Мәртебелі мамандықтың қадірін арттырған
«Садақаның ең жақсысы – ілім үйреніп, оны басқаларға үйрету» дейді Имам Тирмизи. Демек, шәкірт тәрбиелеп, оларды білім нәрімен сусындататын ұстаздардың еңбегі қай кезде де зор құрметке лайық. Ұстаздық етуден жалықпай, өзгенің уақытын аялайтын ұлағаты мол білім қызметкерлерінің шәкірттері де көп болып, биік шыңдарды бағындыратыны анық. Міне, сондай көп шәкіртті тәрбиелеп, ұзақ жыл мектеп қабырғасында сапалы білім бере білген ардагер-ұстаз Әзімхан Жүнісов – бүгінде құрмет төріндегі қадірлі жан.
Жақсы жолға түскен арбаның алдыңғы дөңгелегінің кейінгіге әсері де жақсы болары хақ. Жетікөлдік ардагер-ұстаз туралы да жұртшылық, білім мен тәрбие алған шәкірттері осындай пікірде. Өйткені, саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған қадірлі мамандық иесі өткен ғасырдың 70-жылдарынан мектеп қабырғасында еңбек етіп, оқушыларға білім нәрін сепкен. Сабақ беру процесіндегі өзіндік ерекшеліктері, оқушыларға қамқорлығы, білімділігі көпшіліктің көкейінде жоғарыда айтқан жақсы пікірді қалыптастырған.
Негізінен, ардагер-ұстаз Ә.Жүнісов – Шиелі ауданының тумасы. Ұлы Отан соғысы жылдарында, яғни 1942 жылдың қысында дүние дидарын ашып, көршілес ауданда орта білім алған. Одан кейін Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне жоғары оқу орнына түсіп, білім игереді. Ұстаздық жолды таңдап, химия-биология пәні бойынша жоғары білім алады.
Өткен ғасыр еншісінде жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар арнайы жолдамамен еліміздің түкпір-түкпіріне жіберіліп, олардың еңбек жолының басталуына мүмкіндіктер жасалған. Сондай жолдама бойынша жас маман Әзімхан Жүнісов Жамбыл облысына барады. Аталған өңірдің Мойынқұм ауданында ұстаздық жолды бастап, мектепте химия пәнінен сабақ береді. Оқушыларға Менделеев кестесіндегі химиялық элементтерді жаттатып, олардан тұтынатын заттарды жасаудың алғышарттарын түсіндіреді. Ал одан соң әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтейді.
1968 жылдың басынан Ә.Жүнісов өзі оқыған сегізжылдық мектепте қызмет етеді. Ол кезеңде Шиелі ауданының Тартоғай ауылы Сырдария ауданына қарасты болған. Аталған совхоздағы №154 орталау мектепте тәрбиеші, одан соң мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып, білім мекемесінде оқушылардың сапалы білім алуына жауапты жұмысты атқарады. Еңбек жолында ол көрші аудандағы №153 орта мектебінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары және №228 орталау мектебінің директоры қызметтерін зор жауапкершілікпен, абыроймен атқарған. Туған жерге қызмет етіп, оқушылардың жаратылыстану бағытындағы танымының кеңеюіне қажырлы еңбек еткен.
Ұстаздық қызметте абыройға кенелген Әзімхан Жүнісұлына өткен ғасырдың төртінші ширегінде үлкен жауапкершілік жүктеледі. Нақтысын айтқанда, 1979 жылы отбасымен бірге қазіргі Жетікөл ауылына көшіп келеді. Сол жылы Жетікөл Аманкелді совхозынан өз алдына елді мекен болып бөлініп шықты. Және де Жетікөл ауылдық кеңесінің председателі болып Ә.Жүнісов тағайындалған.
– Қазіргіше айтқанда ауылда 3 жыл әкім болдым. Ұстаздық қызметтен мемлекеттік қызметке кірістім. Ол кезеңде ауылды көгалдандыру мәселесі өзекті болды. Егілген көшеттердің көктеп кетуі үшін ауылда аяқ су жоқ. Аяқ су келетін су жолдары да болмады. Содан жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, қазіргі аяқ су жолдарының ізі қазылды. Елді мекенге аяқ су келіп, мәселе өз шешімін тапты. Ол кезеңдер қиын шақтар еді. Десе де ауыл халқымен бірге жұмылып еңбек еттік, – дейді сол бір кезеңдерді еске алған қадірлі қария.
Мемлекеттік қызметтен соң ардақты жан өз саласына қайта барады. Жетікөл ауылындағы №174 орта мектепте 15 жылға жуық директордың мектептен және сыныптан тыс жұмысын ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болса, зейнет демалысына шыққанша химия-биология пәнінен сабақ берген.
– Ұстаздық қызметтің өз қиыншылығы бар және жауапкершілігі өте жоғары. Себебі, бала болашағының жарқын болуы ұстазға тікелей байланысты. Сондықтан мектеп қабырғасында жүргенде әрбір оқушының шамшырағын жағып, өз пәнім бойынша жақсы жетістіктерге жетулеріне еңбек еттім. Химия саласы – қызық ғылым. Оқушыларға осы ғылымның қыр-сырына қанығу үшін түрлі бағыттағы сабақтар ұйымдастырдым. Бүгінде осы химия-биология бағыты бойынша жетістікке жеткен шәкірттерім жетерлік, – дейді Әзімхан Жүнісұлы.
Бала оқытуды ұстаным еткен ұстаздың еңбегі жоғары марапаттарға лайық болған. Мәселен, білікті ұстаз еңбек ете жүріп ҚР Білім министрлігі халыққа білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, облыстық, аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Ардагер-ұстаз «ҚР Білім беру ісінің үздігі» медалімен, сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалімен де наградталған.
Өңірдің оқу-ағарту ісінде өзіндік қолтаңбасы бар ардагер-ұстаз биыл 80 деген белесті бағындырып отыр. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» демекші, ұстаз деген қадірлі мамандықтың қандай болу керектігін ісімен, өнегесімен көрсете білген ардагер-ұстаз әркез құрмет төрінде.
Ердос БЕРКІНБАЕВ