СӨЗГЕ ТОҚТАҒАН ЕЛДІҢ БЕРЕКЕСІ АРТАДЫ
«Ақыл дария, ой теңіз» деген тәмсілдің астарына үңілген қазақ халқының көрегенділігі көпке үлгі. Ертеректе халық арасында дау-дамай туындаған тұста жұртшылық әділдікке жету үшін билерге жүгінген. Сөзі дуалы, ақылгөй олардың айтқаны еш уақытта талқыланбай тек әділдігімен дараланған. Ұсақ-түйек мәселенің мәнісіне бара алмаған жағдайда арты дауға ұласатыны сөзсіз. Алдымен екі тараптың уәжін тыңдаған бидің шешімі білімімен, көпті көргендігімен, шешендігімен, даналығына қарай өлшенеді. Елдің берекесін келтіріп, ынтымағын жарастыруда үлкендердің үлес салмағы зор. Артынан ерген халыққа басу айтып, сабырға шақыру өнегелі істің белгісі. Ескінің ұстанымы жаңа заман көшіне ілескен бүгінгі буынға аса қажеттілігін дәлелдеді.
Осы күні сот жұмысын оңтайландыру мақсатында құрылған медиация өз өміршеңдігімен халыққа етене таныс. Кәсіби емес медиаторлар екі тараптың арыз-шағымын тыңдай отырып, оларды татуластыруға ықпал жасайды. Бұған дейінгі медиацияның негізгі міндеті айқындалып, сотқа келіп түсетін арыз-шағымды азайту тәжірибесі оң бағаға ие болды. Ендігі жерде сот жұмысының кейбір функциясын жеңілдету мақсатында Билер кеңесін құру қолға алынды.
Негізінен Билер кеңесінің ережесі «Медиация туралы» 2011 жылғы 28 қаңтардағы ҚР заңының 15 бабына сәйкес әзірленген. Кеңестің жұмысын ұйымдастыруда арнайы ереже шеңберінде бұлжытпас қағида қарастырылады. Билер кеңесін құрудағы мақсат ҚР заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және орташа қылмыстар, қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауды және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын дауларға қатысты тараптарды бітістіру үшін құру болып табылады. Алдағы уақытта аудан көлемінде құрылған Билер кеңесінің жұмысы арнайы сайланған билердің тікелей қатысуымен жүзеге асады. Олардың міндеттері мен функциональдық мүмкіндігі ережеде қарастырылған. Сонымен қатар айқын мақсатта жұмыс жасайтын Билер кеңесі дау-дамай барысында жанжалды шешуге өз құзыретін пайдаланады. Бұл ретте билердің тәуелсіздігі мен байтараптылығы, құпиялылық сақтау қағидаты қарастырылған. Билерге қойылатын талаптың айтарлықтай белгісі топтастырылып, соған сәйкес келетін адамдар таңдалып алынады.
Осы ретте аудан әкімінің мәжіліс залында Би кеңесін сайлау жөніндегі жиын өткізілді. Оған аудандық сот төрағасы А.Абдулла қатысып, кеңестің артықшылықтары мен мүмкіншіліктерін түсіндірді. Ауданнан құрылатын кеңестің жұмысын түсіндіре отырып, өзге өңірлердің тәжірибесін ұсынды. Аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев аудан әкімдігі тарапынан кеңес жұмысын үйлестіруде ережеге сәйкес жұмыс жасалатындығын жеткізді. Өз кезегінде аудан көлеміндегі Билер кеңесінің жоғарғы дәрежеге көтерілуін құптаған ардагерлер өз ойларын ортаға салды. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы кеңес құрамын сайлауда кент және елді-мекенде сөзі өткір, халықты тыңдата, ұйыта білетін жандарды ұсыну керектігін алға тартты.
Жиынға үкіметтік емес ұйым төрағалары мен мүшелері, аудандық сот мамандары, прокуратура, полиция бөлімінің өкілдері, кәсіби емес медиаторлар қатысты.
Б.ОРДАБЕКОВ