Ауыл тарихындағы айтулы азамат

– Сол кездегі партияның нұсқауымен, ұмытпасам 1955 жылы екі колхоз біріктіріліп, мұндағы ел Қараөзекке көшірілген. Өкінішке орай ол жерде егінді суаруда мәселе болғандықтан бір жылдан кейін карлмаркстіктердің кері көшуіне тура келді. Ауылдың бәрі қайта көшіп келген жоқ. «Елге ел қосылса құт» дегендей сол жақта жұмысқа тұрғандар қалып қойды. Сол себепті қараөзектік ағайындармен байланысымыз күні бүгінге дейін үзілген емес. Қараөзектің алқабы мал жайылымына лайықты, ал «Карл Маркс» колхозының жері егіншілікке тиімді екенін дәлелдеген колхоз төрағасы Садық Ысқақов атты іскер азамат еді, – дейді Т.Жұмабекұлы.
Төкең Садық Ысқақовтың бұрынғы «Майлықұм» колхозының азаматы екенінде айтқан болатын. Тарихқа зер салсақ, қазақ асыра сілтеуден көп жапа шеккен халық. Жергілікті жердің жағдайын білмейтін керенау басшылықтың, дұрыс ойластырылмаудың салдарынан тасмешін – ашаршылыққа да душар болған. Ал халыққа жаны ашып, сусыз жерге егін екпей, мал өсіру тиімді деп өз ұсынысын жоғарыға дәлелдеген Садық Ысқақов нағыз азамат басшы емес пе?
Майлықұмның түлегі 1912 жылы дүниеге келген. Ауылындағы жетіжылдық мектепті он алты жасында бітіргеннен кейін колхоз жұмысына араласқан. Қара жұмыстан бастап, түрлі саймандар жасайтын ұста да болған. Еңбек екпіндісі атанып, комсомол қатарына қабылданған. Комсомолдық жолдамамен Бүкілодақтық Түріксіб теміржолында еңбек еткен. Содан кейін елге оралып, «Майлықұм» колхозында есепші, Қараөзек ауылдық тұтынушылар Одағының төрағасы қызметтерін атқарған. Қай жерде еңбек етпесін жұмыстың көзін білетін, қолға алған ісін алға бастырып, тиянақты жүргізетін кадр Садық Ысқақов туған жері Қызылту ауылдық кеңесінің хатшысы, төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған. Іскер басшы 1940-1950 жылдары «Майлықұм» колхозын басқарып, соғыстың зардабынан жүдеген елдің еңсесін тіктеуге белсенді атсалысып, жетім-жесірге пана болды. Садық аға майданға баруға денсаулығы жарамай елдің ауыртпалығын көтеруге әлінің келгенінше аянбай жұмыс жасады. Майлықұмнан кейін «Қараөзек», «Карл Маркс» колхоздарын басқарды.
Нағилық еңбек ардагері Төребек Жұмабекұлы колхоз төрағасы болған Садық Ысқақовты былайша суреттейді: «Үнемі аттың үстінде жүретін. Етігінің қонышында жер өлшейтін сызғыш болатын. Қай жерде жұмыс қолы жетпей жатса, аттан лып етіп түсіп, іске бірден кірісіп кететін. Ол кезде техника аз, негізгі жұмыс қол күшімен атқарылатын. Басқарма колхозшыларға көмектесіп, жер қазып, жап та бөгеді. Қай жерде қиындық туындаса, сол жерден табылатын» дейді ардагер.
Жастайынан колхоз жұмысына араласқандықтан Садық аға егіншілік мәдениетін жетік білген. Ол басқарған колхоз өнім өндіруден ауданның алды болған.
– Әкем көптің мүддесін бірінші кезекке қоятын білімді іскер азамат еді. Бізге жақсы тәлім-тәрбие берді. Өзім жоғары білімді ұстазбын, өкінішке орай әкем өмірден бергенінен берері көп кезде кетті. Елу бір жасында бейдауа дерттен көз жұмды, – дейді зейнеткер ұстаз қызы Бибісара Ысқақова. Колхоз өндірісін ұйымдастырудың шебері Садық Ысқақов артына ұлағатты іс қалдырған осындай айтулы азамат болыпты.
Шаһарбек БАЛТАБАЙҰЛЫ