Дақыл мол, диқан мерейлі
Республика көлемінде «Үздік ауыл» атанған Нағи Ілиясов ауылы қай істе де алдыңғы қатардан орын алып, үздік атануда. Ауыл тұрғындары көнеден ата кәсіп болған егін шаруашылығын жандандырып, Сырдың басты байлығы күріш өсіруде аймақ мерейін үстем етіп келеді. Саладағы жан-жақты өркендеу мен ұдайы алға жылжу ауылдың гүлденуіне де өз серпінін тигізіп отыр.
Сонымен қоса, іргелі шаруашылық «Мағжан және К» ЖШС еңбеккерлеріне жыл сайын жан-жақты қолдау көрсетеді. Жыл бойындағы қиыншылыққа қарамастан егіннен мол өнім алған шаруалардың еңбегі берекелі күз айында еселеніп қайтады. Осы ретте, облыс орталығында өткен «Алтын дән – 2022» мерекесінде «Мағжан және К» ЖШС озат диқандарға 5 автокөліктің кілтін тарту етті. Су жаңа бір көліктің кілті серіктестік директорының орынбасары Медет Маухановқа бұйырды. Бұл – «Еңбек ер атандырады, даңққа бөлейді» деген өмірлік қағиданы ұстаным еткен еңбек адамының еңбегінің нәтижесі.
– Ауыл – қазақтың алтын бесігі, ортаймайтын құтты қазаны, молшылық мекені. Ауыл түлесе, халықтың берекесі кіреді. Ала жаздай егін егіп, еңбек қылған диқандардың еңбегі еселеніп, ырыс тасып жатыр. Қасиетті қарт өзеннің жағасында орналасқан ынтымағы жарасқан Нағи Ілиясов ауылының бүгінде әл-ауқаты көш ілгері десем артық айтқандық емес. «Үздік ауыл» атанған аймағымыз әркез алдыңғы қатардан көрініп келеді. Соңғы жылдары аймақта орын алған су тапшылығы егін саласына айтарлықтай әсер еткенімен, дала еңбеккерлері барлық мүмкіндікті пайдалана білді. Осындай бірлік пен берекелі тірліктің арқасында ауданымыз «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биылғы жылы ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген Үздік аудан» номинациясымен марапатталды. Бұл – ортақ абырой, ортақ мәртебе, – дейді М.Мауханов.
Кейіпкеріміз 2011 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түскен. 2015 жылы жоғарғы оқу орнын «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілік қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген ол жастайынан табиғатқа, еңбекке етене жақын болып өседі. 2016 жылдан «Мағжан және К» ЖШС-де темір ұстасы болып еңбек жолын бастаған Медет 2017 жылдан техника қауіпсіздігін сақтау инженері болып жұмыс жасаған. Жігерлі әрі жалынды азамат өз саласына деген қызығушылық пен ынтаның нәтижесінде 2019 жылдан бастап серіктестік директорының орынбасары қызметін қалтқысыз атқарып келеді. Бұл қызметіне серіктестік басшылыңы зор сенім артады.
Айта кетейік, биылғы жылы ауданымызда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 33098 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріштің көлемі 20728 гектар, жаздық бидай – 2119 гектар, мақсары – 359 гектар, күнбағыс – 2 гектар, қант құмайы – 20 гектар, сүрлемдік жүгері – 42 гектар, жаңа жоңышқа – 2113 гектар, ескі жоңышқа – 6696 гектар және картоп, көкөніс, бақша өнімдері – 1019 гектарды құрайды.
Диқандардың зор табысы – тынымсыз еңбек пен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің жемісі. «Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана, ысырапсыз жинап алу – мәре» дейді Ыбырай Жақаев. Олай болса, биылғы мәреге үлкен мәртебемен, мерейі артып жеткен еңбек адамын жетістігімен құттықтаймыз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