Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамды адам еткен – кітап

Адамды адам еткен – кітап

Бұған дейін «Ақылды бизнес», «Кітаптың құны» туралы мақала жазып, оқырман назарына ұсынған біз әр мақаламызда кітаптар фестивалі туралы айтқан едік. Өркениет пен мәдениеттің, жастар мен жаңашылдықтың қа­ласына айналған Алматыда «Кітап Fest» жо­басы жыл сайын тұрақты түрде ұйым­дас­ты­рылады. Студент кезде сол фестивалді асыға күтіп, арнайы барып, қажет кітабымызды сатып алып, қызық көріп, қарық болатын едік.

Осындай ерекше мереке биыл Қызылорда қаласында да ұйым­дастырылды. Қала күніне орай «Кітап Fest – 2022» фестивалі өнер арбатында өтті. Тарихи сәтті жіберіп алмау үшін кең көлемді әрі ауқымды іс-шараға біз де қатыстық.

«Қазір көпшілік кітап оқымайды», «Кітап оқитындар аз» деген ұс­танымдар санада ғана сақталған «стеоротип» екен. Олай болмаса, кітаптар мерекесіне арнайы келген меймандардан аяқ алып жүре алмау мүмкін болмас еді ғой. Орталық алаңмен жалғасқан өнер арбатында әртүрлі жастағы қала тұрғындарының көптігіне көңіл қуанды. Себебі, жас та, жасамыс та әртүрлі баспалар ұсынған кітаптарды көп­теп сатып алып жатты. «Сағат бірден бастап тұрмыз, қалған кітаптар осылар ғана» деп алдында жатқан кітаптарды нұсқаған сатушы қыз­дың сөзінен кітапты сатып алушылар да, оқушылар да көп екенін анық аңғардық.

Фестивальде кітаптар жәрмеңкесі, танымдық кітаптар ұсынылуымен қатар, қала кітапханалары мен оқу орындарының кітапханалары арнайы көрмелер ұйымдастырған.

Кітап күйі, кітап оқу тақырыбын мәселе етіп көтеріп жүрміз. Иә, күнделікті күйбең тіршілікті ысырып қойып, бір бұрышта кітап оқып отыру уақытты құр өлтіруге ұқсайтын болар. Бірақ алдымен, солай жасап көріңізші. Сіз қаншалықты рухани байып, ой-өрісіңіздің дамып жатқанын аңғарасыз. Ал ондай құндылықты сізге кітаптан басқа ешнәрсе бере алмауы мүмкін. Мақсат – бір күнде бір кітапты оқып тауы­­су емес. Ғалымдардың пайымдауынша, күніне, ең болмағанда, 10-15 бет кітап парағын парақтау адам денсаулығына, психологиясына, жан дүниесінің тынышталуына өте пайдалы.

Рухани, баға жетпес байлық қай кезде де сұранысқа ие. Демек, кітапты, кітап оқуды ұдайы насихаттау керек. Мүмкін сол кезде көпшіліктің қызығушылығы артатын да болар. Әйтпесе, кейінгі кезде «қағаз кітап архивтер мен кітапханада ғана шаң басып тұр» деген пікірді желеу етіп алдық. Кітап оқитындар бар, бола да береді. Көзі ашық, көкірегі ояу адам қағаз кітапты парақтап оқығаннан, кітап парақтарының жылдар бойғы сақталған жұпар иісінен ләззат алады. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады». Ақылды, білімді болмаққа «ақылға қуат бе­ретін құралдың» қажеттігі орасан. Ғылым мен техника дамып, кез келген жерде ұялы телефоныңызды ашып жіберіп, керегіңізді таба алғаныңызбен, қағаз кітапты парақтап отырып оқығандағыдай ләз­затты сыйлай алмайтыны анық. Ақылды гаджеттер адамзаттың сонау заманнан айнымас досына айналған құндылықты ешқалай айырбастай алмайды.

Облыс орталығында өткен «Кітап Fest» жобасының жақсы деңгейде ұйымдастырылғанына бір жағынан риза болсақ, екінші шетінен «осындай іс-шараны аудан орталығында да ұйымдастырсақ» деген ойда қалдық. Аудандағы кітапханалар арнайы көрме ұйымдастырса, облыс орталығындағы кітап дүкендері сатылымдағы кітаптарды алып келсе, кітапсүйер аудан тұрғындары өздері оқып болған кітапты арзан бағада сатылымға шығарса, суретшілер өз картинкаларын ала келсе... Кітапты, кітап оқуды насихаттайтын рухани әрі мәдени іс-шара болар еді. Облыс орталығына кітап сатып алу үшін арнайы бара бермейтін тұрғындар кітап сатып алып, оқи бастаса, кітапсүйер оқырман бір-бірімен кітап алмасса, тұрғындар арасында рухани байланыс орнар еді. Бұл «кітап оқы» деп құр даурықпай, нағыз іспен көрсетілген кітап оқуды насихаттаудың бірден-бір жолы болар еді деп ойлаймыз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 қыркүйек 2022 ж. 522 0