Тәрбие өзегі – отбасында
«Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясындағы «Өзгерісті өзіңнен баста» бағдарламасына орай адами қасиет туралы сөз қозғауды жөн көрдік.
Рухани жаңғыру – болашаққа қаланған даңғыл жол. Ол жолмен жүріп өту бүгінгі ұрпақ еншісіне берілген бақыт. Дегенмен өскелең ұрпақтың бойында адами қасиетті қалыптастыру аға буын өкілдеріне жүктелген міндет. Ал сол асыл құндылықтарды жас ұрпаққа сіңіру үшін адам алдымен өзінің жан дүниесін жаңғыртып, рухани бай адам дәрежесіне жетуі керек. Қарапайым мысал ретінде отбасы құндылықтарын қалыптастыру мақсатында дұрыс тәрбие берудің маңызы зор.
Қайраткер – тұлға Мырзатай Жолдасбеков бір жиында «Ұрпағымыздың соқыр болып қалуынан қорқамын» деп еді. Шын мәнінде бұл сөзде қоғамға қарата айтылған үлкен астарлы әңгіме жатыр. Қазір еңкейген қариядан бастап еңбектеген баланың қолынан ұялы телефон түспейтін болды. Бұл қоғамның қасіретіне айналмасына кім кепіл. Үлкеннен өнеге алатын жас жеткіншектің көргені әлеуметтік желідегі түрлі ойын сананы улап жатыр емес пе. Ал сол телефонға көзін тырнап аша салысымен телміретін жас пен кәрі ең алдымен денсаулығын құртып жатқанын білсе де білмеген сыңай танытады.
Адамның ең бірінші байлығы денсаулығы. Оның қадірін ауырғанда білесің. Әсіресе, баласы ауырған ата-ананы көргенде безектеп жанын қоярға жер таппайды. Сонда адам басына түспейінше оның алдын алуына не кедергі?
Жақында жақын құрбым өзінің әріптесінің баласы телефонның кесірінен көз жанарынан айрылып қала жаздағанын айтты. Күндіз-түні ұялы телефонға телмірген баласының көру қабілеті нашарлап кеткен. Енді болмағанда соқыр болу қауіпі бар екен. «Сонда ана байғұс жыларман болып айтқаны есімнен кетпиді. Балаңыз бір-екі күн жылайтын шығар, бірақ телефоннан шектеңіздерші» деген сөзі шын мәнінде ойландырды дейді. Жоғарыда ақын ағаның ел-жұртқа қарата айтқаны міне осы ғой. Ұрпағымыздың жанарынан айыру қандай қасірет. Сондықтан баланың қолындағы телефонды осы кезден алып қоюға асықсаңыз екен. Ол үшін әрине, өзіңіз барынша үлгі болуыңыз керек. Телефонды байланыс құралы немесе қажетті ақпарат алу үшін ғана пайдаланып, күнделікті балаңызға жеткілікті көңіл бөлу әлдеқайда пайдалы.
Рухани жаңғыруды әркім өзінен бастауды қарапайым отбасындағы тәрбиеден басталатыны анық. Баланың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру үшін өзіміз үлгі болғанға не жетсін. Бір-бірімізге сыпайы, мейірімді, жанашыр болу арқылы қазақ ұлтына тән қасиеттерді ұрпағымызға дарытамыз.
Қарапайым дастархан басындағы әдеп, яғни үлкен кісі келмейінше ас ішуді бастамау, бата сұрау секілді ізгі дәстүр, әсіресе, жас отбасыларда қалыптасса рухани жаңғырғанымыз емес пе? Адам қолынан келгенше кешірімді, қамқор, болуға үйрену керек.
Адамгершілік туралы сөз қозғағанда ақ халатты абзал жандар туралы ой келеді. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан кем де кем. Тосыннан келген дертке дауа іздеп, басыңды тауға да, тасқа да ұрасың. Сондай сәтте дертіңе дауа берген алтын қолды дәрігерлерге риза боласың. Өлім мен өмірдің арасында жатқаныңда жүрегіңді қайта соқтыруға себеп болған дәрігерлерге мың қайтара алғыс айтасың. Міне нағыз адамгершілік қасиетті бойына сіңірген, білімі мен білігін адам жанын арашалауға арнайтын жандардың бар екеніне шүкір етесің.
«Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйрену» асыл қасиет. Ардақты ақ халатты абзал жандардан өмірді сүюді, өмір үшін күресу керектігін білдім. Оны мәнді де мағыналы етіп өткізу әркімнің өз қолында екенін ұғындым. Санамда жарқ ете қалған өмір сәулесі әрі қарай жанданып, денсаулықтың қадірін білуге үйрендім. Саналы ғұмырымыз ұрпағымыздың жақсы жақтарын көруімен баянды болғай.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