермеше тартып, несібесін судан іздейді. Атамыз Әбдік ашаршылықты көргенмен, балықшы кәсібінің арқасында әулетін аман сақтаған. Сол кездегі артелдің азын-аулақ түйесіне балық артып, оны теңізден жаяу жетектеп ашыққан Поволжье халқына деп Аралға балық тасығанын айтып отыратын. Әкем Қыстаубай төртінші класты үздік бітіріп, аудандық слетке қатысып келген жазда, соғыс басталып одан әрі оқуын жалғастыруға мүмкіндік болмай, атаммен бірге балық аулайды. Балықшылықтың бейнетін сүйегіміз қатып, оң-солымызды танығанда ғана ұғындық. Атакәсіп дегеннің не екенін сонда ғана түсіндік. 
Қос қолын суық суға малған балықшының бейнеті шаш етектен ғой. Жауын мен ыстыққа қарамай, қара күздің құтырған желі мен сары аяздың өтінде еңбек етуге ердің ері ғана шыдайды. Үнемі күдік пен үрей қапталынан қалмайды. Жайдақ теңіздің бетіне шыққан әр сапары  өмір мен өлімнің арпалысы болатын.   
Ол кезде балықшы болу мақтаныш еді. «Райым» балық колхозының іргесі енді бекіген кез. Әкемнің інісі Әбдіков Көлбай ағам Қазалыдан 1954 жылы ветеринарлық училищені бітіреді. Ол кезде ауылда мамандығына сай жұмыс табылмай, қара қайықтың ескегіне жармасып, балықшы болады. Жалындаған жас өз ортасына еліктеп, домбыраны өз бетінше үйреніп, дастандарды таңнан-таңға жырлайтын. Атамыз малсыз емес еді. Осы балам біздің бейнетті көрмесе екен деп талай әрекет жасағанын естідім. Жоқшылық заман. Адамның көңілінің қалауын орындайтын кез емес. Кәрі әке мен ананың жағдайын ойлап, арнасынан бөлінбеді.   

Қазақ бейнетке бір табан жақын тұрады ғой. Жердің бетіндегі жабайы жануар емес, балық су аңы, адамның ығына оңайлықпен көне сала ма?  Адам айласын асырып ұстамаса, еркімен беріле сала ма? Балықшы кәсібі – өте ауыр жұмыс. Ашық теңіздің тұңғиығына барып, ақ бас толқынның адуын мінезін ауыздықтап, нар толқынның тұмсығын таспадай қақ тілген қара қайықтан қасқайып тік тұрып ау төгу, жүректі адамның ғана қолынан келеді. Көк бөрінің ұрпағындай көк аспанға көзінің нұрын қайрап, бойы күш-қуат жинайды. Үрей құлаған жерде үміт желкенін көтереді. Көз үйренген соң, ақыл мен зейін толқынға үстемдік жасап, еңбектің ақ барабанын қағады. Қорықпаған адам еңбектен береке табады. Балықшы күнде армандап өмір сүреді, бірақ, күнде айнаға қарауға мүмкіндігі жоқ. Теңіздің мұзы кетіпті деген хабар жеткеннен, балықшылар дарияны қуалай қайық-қайық болып, құмырсқадай шұбалып, ағыстың ығымен артынып-тартынып үдере көшеді. Ол кезде машина да жоқ болатын. Ұлы теңізге ығып жетеді. Өз хабарлары өздерімен болады. 

Теңіздің түрін көрмесек те оның асау толқынын естіп көңіліміз су сепкендей басылып, бала болсақ та бауырларымыздың амандығын тілеп, дауыл тұрса жанымызды шүберекке түйіп, аман болса екен деп тақымымызды қысатынбыз.  Демімізді ішімізден алып, алаңдап жүреміз. Сол кеткеннен көктем мен жаз, күздің қырауы құрысқанша үй бетін көрмейтін. Сөйтсек, балықшының әр күні ерлікке толы екен. Колхоздың басшысы Берекет алпысыншы жылдары нағашыларына жаңа қоныстан Қызылжар ауылының сызбасын дайындатып, жағалай кесек үй тұрғызды. Бұл жаңа дәуірдің ашылған алғашқы парағы еді. Білте шамды қалдырып, оқтай түзу көшелерге жарық жүргізді. Мектеп пен клуб салынды. Білікті басшының арқасында өнері қанында бар ауылға осылай мәдениет келді.

