Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кітаптың құны

Кітаптың құны

Жақында құрбымның жаңа «кәсіп» түрін бастағанын білдім. Өзі оқып шыққан кітаптарын қайта сатылымға шы­ғарыпты. Былайынша қарап тұрсаңыз, тиімді. Оқылып бол­ған кітап сөреде шаң басып тұрмайды. Оның игілігін тағы бі­реу дүкен бағасынан арзанға алып көре алады.

Содан не керек, қазақшасы бар, орысшасы бар, сатылымға шығарған кітаптарын түгел сатып алдым. Соның өзінде бірнеше әлемдік рейтинтегі басылымды басқа құр­бы­ларының алып үлгергенін біліп, іштей «қап» деп қалғаным бар.

Төлемді жасап, ертесіне күннің ысты­ғына қарамай, зілдей ауыр кітаптарды үйге арқалап келдім. Десе де, сол сәтте өзімді сондай бақытты сезіндім. Неге екенін білмеймін, ыстық күнде діңкең құрып, жүк арқалап келсең, әдетте, көңіл-күй «шаршау» сигналын іске қосады емес пе?! Бұл жолы мен рухани байлық жинап, жан дү­ниемді байытар, еш ақы сұрамастан жан досыма айналар құнды дүниеге ие болғаныма соншалық қуандым.

Қандай сәт болса да, жайлы жерге отырып кітап оқып алыңызшы. Сондай бір демалыс сезімін сезіп, көңіліңіз жайланып қалады. Бірақ қандай кітап оқып отырғаныңызға да мән бергеніңіз жөн. «Бояу­шы бояушы дегенге, сақалын да бояйды» деген бар еді ғой. Міне, соның керін келтіріп жүрген «кітап жазғыштар» да бар екені жасырын емес. Не десек те, ол сонша сыннан өтіп, қаншама пікір жинап, маңдай тердің нәтижесінде шыққандықтан, әсте, кітап атаулыны жаман деп айта алмаймыз. Әр кітаптың айтар ойы бар, түйер түйіні бар. Бірақ соңғы кезде кей кітапты ақтарып отырып, «не үшін» деген ой келетіні де жасырын емес. «Шаң басқан архивтерден табылатын» емес, қолдан-қолға тарап, сөреге түспейтін еңбек жазылса нұр үстіне нұр. Сонда оқырманның да кітап оқу­­ға құлшынысы артып, баспа ісі мен кітап са­ту бизнесі де жандана түседі. Бұл күнде түрлі баспаханадан жылына жүздеген кі­тап мыңдаған таралыммен жарық көруде. Бірақ оның сапалысы мен сапасызын ажырата білу – көзі қарақты оқырманға артылар міндет.

Күнделікті күйбең тірлік пен қарбалас заман адам атаулыны жанықтырып барады. Иә, «кітап оқышы» десек, айтар уә­жіңізді біліп тұрмын. «Уақыт жоқ». Бір тілші ағылшын жазушысы Бернард Шоудан сұхбат алыпты. «Сіз бос уақытыңызда не істейсіз?» деп сұрайған журналист «Бос уақытымда серуендеймін, ұйықтаймын, дос­­тарыммен пікірлесемін» деген жауап­ алады. Әдеттегі «бос уақытымда кітап оқимын, әуен тыңдаймын» дейтін жаттанды жауапты күтсе керек, «Сонда қашан кі­тап оқисыз?» деп бастырмалатады сұхбат алушы. Сонда жазушы «Кітап бос уақытта оқылатын нәрсе емес, оған арнайы уақыт бөлемін» деп жауап беріпті. Басқа әдет пен дағдыны қалай үйрендіңіз, кітап оқуға да дәл солай арнайы уақыт бөліп, дағдылану керек. Алғашқыда ми қарсыласып, түсін­бегендей, ұйқысы келгендей сыңай танытуы мүмкін. Жеңілетін сіз бе?! Қоймаңыз, тысқа шығып таза ауа жұтып келіп, қайта оқыңыз. Осылай кітап оқудың қалай сүйікті ісі­ңізге айналғанын білмей қаласыз. Есесіне, оның пайдасы мен берері көл-көсір.

Ақылды бизнесті дамыту мақсатында ірі қалаларда жыл сайын арнайы кітаптар фестивалі өтеді. Онда арнайы баспалар жаңа кітаптарын сатса, кей тұрғындар өз­дері оқып болған кітаптарын сатылымға шығарады. Сатылымда бітіп қалып не таба ал­май жүрген кітабыңызды осындай әдіс­пен алмасып, оқып алуға зор мүмкіндік туа­­ды. Рухани, баға жетпес байлық қай кезде де сұранысқа ие. Сондай-ақ кітапты, кітап оқуды ұдайы насихаттау керек. Мүмкін сол кезде көпшіліктің қызығушылығы артатын да болар. Әйтпесе, кейінгі кезде «қағаз кітап архивтер мен кітапханада ғана шаң басып тұр» деген пікірді жалау етіп алдық. Кітап оқитындар бар, бола да береді. Көзі ашық, көкірегі ояу адам қағаз кітапты парақтап оқығаннан, кітап парақтарының жылдар бойғы сақталған жұпар иісінен ләззат алады. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады». Ақылды, білімді болмаққа «ақылға қуат беретін құралдың» қажеттігі орасан. Ғылым мен техника дамып, кез келген жерде ұялы телефоныңызды ашып жіберіп, ке­регіңізді таба алғаныңызбен, қағаз кітапты парақтап отырып оқығандағыдай ләззатты сыйлай алмайтыны анық. Ақылды гаджеттер адамзаттың сонау заманнан айнымас досына айналған құндылықты ешқалай айырбастай алмайды.

Сондай-ақ ақылды бизнес бүгінде кенже қалып отырған жайы бар. Үлкен қалаларда ғана емес кітап дүкендерін неге шағын елді мекендерден де ашпасқа деген ой келеді. Кітапхана қоры жыл сайын жаңарып оты­рады. Кітапханада отырып, кітап оқуға да барынша жағдай жасалған. Онымен қоса кітап дүкені, кітап фестивалі сияқты арнайы іс-шараларды ұйымдастырудың ма­ңызы зор. Не десек те адамзаттың айнымас серігі, аса қуатты күшке айналған білім көзі кітаптың құнын түсіріп алмай, оны кейінгі ұрпаққа насихаттау қажет. Бұл жерде маңыздысы да сол, тек сөзбен емес, іспен үйрету қажет. Кітап оқуды өзіңізден бастаңыз, балаңыз сізге қарап бой түзейді, кітапқұмар болады.



Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

02 тамыз 2022 ж. 693 0