Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата қайратты болса, бала ғибратты болады

Ата қайратты болса, бала ғибратты болады

Қазан айының алғашқы күні басталатын Халықаралық қарттар күні ауданда кең көлемде аталып өтілуде. Барлық мекемеде қазыналы қарттарға құрмет көрсету осы аптада да жалғасты.

Сондай ізгілікке толы іс-шараның бірі Ақжарма ауылындағы  №130 Абай атындағы орта мектепте өтті. «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбын арқау еткен іс-шараны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Тұрғанбаева ұйымдастырды.

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар», «Қарттарын ардақтаған елдің рухы үстем, шаңырағы биік» деген аталы сөз бар. Қазыналы қарттарымызды ардақтау, оларға құрмет көрсету ұрпақ парызы.

Болашақ ұрпаққа ата-әжелердің, аналардың, аға-әпкелердің жүріп өткен жолын, еңбегін үлгі ету, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімділікке ерекше мән беру мақсатын қойған тағылымды іс-шараға ауыл қарттары шақырылды. Мерекелік кешке қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Шыманов, ардагер ұстаздар, түрлі мамандық бойынша зейнетке шыққан ауыл ардагерлері қатысты.

Сахна шымылдығын жас маман Айзада Елеуова Сағи Жиенбаевтың "Ауыл қарттары" атты өлеңін оқып ашты. Мектептің жас мамандарының қатысуымен «Әке қадірі» тақырыбындағы қойылымы тамашаланды.

Мерекелік іс-шарада мектеп психологы Ж.Жағыпар қарттарды құттықтады. Олардың өмір жолының өнеге екенін, жас ұрпақ қашанда қарттарды құрметтейтінін айтты.

– Үлкеннен бата алу ата-бабадан келе жатқан дәстүріміз. Қарттар күні мерекесінде ауыл ардагерлерінің басын қосып, құрмет көрсетейік, батасын алайық дедік. Өмір жолдары өнеге болған ардагерлердің салған ізін жалғастыру, оны өскелең ұрпаққа дәріптеу ұстаздық борышым, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Тұрғанбаева.

Ұлағатты ұстаз ізгі дәстүрмен ауыл ақасақалы Ө.Қаршығаевқа шапан жауып, құрмет көрсетті. Қария көпшілікке батасын берді.

Мерекелік дастархан басында жалғасқан іс-шарада көпті көрген қариялар еңбек еткен жылдарын еске алып, ұстаздар қауымына алғыстарын жеткізді.

Өнерлі ұстаздарға, мектеп өнерпаздарына көтеріңкі көңіл күй сыйланған кеш жүргізушілері Айзат Жұбан, Нұрлан Мейрамбекұлы, қойылымды сахналаған Айнель Кеңесбаева, Мадияр Тұрсынбек және 5-сынып оқушысы Айқан Рысбекке  қонақтар ризашылықтарын білдірді.

Ақжармалық қарттарға құрмет көрсеткен ұстаздар әннен шашу шашты.
Бибісара ЖАНӘЛІ
06 қазан 2022 ж. 321 0