Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Билер кеңесінің рөлі зор

Билер кеңесінің рөлі зор

Қазақ қоғамындағы билердiң саяси-құқықтық көзқарас­тарында әдiлеттiлiк, теңдiк, әдiлеттi басқару мәселелерi ерекше орын алған, тiптi даулы мәселенi шешуде басты қағида болған десек те артықшылығы жоқ. О бастан-ақ, қазақ билерi ел iшiнде кездесiп отыратын дау­ларды екi жақтың қатысуымен ашық аспан аясында, жиналған қалың көпшi­лiк алдында, ешқандай даярлықсыз, қағаз-қаламсыз даудың бiтуiн сөз бұйдаға салмай бiтiстiрiп отырған. Даудың қалай шешiлетiндiгiн қарап отыратын халық оның сыншысы болған. Негiзiнен, осы билер сотының шешiмдерiнiң түпкi негiзi мен мақсаты шындық пен әдiлдiкке жету болып саналған.
Бидiң әдiл шығарған шешiмiнен тек қана жазықты адамның өмiрi ғана емес, бүкiл қазақ елiндегi билер институтының қоғамдағы маңыздылығы тәуелдi болды. Себебi, әдiлетсiз шығарылған шешiм қоғамда бұл құқықтық институтқа деген халықтың сенiмiн кетiрiп, оның қоғамда алатын рөлiнiң, дәрежесiнiң төмендеуiне әкелетiн едi. Керiсiнше, туғансыз билердiң әдiлеттi, тура сөзiн халық табанда жаттап алып, жал­пақ жұртқа жайып отырған. Бұл билердiң шешiмдерi хатқа түспей-ақ осы күнге дейiн жеткен. Әлбетте, әдiл би болу әркiмнiң қолынан келе бермеген. Жүзден жүйрiк, мыңнан бiреуi ғана шығып, елдi аузына қаратқан. Мұндай билердiң әдiлеттi шешiмдерi тек өздерiнiң аттарын ғана шығарып қоймай, бүкiл билер институтының қазақ қоғамындағы маңыздылығын кө­тердi. Елдiң билер институтына деген сенiмiн нығайтты. Өз кезегiнде халық та әдiлеттiлiктi басты қағида етіп, билердi мадақтап көтермелеп отырған.
Тұтас елдің түйткілді мәселесін бір ауыз сөзбен шешіп, қара сөзді қақ жарған әділ билер біздің заманға дейін болған. Бүгіндей түрлі саланың өз заңдары болмаса да, төрелік айтып, сот жүйесінің негізгі рөлін солар атқарып келді. Ал бүгінде жер-жерден «Билер кеңесі» құрылып, дау­­лы мәселені сотқа дейін жеткізбей шешудің жолын тапты.
Ауданда еңбек ардагері Мұса Келдібаев төра­ғалық ететін билер кеңесі соттасуға дейін барған көптеген даулы әрі өзекті мәселелерде екі жақты ымыраға келтіріп, кешірімшіл болуға тәрбиелеуде. Бұл ел бірлігінің бекем болуына, тараптардың өза­ра келісімге келуіне зор септігін тигізуде. Сондықтан қазақ қоғамында қалыптасқан билер кеңесінің бүгінгі сот саласында да рөлі айрықша. Алдағы уақытта да билер кеңесінің қоғамға қажеттілігі жоғарылай бере­тіні айқын.

Б.БИСЕНБАЙ,
Сырдария аудандық сотының бас маманы
27 наурыз 2021 ж. 389 0