Озат күрішші
«Бесарық» ЖШС-нің күрішшісі Еділ Оңалбаев биыл облыстық «Алтын дән – 2022» мерекесінде «Озат күрішші» номинация иегері атанды. Облыстың егінжай ерлері марапатталған тұста бесарықтық диқанның да мерейі үстем болды.
Күрішші биыл 30 гектар жерге Сыр салысының «Элита» сортын егіп, гектарынан 100 центнерден өнім алды. Жоғарғы көрсеткішке жетуінің сырын күрішші былай деп жеткізді:
– Ерте көктемнен бастап егіс даласында Сырдың басты дақылын егіп, мәпеледік. Күріш те бала секілді. Қалай баптап өсірсең, солай өнімін береді. «Күріш суымен ырыс» демекші, уақытылы суғарылып, күтімге алынды. Ауа райы да биыл қарасты. Арагідік ыстық күндер болғанда күріштің күтімін бір сәтке де көзден таса қылмадық. Нәтижесінде, Жер-Ана молынан ырыс-несібемізді берді. Жайқалған егістіктің ортасында жүріп, балаша қуанған сәттерім көз алдыма келеді, – дейді дала еңбеккері Еділ Әмірұлы.
Бесарықтық күрішші соңғы 3-4 жылдан бері серіктестікте Нұрлан Қадырбергеновтің №3 бригадасында күріш егумен айналысады. Биылғы егін жинау науқанында бригададағы 8 күрішшінің ең үздігі атанды. Еділден бөлек жоғарғы өнім алған Бауыржан Аппақов пен Шарапат Бодановтың да ерекше еңбегін атап өту керек. Олардың да күріштігі жайқалып өсті. Осы күні мол астық қамбаға түсіп, ел ырысы артқан.
– Мен бұрынғы Сырдария ауданына қарасты Тартоғай ауылында туғанмын, кейін ата-анаммен Бесарыққа көшіп келдік. Әкем Әмір, анам Нәзипа қойшы болды, осы ауылға келгеннен кейін күріш екті, кейін қайта шопан атанды. Осында білім алып, отбасылы болдым. Келіншегім Айгүл жақында алтыншымызды босанды. Қазір 5 ұл мен 1 қыздың әкесімін. Үлкен ұлым Нұрдәулет әскерден келді, серіктестікке өз мамандығы бойынша ветеринар болып жұмысқа орналасты. Осы уақытқа дейін әртүрлі жұмыс істеп келдім. Соңғы 4 жылдан бері серіктестікте күріш егіп, ризық-несібемді жерден көріп келемін. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда биыл егін бітімді болып, мол өнім қамбаға құйылды. «Егінші жылда арманда» дегендей, маңдай теріміздің қайтарымы ретінде үздіктер көшін бастадық. Арнайы номинация алып, қуанышқа кенелдік, – дейді озат күрішші.
Маңдайын күн сүйген күрішшінің қуанышына ортақтасып, біз де қуанышына ортақпыз.
Бибісара ЖАНӘЛІ