Серіктестікте жолдау түсіндірілді
Бүгін аудандық мәслихат депутаты Д.Ералиев "Мағжан и К" ЖШС ұжымына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттады. Ұжыммен кездесу барысында Дархан Жұмашұлы биылғы Жолдаудағы ауылшаруашылық саласына қатысты тұстарына баса назар аударып, ұжым қызметкерлеріне түсіндірді.
Жолдауда еліміздегі жүргізіліп отырған Конституциялық реформаның негізгі бағыты - саяси-әлеуметтік жүйені жаңғырту арқылы әділетті Қазақстанды құру екендігін айтып, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайына көңіл бөліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту, шағын және орта бизнесті дамыту, макроэкономикалық жүйені тұрақтандыру, жаңа салық саясатын енгізу, ауылшаруашылық саласы, білім мен медицина саласындағы атқарылатын басым бағыттар жиын барысында айтылды.
Бұл Жолдау тәуелсіз елдің берік діңгегі мен біртұтастығын сақтауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жан-жақты шешіп, нақты міндеттерді орындауда маңызды құрал болмақ. Жолдау мемлекетіміздегі әлеуметтік ахуалды жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың нақты жоспарына айналатыны сөзсіз.