Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Билердің ісі – бізге үлгі

Билердің ісі – бізге үлгі

Қазақтың заңға бағынғанына, құқықтық қағидаларды сақтағанына тарих куә. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің Жеті жарғысы өз заманының заңдық жаршысы, халықтың сенімді қорғаны бола білді. Осы құжаттардың барлығының дайындалуына хандар бастамашы болғанымен, заңның негізін жасаған билер екені даусыз шындық. Өйткені, халықтың жайын, елдің мәселесін ханнан гөрі, би жақсы біледі. Оны билерге жүктелер жауаптылықтың қаншалықты зор болғанына қарап бағамдау қиын емес. Билер адвокаттың да, прокурордың да, соттың да, медиатордың да ролін қатар атқарған әмбебап адамдар. Бұған қоса, екі елді елдестіру, мемлекет арасындағы мәселелерді шешудің де билерге тапсырылғаны баршамызға белгілі.

Биге артылған жауапкершілік жүгі қандай жоғары болса, оған көрсетілетін құрмет те сондай биік еді. Айналасына өзін мойындатқан, сөзін тыңдатқан билер кез келген дауды ақылмен, бітіммен шешті. Биді сыйлағандықтан, бидің айтқан төрелігін мойындағандықтан айтылған кесім, берілген үкімнің орындалмайтын кезі болмайтын. Қазіргі судьялардың билер институтынан алар үлгісі мол.

Билер жолына, бітімгершілік үрдісінің маңы­зына соңғы жылдары ерекше мән берілуде. Өйт­кені, бұл біздің құқықтық тарихымыз. Сонымен бірге, билер билігі қазақтың дауды бейбіт шешуге ниетті, ел бірлігін сақтауды бас­ты орынға қойған ел екенінің дәлелі. Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» заңның қабылдануы билер институтын жаңғыртудың, елдегі даукестікті азайтып, тараптар арасындағы татулықты сақтаудың ізгі қадамы десек қателеспейміз.

«Медиация туралы» заңның қолданысқа енгізілуі қоғамға үлкен өзгеріс әкелді. Бұл заң ең алдымен билерге, билердің төрелік дәстүріне, сол арқылы қазақтың құқық алаңындағы өзіндік қағидаларына деген құрметті арттырды. Соның нәтижесінде бірқатар қазақстандық ғалымдар бірегей билер соты туралы мәселені оқу орындарында зерттеумен шектеліп қоймай, көшпенділер өркениеті құқықтық жүйесінің жалпы мәдени құндылығын әлемдік қоғамдастыққа танытуға ұмтылды. Екіншіден, «Медиация туралы» заң елдегі даукестікті төмендетуге, дауларды өзара бітіммен шешу мәдениетін қалыптастыруға игі ықпалын тигізді. Үшіншіден, заңның қабылдануы ел арасындағы ақсақалдардың беделін көтеріп, ауыл ішіндегі келіспеушілікті өзара шешу арқылы сыйластықты, татулықты сақтаудың негізін қалады.

Жалпы, сөзі тасқа басылған, ісі көпке мұра болған билерден үйренеріміз өте көп. Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесінің іргетасы екені шындық. Сот жұмысын жандандыруда билер тәжірибесін зерделеу, билердің сөз сөйлеу, ой қорыту, көпшілікті ұйыту қасиеттерін үйрену аса маңызды. Бұл үшін әлемдік өркениет үдерісіндегі қазақ билер сотының ролін, оның экономикалық, әлеуметтік, институционалдық аспектілерін, қазақ құқығының этноантропологиялық негізін әлі де терең зерттей түскен жөн. Сонымен бірге, билер соты институтының қазақстандық қоғамның мемлекеттілігі мен құқықтық мәде­ниетін қалыптастырудағы орнына баға берген абзал. Шындығында қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке би бастаған ұлы даналары бізге бай рухани мұра қалдырды. Билер соты қазақ қоғамында топтастырушы роль атқарып, мемлекеттің маңыз­ды институты, тіпті оның тірегі болды. Бұл мем­лекетті сақтаудың, қазақ көшпенділерінің бірлігін қамтамасыз етудің қуатты факторына айналды.

Билер соты институты жоғары моральдық сот ретінде іргелі қағидаттарға негізделді. Атап айтқанда, бидің сатылмайтындығы, әділеттілік, шешімдерінің мәні мен моральдық бағыты, бидің қолжетімділігі мен жариялылығы, шешендік өнерді меңгеруі, тараптарды татуластыруы және құқық бұзушылық салдарынан келтірілген залалды толық өтеуі дала сотының өзіндік ерекшелігі мен әлеуетін білдіреді. Билер сотының тағы атап көрсетерлік айқын белгілерінің бірі оның рухани бағытты ұстанатындығында екенін айтқан жөн. Өйткені билер қараған даулардың рухани мазмұны әрдайым басым болды. Билер билік жүргізу кезінде ең алдымен қоғамда қалыптасқан моральдық көзқарастарды ұстануға тырысты.

Қазір осы билер институтын насихаттап, маңызын көтеру бағытында ауқымды шаралар қолға алынуда. Мұндай игі істердің басында сот жүйесі мен судьялардың тұрғаны белгілі. Судьялар билер институтының өткені мен болашағына қатысты халықтың танымын көтеруде, билерді дәріптеу, насихаттау жұмыстарында көш басында жүр. Әділетті үш биге арналған ескерткіштердің әр сот ғимаратынан орын алуының өзі сот саласының билерге деген жоғары құрметінің белгісі болса керек.

Д.Ералиев,
Сырдария аудандық
сотының судьясы
08 қазан 2022 ж. 250 0