Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтқарушылар қашан да құрметке лайық

Құтқарушылар қашан да құрметке лайық

19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылдан бері адам өмі­рін сақтау үшін өз жанын шүберекке түйе­тін ауыр әрі жауап­ты саланың мамандары өз кәсіби мерекесін қазан айын­­да тойлайды. Биыл төтенше жағдайлар қызметінің құ­рыл­­­­­­­­ға­нына 27 жыл толды. Яғни, 1995 жылы Қазақстан Рес­пуб­­­­­ликасы Президентінің Жарлығымен ҚР Төтенше жағ­дай­лар министрлігі құрылған еді. Кәсіби мереке қарсаңында Сырда­­­рия ауданының төтенше жағдайлар бө­лі­мінің бастығы, аза­мат­­­­­­­тық қорғау подполковнигі Нұрбол Бақтиярмен арнайы сұқ­бат құрдық.

– Нұрбол Сағынұлы, ең алдымен кә­сіби қызметтеріңіз туралы әңгімелессек. Әлеу­меттік желіден құтқарушылар туралы бейнебаянды көргенде, шынын айтқанда, жан дүниеміз тітіркеніп кетеді. Ер азамат­тарымыз лаулаған оттың арасында өз өмірін тәуекел етіп әрі ауыр өрт сөндіргіш құралдармен жанталасып қызмет етеді. Мысалы, өзіңіз кей кезде осы саланы таң­дағаныңызға өкінбейсіз бе?

– Әлемде 10 мыңнан аса мамандық түрі бар екен. Оған арнаулы және қосымша мамандық түрлерін қоссаңыз, 50 мыңнан асып түседі. Осын­ша мамандықтың ішінде ең қиын әрі қауіпті қыз­меттің бірі құтқарушылардыкі деп білеміз. Себебі, қандай жағдай болмасын, қауіпке бас тігу, ең басты байлық адам өмірін сақтап қалу – біз­дің негізгі міндетіміз.

Құтқарушы мамандығының иесі атанғаныма ешқашан өкінген емеспін. Бізге үнемі физикалық дайындық қажет, сондықтан тұрақты түрде спортпен шұғылданып, жаттығу залында шың­даламыз. Біздің мамандық қандай да бір қателікті кешірмейді. Салқынқандылық та, жедел шешім қабылдау секілді қасиет те керек. Жауапты қыз­метке адал болу – азаматтық борышымыз. Кейде төтеннен келетін апаттың зардабы қайғылы жағдайға дейін әкеледі. Сон­дықтан құтқарушылар ең алдымен адамның өмірін сақтауға күш салып, ең алғашқы көмек көрсетеді. Мұндайда ержүректілік, қайсар мінез, білім және тәжірибе аса қажет.

– Сырдария аудандық төтенше жағдай­лар бөлімі, яғни өздеріңіз аудандық газет редакциясымен тығыз байланыс орнатып, ұдайы тұрғындарды қауіпсіздік шараларымен ақпараттандырып отырасыздар. Бөлімнің негізгі қызметтік жұмысына тоқ­талсаңыз.

– Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі азаматтық қорғау саласындағы мем­ле­кеттік саясатты, оның ішінде, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, аудан аумағында аза­маттық қорғанысты ұйымдастыру және өрт қа­уіпсіздігін қамтамасыз етуді, төтенше жағдай ай­мағында халыққа көмек көрсетуді жүзеге асырады. Бөлімде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен Төтенше жағдайлар департаменті басшылығының тапсырмаларын орындау және оның орындалуын бақылау кү­шей­тілген. Министрлік пен Комитет, департамент бұйрықтары, Алқа және жедел кеңес шешімдері жеке құрамға уақытылы таныстырылады.

Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімі құрылған жылдан бастап төтенше жағ­дайдың алдын алуға және жоюға, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қам­тамасыз ету қызметін атқарып келеді. Қызметкерлер тәу­ліктің кез келген уақытында орын алған төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтап қалуға күш-жігерін аямай, кәсіби біліктілік танытуда. Сонымен қатар, республиканың өзге өңірінде тө­теннен орын алған апат кезінде көмекке шы­ғуға дайын тұрамыз. Мәселен, табиғи апат су тасқыны, зілзала, орман өрті сияқты оқиға ке­зінде зардап шеккен аймақ тұрғындарын құт­қаруға белсене атсалысамыз. Жаз, күз айларында тұрғындармен тығыз қарым-қатынас ор­натып, төтенше жағдайдың алдын алуда үгіт-на­сихат жұмыстарын жүргіземіз. Және де өзіңіз айтып өткендей, әлеуметтік желі және аудандық бұқаралық ақпарат көздерімен тығыз байланыс орнатамыз. Сол арқылы халықты қауіптің алдын алуға үндеп, құлақтандырып отырамыз.