Жаңа қонысқа көшкен жылы қыста Сейілхан екі аяғын баса алмай қатты ауырып, ұзақ жатып қалды. Балам мешел болып қала ма деп атам күйзелді. Қатты үрейлендік. Ауылда білікті дәрігер болмады. Көлбай ағам ойланып отырып: «Қамбашта Айтқожа деген фельдшер досым бар, соны ерітіп әкелемін деп боранда атпен жолға шығып, алып келді. Дәрігер әбден тексеріп көрді.
– Аяғы қатты суықтапты. Жыланның майын әкелдім. Тізесіне жағып, жылы ұстаса, айығып кетеді, – деп күлкісімен үйімізді жылытты.  Содан көп кешікпей аяғына тұрды. Ауылда мектеп сегізжылдық болып, Аралдағы №177 орта мектепте  оқыды. Мен ағаның қадірін ерте сезіндім. Үйге келсе, оны тірлікке жақындатпадым. Қора тазалау, мал жайғару, дариядан су әкелуді өзім мойыныма алдым. Бетіне келмедім. Оның сөзі – маған заң. Тек ағам аман болса екен деп тіледім.

Әскерде  Семейдегі әскери әуе күштері бөліміне түсіп, арнайы дайындықтардан өтіп, СССР Қорғаныс министрлігінің «Механик-аэрофотограф» маманы атанды. Мен үнемі ауылдың жаңалығын айтып хат жазып тұрамын. Әскери тәртіп адамның өмірге көзқарасын өзгертіп, ойын өсіріп, шығырында ширатады екен. Бірде маған «Адам ауылдан кетсе, сағынбасты да сағындырады екен», – деп жазғаны есімде. Әскерден соң, көп ойланбай әкемнің қасында атакәсіпті жалғастырамын деп шешті. Мен іштей ол ойын ұнатпадым. Оқығанын қаладым. Бірақ, ойымды айта алмай қабырғама бүктім. Сейілхан ағам орынсыз сөйлегенді ұнатпайтын. Кісінің алдын орап өтпейтін, көкірегі таза, имандылығы мен биязылығы бірін-бірі толықтырып тұратын. Әзілді де орынымен айтатын. Жаратылысынан бірсөзді, қулық пен өтірікті сүйегіне жуытпаған, дүниеге қызықпаған, асын адал ішкенді қалайтын. Біздің тұқымның ерлері өзінен бұрын өзгеге болсын деп тілейтінін қайтерсің?! Томағалығы тойдырады, орайлы жерінде ойып сөйлер тілінен кейде көз қаймығады. Елдесем дегенмен елдесетін, белдесем дегенмен белдесетін батырдай білекті де, кең жүректі, қапсағай иықты, қой көзді, қыр мұрынды, ат ерінді, сабырлы жан болып өсті. Інісінің балықшы боламын деген тілегін тыңдаған Көлбай ағамыз өзінің бригадасына жаздыртып алады. Әкеміз – баланың шекесінен шертпеген, шүкіршілігін шырақ еткен, қой аузынан шөп алмайтын жібек мінезді жан. Қайта шешеміз аузы батыр, керек жерде уықша ие салатын ер мінезді еді. Бірақ, ағамның ниетіне олар қарсы болмады. Көйлектің түймесіндей екеуі бір-бірін түсініп, күлді де қойды. Анам дастарханын дайындап, әкем бір жандығын шалып, ағайындарды жинап жолашар жасап, ақсақалдардың батасын әперді. 

