Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақылды бизнес: кітап сату ісі қаншалықты дамыған?

Ақылды бизнес: кітап сату ісі қаншалықты дамыған?

«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудантыйылсақ, ой ойлауданда тыйылар едік» дейді Ғабит Мүсірепов. Ғаламтор «торына» тоғытып, әлеуметтік желі әлекке салған бүгінгі уақытта «кітап екінші орында қалып барады» деп ұрандатып та жүрміз. Кітап оқу, өзіңді рухани дамыту – біреудің ақылымен не тапсырмасымен орындала салатын іс емес. Бұған кісі жүрек қалауымен, үлкен ыждағаттылықпен кіріссе, сонда ғана жан сарайы «тыныстары» сөзсіз.
Бүгінгі сөз кітаптың оқылу жайы емес, рухани қазынаның қайдан шығатыны, оқырман қолына, кітапхана не дүкен сөресіне қалай түсетіндігі турасында, жалпы кітап сату бизнесінің тыныс-тіршілігіне шолу жасайтын боламыз.
Әлемдік статистикаға көз жүгіртсек, кітап сату және сатып алу бойынша үздік үштікке Түркия, Ресей және Испания енген. Алдыңғы жылғы деректерге сәйкес, қазақстандықтардың кітапқа деген қызығушылығы 72%-ды құрап, 14-орынға табан тірепті. Сатып алушылардың дені көркем әдебиет оқуды жанына серік етсе, кейбірі сыйлыққа не оқу мен жұмысқа қажеттілік үшін алатын көрінеді.
Елдегі ең ірі «Меломан» кітап дүкендері желісінің негізін қалаушылардың бірі Александр Дериглазов қазіргі таңда ыңғайлылығына байланысты қағаз кітаптан гөрі электронды басылым көбірек сұранысқа ие екендігіне тоқтала отырып, «Дегенмен Қазақстанда электронды кітап сатылымының статистикасы жоқ» дейді.
2020 жылы пандемия дәрежесіне жеткен дерт дендеп, ел экономикасын дағдартқанымен, кітап сатушылар үшін табысты кезең болыпты.
– Біздің дүкендерде бірнеше жылдан бері физикалық яғни қағаз кітаптардың сатылымы айтарлықтай өсіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы өсім 15- 20 пайызды құрап, бір жылда алғаш рет екі миллионнан астам кітап сатылды, – дейді Александр Дериглазов «Экспресс К» газетінің тілшісіне берген сұхбатында.
Елдегі кітап бизнесін қол еткендердің нақты статистикасы жоқ. Сатушылармен қатар авторлар, иллюстраторлар, баспа және типография қызметкерлерін қоса есептегенде, шамамен бес мыңнан астам қазақстандық осы жолда қызмет жасап жүр.
Облысымызға оралсақ, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 22 кітапхана бар. Кейінгі уақытта кітапхана сөресі әлемдік бестселлерден бөлек отандық жаңа авторлармен де толығуда. Қазақстанда кітап шығару ісі де аяққа тұрып келеді. Бірақ бұл сала мемлекет пен банктердің қолдауын қажет етеді.
Елдегі кітапханалар Сауда желілері одағы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жұмыс жасайды. Кітапхана сөрелеріне кітаптар қоры мемлекеттік тапсырыспен әкелінеді. Қалған кітаптарды оқырмандарға қолжетімді ету үшін мемлекет тарапынан қосымша қаржы бөлінеді.
Мән-жайға қанығу үшін қалалық кітапханамен байланысқан едік.
– Қазіргі таңда кітап қоры жеткілікті. Санитарлықэпидемиологиялық талаптарға сәйкес шаралардың көбі онлайн өткізіліп жатыр. Карантиндік жағдайға қарамастан оқырман баршылық. Мемлекет тарапынан бөлек кітап қоры демеуші азаматтар есебінен де толығып, өз кітабын сыйға тартатындар да болады. Бірақ ондайлар өте аз, – дейді қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Сәуле Кеңесқызы.