– Аудандағы өрт оқиғасының тір­­келу дерегі бойынша ақпарат беріп өтсе­ңіз?

– 2022 жылдың 9 айында аудан аумағында барлығы 20 өрт оқиғасы тіркелді. Одан бөлек, өртке жатпайтын жану оқиғалары да бар. Қанша дегенмен, тілсіз жау ғой. Орын алған өрттердің салдарынан 2 адам қаза болса, жарақат алу фактісі де тіркелген. Адам шығыны, қаншама материалдық шығын келтірілген. Өрттің орын алу нысандары бойынша, ең көбі тұрғын үй секторында орын алады. Яғни, үй-жай немесе мал қораның өртенуі жиі кездеседі. Одан кейін авто­көлікте және нысандар мен орман өрті де орын алады. Жайсыз жағдайдың туындауына негізінен электр құрылғыларын жүргізу мен пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы се­беп болады. Жылыту құрылғыларының салда­рынан қауіпті жағдайлар орын алып жатады. Ашық отты пайдалану, яғни табиғат аясында қандай да бір мақсатта от жағып, оны қараусыз, өшірмей қалдырып кету­дің соңы қайғылы жағ­дайларға әкелуі мүмкін. Ай­та кетерлік жағдай, өрт оқиғасының туындауына себеп болған кінәлі тұлға жауапқа тартылады.

– Төтенше жағдайлар бөлімі кез келген төтенше жағдайда халыққа көмек көр­сетіп, құтқарудың алдыңғы шебінде жү­реді. Осы ретте, өрттен бөлек, суға түсу маусымында да апатты жағдайлар орын алып жатады ғой?

– Иә, қанша жерден арнайы тақташалар орнатып, белгі қойып, ақпараттандыру жұмыс­тарын жүргізгенмен жыл сайын түрлі қайғылы жағдайлар орын алады. Суға түсу маусымында біз арнайы рейд жүргізіп, тұрғындарды ақпа­раттандырамыз. Дегенмен, су да – тілсіз әрі қауіпті жау. Биыл бұл мәселе бойынша 3 жағдай орын алды. Былтыр 6 жағдай тіркелген еді.

– Аудандық газет түрлі жастағы оқыр­мандарды қамтиды. Яғни, біздің сұқба­тымызды үлкен кісілерден бөлек, мектеп бітіруші түлектер немесе кейінгі буын өкілдері де оқиды. Осы ретте, құт­қа­ру­шылық қызметті таңдағысы келетін жастарға ақыл-кеңесіңізді айтсаңыз? Ең алдымен, қандай қасиеттерді бойына сіңі­руі қажет?

– Айтып өткеніміздей, құтқарушының негізгі мақсаты – адам өмірін сақтау, оқыс оқиға­лар­дың алдын алу. Осы ретте, аталған салаға қызығушылық танытқан жастар ең алдымен спортқа жақын болуы керек. Ұдайы жаттығып, шымыр болу – ең басты шарт. Содан кейін ба­тылдық керек. Себебі, зардап шеккен адамды құтқару үшін отқа да, суға да түсуге тура келеді. Осындай кезде өзіңді ойлап жатпай, жыл­дам әрекет ету қажет. Сондай-ақ, тез шешім қабылдау, ептілік, біліктілік пен саламатты өмір салтын сақтау да құтқарушының негізгі қасиеті болуы міндетті.

– Қауырт жұмыс арасында уақыт тауып, арнайы сұқбат бергеніңізге рақмет. Бейбіт күнде адамның өмірі үшін күресетін құтқарушылар алдыңғы шептен көрініп, халықтың қауіпсіздігі үшін жан аямай ең­бек етуде. Өз өміріне қауіп төнсе де, тұр­ғын­дардың тыныштығын қамтамасыз ету­­ге қызмет ететін құтқарушыларға мың ал­ғыс! Кәсіби мереке құтты болсын!

– Осы ретте, ұдайы ақпараттық қолдау көр­се­тетін «Тіршілік тынысы» газеті ұжымы, өзде­ріңізге зор алғысымды білдіргім келеді. Сон­дай-ақ, әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жү­рек­тен құттықтаймын.


Сұқбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
18 қазан 2022 ж. 421 0