Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілімнің тірегі – Тәуелсіздік

Тілімнің тірегі – Тәуелсіздік

«Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді.

Тіл ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың болмыс-бітімінің сақталуында шешуші рөл атқарады. Тіл – Тәуелсіздіктің жарқын көрінісі.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалы «Тілімнің тірегі – Тәуелсіздік» тақырыбында кездесу өткізді. Аудандағы тіл жанашырлары бас қосқан кездесу еркін форматта жүргізілді.

Жиынды ашып берген халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов қонақтарды қастерлі мерекемен құттықтай отырып, тіл мәртебесінің бәрінен биік екеніне тоқталды:

– Ауданымызда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп жүрген өздеріңіздей тіл жанашырларымен ұлық мереке қарсаңында кездесіп, жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев биылғы Жолдауында «Қазақтың тілі – қазақтың жаны» деп ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда туған тілге деген құрмет артып келеді. Бұған күні кеше Түркістан шаһарында өткен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ҮІ Құрылтайы куә. Ауқымды іс-шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Білім министрі Асхат Аймағанбетов пен Парламент депутаттары, еліміздің барлық өңірінен келген қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, облыстар мен қала басшыларының орынбасарлары қатысты, – дей келе аталған Құрылтайда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын елордаға көшіру, өңірлердегі филиалдарының дәрежесін көтеру, материалдық базасын нығайту сияқты мәселелер көтерілгенін баян етті.

Одан кейін жиынға құрметті қонақ ретінде қатысқан аудандық ұйымның басқарма мүшелері М.Елеусінов пен З.Жүсіпбайұлы сөз алып, қатысушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

Кездесу соңына таяу арнайы марапаттау салтанатына кезек берілді. Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының атынан Шаһарбек Балтабайұлы бір топ тіл жанашырына арнайы «Құрмет грамотасы» пен сый-сияпат табыстады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 желтоқсан 2021 ж. 439 0