Алғашқыда ауылдағы көлдерден балық аулады. Ағасының ығын сағалап, аудың құлағын жағалап пісті. Көлбай ағаның  қасында жүріп өнегесін алады. Көлекең атына заты сай, барын көпке шашатын қолы ашық азамат болды. Аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдақ, сөзі пірлі, ісі мірлі, көпті тілімен он орап алатын. Істің көзін тауып, көптің ойына жағатын. Кез келген қиындықты тез шеше алады. Балықшының тірлігін көзімен көрген адам ғана түсінеді. Заман алға жылжыған сайын, колхоздың жағдайы жақсарып, балықшылардың жұмысы да жетілдірілді. Қос ескекпен қарын талдыратын қарабайыр дәуір өтіп, қара қайықтың орнына ақ каюталы пластик моторлы қайықтарды балықшылар жарыса мінді. Ауды қарап болып, ақ маржанға толы қайықтардың ыңырана жағаға оралар сәтіндегі көрініс, кез келген балықшының делебесін қоздырып, шаршағанын толқынның сиқыры тартып алатын. Ауыл адамдары оның ішінде балықшылар қауымы көн табан атандай бейнеттің бәріне үнсіз көнер еді. Барға да, жоққа да көнбіс. Ұлы дариядан су орнына ақ тыран аққан молшылықты да көрді. Мыңдаған аймаққа жылым төгіп тартқанда соқыр торта да шықпаған кезде де налымады. Қанағатшыл жандарға Тәңірдің шапағаты жауған. Отбасын асырау оңай ма? Табыс ағып келіп жатады, кетіп жатады. Судан алған, суға кетеді. Балықшының маңдайы шылқып баюы екіталай, аш қалмайтыны тағы да ақиқат. Сейілхан аға осының бәрін көңіліне тоқып білді.  Колхоз басшылығы да ісіне тындырымды, еңбексүйгіш жастың қолтығынан демеді. Партия қатарына қабылдады. Халық қолдап, ауылдық кеңестің, аудандық мәслихаттың депутаттығына бірнеше мәрте сайланды.

…Қыс айы. Қосжарда қысқы жылым науқаны басталып, Көлбай ағамның бригадасының нөмері мойыны ұзақ жерге түседі. Қыс болса қаһарында.   

Жайдақ жердегі азынаған суық желдің ызғарының түрі бөлек. Сақырлаған сары аяз. Түкірік жерге түспейді. Көлдің көкше мұзының қалыңдығы метрге жуықтайды. Жылымның бір жақ қапталына сүйменші етіп Сейілханды қояды. Әкем де осы бригадада жылымшы. Естігенде шекесінен тер  бұрқ ете қалады. «Алғаш сүйменге түскен бала шыдас беріп алып шыға ала ма?» – деген ой санасында қылаң етеді.  Ізіндегі арқан айдаушы ақкөз адам екен. Ойынға баланы ізінен қуалап, шаршата ма деп ойлайды. Көл жағасында баласына жақындаған әке:
– Балам, Алла жар болсын! Елдің көзі сенде. Алақаныңды алдырма! Маңдай теріңді алақаныңмен сүртіп отыр, – деп құлағына сыбырлап үлгіреді. Ол үнсіз басын изеген. Тартыншақтап тұратын сәт емес. Шешуші шақтағы міндет қажырлылықпен жылымның бір қанатын күдіртпей алып шығу керек. Сүймені мен күрегін сүйретіп көлге мінеді. Көз қорқақ, қол батыр ғой. Алғашқы екі-үш ойықты қобалжу  болғанмен ет қызған соң, күдік сап тыйылады. Әлсін-әлі артындағы арқан айдаушыны қарап қояды. Алланың берген абыройы жағаға шалдықпай жетіп, майлықтың орнын ойып біткенде арқан айдаушы да жетеді.  «Баламды көріп, арқамның құрысы жазылып, төбем көкке жетті. Несібесіне шонтай ақ маржандарға тіреліп, жылым майлап қалды, – деп әкем мақтана әңгімелеп еді. Осы өрліктің арқасында 1978-1979 жылдары екі жыл қатарынан «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атты төсбелгіні омырауына тақты. СССР-дің 60 жылдығына орай, Қызылорда облысының «Таңдаулы өнеркәсіп қызметкері» деген атақпен марапатталды. Қазақстан Балық Министрлігінің құрмет грамотасына ие болды.