Ал ауданымызда, ауылдарды қоса есептегенде, 17 кітапхана оқырман қауымға қызмет етіп келеді. Аудан кітапханасының негізгі қоры мемлекеттік тапсырыспен толықтырылады, сондай-ақ жеке кітаптарын сыйға тартатын жомарт жандар да бар. Айта кетейік, аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен 23 сәуір – бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күніне орай мерекелік іс-шара өткізу жоспарлануда.
Мәдениет ошағына айналған Алматы қаласына бара қалсаңыз, жол бойындағы кітап дүкендерінен бөлек көше қиылыстары мен жерасты жолы жанында тау-тау үйілген кітапты өте арзан бағамен сатып тұрған егде жастағы кісілерді көзіңіз шалады. Студенттік жылдары сондай бір кісімен тілдескен едім. Мені қызықтырғаны алтындай бағалы кітаптардың құны болды.
– Неге арзан, өзіңізге бұдан не пайда? – деген сұрағыма:
– Жастар алып оқысын, – деп жауап берген еді қарт.
Қалаларда жыл сайын көлемді «Кітап FEST» кітаптар мерекесі өткізіледі. Онда түрлі баспалар өз кітабын сатылымға шығарып, жеке тұлғалар өзі жинаған, оқып болған кітаптарын да саудалай алады.
Көше-көшеде кітап сатпақ тұрмақ, ауданда арнайы кітап дүкені жоқ. Кітапханада жоғын іздесеңіз немесе жақыныңызға қазына сыйлап қуантам десеңіз, облысқа баруға тура келеді.
Қызылорда қаласында оннан астам кітап дүкені бар. Кішігірім зерттеу барысында қала көшелерінің біріндегі кітап дүкеніне бас сұққан едік. Жылына қанша кітап дүкен сөресінен орын алып, қаншасы оқырманына жол тартатыны туралы нақты ақпарат ала алмағанымызбен, көкейдегі көп сұраққа жауап таптық. Дүкен қызметкерлерінің айтуынша, шетелдік әдебиет пен қазақ әдебиеті бірдей сұранысқа ие. Сатып алушылар саны да жетерлік, тіпті тұрақты оқырманды да қалыптастырып үлгерген. Кітапты, әдетте, сатып алушылардың қызығушылығы мен сұранысына қарай алдырады.
Қарап отырсақ, қазір екінің бірі авторлық кітабын шығаруда. Әнші де, күйші де, басқа да... «Өлеңге әркімніңақ бар таласы» деген, қолдан келсе алтын қазынаны неге көбейтпеске?! Тек «Шымшық сойса да, қасапшы сойсынды» есте ұстаған абзал. «Шаң басқан архивтерден табылатын» емес, қолдан-қолға тарап, сөреге түспейтін еңбек жазылса нұр үстіне нұр. Сонда ғана оқырманның кітап оқуға құлшынысы артып, баспа ісі мен кітап сату бизнесі де жандана түседі. Бұл күнде түрлі баспаханадан жылына жүздеген кітап мыңдаған таралыммен жарық көруде. Бірақ оның сапалысы мен сапасызын ажырата білу – көзі қарақты оқырманға артылар міндет.
Түйін. «Карантин кітап пен оқырманды алыстатты» деу қате пікір. Керісінше, күйбең тіршіліктен босай қалған көпшіліктің кітапқа деген қызығушылығы артқан. Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Ақылды, білімді болмаққа «ақылға қуат беретін құралдың» қажеттігі орасан. Ғылым мен техника дамып, кез келген жерде ұялы телефоныңызды ашып жіберіп, керегіңізді таба алғаныңызбен, қағаз кітапты парақтап отырып оқығандағыдай ләззатты сыйлай алмайтыны анық.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
10 сәуір 2021 ж. 935 0