Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берік отбасы – есірткіден алыс!

Берік отбасы – есірткіден алыс!

Отбасы – шағын мемлекет, кішкентай Отан! Берік отбасы – мықты мемлекеттің түпқазығы, адамзат бесігін тербеткен баланың бас ұстазы! Ынтымағы жарасқан отбасын қоғамның маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырар болсақ, әр отбасына ауызбіршілік, сыйластық қажет. Сонда ғана қоғам тұрақты түрде ілгері дамиды.

Біздің ойымызша, отбасы – бақыт мекені болуы тиіс. Себебі бақытты адам бақытты отбасынан шығады. Әр бала эмоционалды, рухани құндылықтарды отбасында сіңіруі қажет.

Ұлы ғалым, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұдан біз бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын отбасынан игеретінін аңғарамыз. Баланың өміріндегі ата-ананың алатын орны ерекше, бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отбасындағы өнеге, тәлім – тәрбиесі.

«Бақыт қайда барасың?» деп сұрағанда, ол «Ынтымағы жарасқан елге барамын» депті. Біз бұл сөзде үлкен астарлы мағына мен терең ой жатыр деп ойлаймыз. Себебі, әрбір отбасының өзіндік тәртібі, әдебі, сыйластығы мен өзіндік заңдылықтары болады және ол атадан-балаға мирас болып қалыптасады. Зерттеулерге сүйенсек, көп жағдайда бүлдіршіндер отбасында болатын жанжалдардан психологиялық зардап шегеді екен. Ерлі-зайыптылардың ажырасуы, ұрыс-керіс балаға кері әсерін тигізбей қоймайды. Отбасылық кикілжіңнен мезі болған бала, махаббат пен жылулықты басқа ортадан іздей бастайды. Отбасында ата-ана мен баланың арасындағы өзара шекара пайда болып, түсініспеушіліктердің туындауы – бақытсыздықтың бастауы. Әкесі мен анасының бала тәрбиелеудегі борышы мен міндеті тең болмаған соң, тәрбие толыққанды нәтиже бермейді. Жасөспірімдердің денсаулығына зиян келтіретін әдеттерге баруының басты себебі, ата-ана тарпынан бақылаудың төмендігі, жастардың білімсіздігі. Яғни, есірткінің қаншалықты қауіпті екенін білмеуі, зардабын саналы түрде түсінбеуі орны толмас өкінішке әкеліп соқтыруы мүмкін. Өкінішке орай қазіргі таңда есірткінің зиянын біле тұра, оған қарсы шығуға ерік жігері жетпейтін адамдарда аз емес.

«Ел болам десең бесігіңді түзе» деп бекер айтылмаса керек. «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, алған үлгі, өнеге білетіндігінен және түзелу, бұзылу жас уақытта болады» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, бала ең алдымен өз отбасында көргенін жасап, айналасына қарап, өсіп жетілетінін ұмытпайық. Ал Ғабидин Мұстафиннің мына бір пайымды пікіріне назар аударайықшы. Жазушы «Балаға сіңірген ата-ана еңбегін бала өмір бойы ақтап бола алмайды. Балаға деген махаббатқа ешбір махаббат теңдесе алмайды, ол өле – өлгенше сусындайтын махаббат” деген екен.

Елбасының және Мемлекет басшысының халыққа арнаған әрбір Жолдауында көрсетілген өзекті мәселелердің бірі – саламатты өмір сүру салтын қалыптастыру, оны насихаттау, ғасыр дертіне айналған есірткі және оның алдын алу болып отыр. Өзгеден үлгі алатын бүгінгі ұрпағымыздың санасына «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұғымдарын, адамгершілік сезімдерін ұялату өзіміздің қолымызда. Ұлттық тәлім-тәрбиені жастарымыздың бойына сіңіру, рухани жаңғыру, салт-дәстүрлерімізді кеңінен дәріптеу де ортақ мақсатымыз. Түптеп келгенде, балаларды бақытты отбасында тәрбиелеу, толыққанды махаббатқа бөлеу – әрбір ата-ананың басты міндеті. Жалқаулыққа салынбай, әр отбасында тәртіп пен еңбек қатар жүрсе, еңбек адамды тәрбиелейді.

Қорыта келе айтарымыз, баланы еңбексүйгіштікке баулып, отбасы құндылықтарын бала бойына сіңіріп, бақытты отбасындағы бауырмалдылық, қайырымдылық, ұлт тәрбиесіне баса назар аударып, балаларымыздың бос уақытын тиімді пайдалануын қамтамассыз ету керекпіз. Сондай-ақ ата-ананың міндеті – тәрбиелеу ғана емес, жақсылықты үйрету екенін еске ұстауымыз керек. Ұрпақ – адамзаттың болашағы. Сондықтан да берік отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Ұлы Абай атамыздың отыз сегізінші қара сөзінде айтылғандай «Махаббат төлеуі – махаббат. Адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселер, бұлар туысынан болады. Талап, ұғым махаббатан шығады». Ендеше, махаббат пен ынтымағы жарасқан берік отбасында ешқашан есірткіге жол болмайды. Ең бастысы өмірге сенімді көзқарас қалыптастырып, баланы қоғамның толыққанды мүшесі етіп тәрбиелеуді естен шығармайық. Бұл ретте біздің отбасының өзгелерге үлгі етер өзіндік өнегесі бар. Біздің ұстанымымыз: «Берік отбасы – есірткіден алыс!».


Сағындықовтар отбасы,
Сырдария ауданы,
Ақжарма ауылы,
Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға!

12 ақпан 2021 ж. 1 332 0