Аралдың суы қайтып, балық қоры азаюына байланысты балықшылардың ау-құралдарын ауыл аэрофортына жинап, «Ан-2» самолетімен Ырғызға тасыды. Адам шақырса бармайсың, дәм шақырса қалмайсың ғой. Сол көлдің жағасында айлап жатып аулады. Түске дейінгі көл бетіндегі үнсіздіктің есесін төрт көздері түгел палаткаға жиналғанда әуелеген әдемі әзілмен толықтырады. Одан барлық балықшылар  көктем-жазғы маусымда Балқаш көліне  көшті. Әр жердің өз қыр-сыры, әр көлдің өз мінезі болады. Осы кезеңде Балқашта бекіре балығы көп болатын. Бекіренің ұзындығы құшақтан асатындықтан, таразыға тасуға ыңғайлы болу үшін, екі қанар қапты түбін бір-біріне жалғап тігіп қояды екен. Көлбай ағам мен Сейілхан  стеклопластика қайығымен ау қарауға барады. Барса бекірелер ауды басып қалыпты. Жиырма данасын тордан сығып алғанда, қайық ыңыранып қалады. Екеуі амалдап қабылдау пунктіне тапсырып, қайта оралып тағы да жиырма дана бекірені әкеліп өткізеді. 

Әбдіковтер әулетінен еңбегімен ардақталған әкем Қыстаубай Қуанышбаев облыстық кеңестің депутаты, «Құрмет белгісі» орденінің иесі болса, Көлбай Әбдіков Қазақстан коммунистік партиясының ХIII cъезінің делегаты, «Құрметті колхозшы» атанған. Тазалықты жаны сүйген Сейілхан Қыстаубаев 1986 жылы Қазақстан коммунистік партиясының ХVI cъезіне делегат болып, колхоз председателі Берекет Омаровпен бірге Алматыға барады. Берекет – Әбдік атамыздың әкесі Қуанышбай бабамыздың қызы Асыл апамыздан туған. Жүрегі қайырымды жан Сырлыбайлар десе, оң иығын бұрып іші жылып тұратын.

Балықшыға дүйсенбі ме, жексенбі ме бәрібір. Демалыссыз жұмыс істейді. Кейде дауылдан ау есіліп қалса немесе жылымды түбі мықты томар іліп жыртып алса, жөндеу жұмыстарын жасау үшін ғана жұмысты тоқтатады.

Күзге салым уақыт. Қаракөлде Көлбай ағамның бригадасы жылым тартуға кеткен. Күн ұясына еңкейген шақта есіктің алдына колхоздың машинасы тоқтады. Әкем есік алдында ау көктеп отырған. Машинадан Сейілхан  түсіп келді. Жүзі жайдары.
– Әке, жылым майлады.
– Аһа! – деп әкем орнынан атып тұрды.
– Шонтай ортада тұрып қалды. Өңшең сазан. Әкем балаша қуанды.
Сол олжаны аптадан аса сүзді. Ағылған халық.  Келгендерге қап-қап сыралғы сыйлау. Машиналарға балықтарды артып, мұзқалаға өткізіп жатады. Көз жобамен мың центнерден астам балық шықты. Таразыға жеті жүздің үстінде өтті. Қайталанбайтын оқиға. Аңызға айналған апта болды.

Анамыз мәңгілік мекеніне ерте кетті. Әке жетім, балалар жетім күй кештік. Әке үмітін гүлдендіріп, ағам Даражаға үйленіп шаңырағымызға шаттық сыйлады. Феруза, Оралхан, Перизат, Әскербек, Алтынбек есімді балаларын өсіріп, немере көрді. Шөберенің алақанынан май жалады.

Сейілхан ағамның құрдастарын ауылдастар «Елубестер» дейтін. Елубестер – Қызылжардың гүлі еді. «Елу бестердің шайы» олардың достығының айғағы екен. Жақсылықта да, қиындықта да солар төбе көрсететін. Дүние бір орнында тұра ма? Мәңгілік өмір жоқ. Асылдардың бәрі бірінен кейін бірі өз әлемдеріне аттанды. Ердің еңбегін айтпаған ел жетім, жағасына құсы қонбаған көл жетім.

Бүгінде біздің әулетте атакәсіпті Көлбайұлдары Әділжан мен Ақынжан жалғастырып келеді. Әділжан Әбдіков – жеке кәсіпкер. 2013 жылдан бері «Қаракөл», «Алаша» көлдерінде тауарлы балық өсіріп-аулау шаруашылығымен айналысады.  «Ауылшаруашылық саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
Балықшының думанын айтып тауыса алмайсың. Орнында бар оңалады. Ұраншыл ұл ту алады.

Темірхан ӘБДІКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Арыс қаласының Құрметті азаматы
30 қазан 2022 ж. 249 0