«АРХИВТІК АНЫҚТАМАЛАР БЕРУ» МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІ
Елбасының бастамасымен елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама ел тұрғындарының қолжетімді мемлекеттік қызмет алуларына жол ашады. Сонымен бірге, мекеме жұмысын ашықтыққа негіздейді.
Ақпараттық технологиялардың барынша жылдам, қарыштап дамыған кезеңінде архивтік ақпарат мемлекетіміздің экономикалық және мәдени өрлеуіне әсер етуші, стратегиялық маңызға ие ұлттық ресурстарымыздың біріне айналып отыр. Архивтік ақпаратты жинақтау, сақтау және жүйелі пайдалану бойынша бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу архив мекемелеріне халықпен, халықтың бір бөлшегі болып табылатын қоғам, мәдениет және түрлі сала қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынаста болуын талап етеді.
Сырдария аудандық архивінің басты мақсаты – халыққа сапалы әрі тиімді қызмет көрсету. Осы орайда Сырдария аудандық архиві облыс әкімдігінің 26.04.2018 жылғы №1107 қаулысымен бекітілген «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі №88-V Заңын басшылыққа ала отырып «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін көрсетуді жүзеге асырады. «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметі www.e.gov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы және архив мекемесі арқылы қағаз және электронды түрде көрсетіледі.
«Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі әлеуметтік-құқықтық сипаттағы келесі мәліметтерді: жұмыс өтілін, жалақы мөлшерін, жасын, отбасының құрамын, білімін, марапатталғанын, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдердің аударылуын, ғылыми дәрежелер мен атақтардың берілуін, жазатайым оқиғаны, емделуде немесе қоныс аударуда болуын, қуғын-сүргінге ұшырағанын, жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау, экологиялық апат аймақтарында тұрғанын, бас бостандығынан айыру жерлерінде болғанын, азаматтық хал актілері туралы ақпаратты қамтиды. «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметінің көрсетілу мерзімі 10 жұмыс күні болып табылады.
Қазіргі таңда елімізде «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін автоматтандыру мен оңтайландыру жұмысы жүргізілуде. Яғни, ҚР Үкіметінің ресми www.egov.kz порталы арқылы «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік қызметін уақытты үнемдей отырып жылдам алуға жол ашылды. Осының нәтижесінде бұрын мемлекеттік органдарда бір айға дейін уақыт алатын сұрақтар бүгінде портал арқылы бір неше сағатта, немесе санаулы күндерде шешімін табуда. Бірнеше қағаз жинаудың орнына адам тек электронды қолтаңбасын қояды.
Архив – халық қазынасы. Архивте сақталатын тарихи деректерді пайдаланып, ұрпақ санасына сіңіру – баршамыздың ортақ парызымыз. Шынайы тарих тек архив құжаттарына сүйеніп жазылады. «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» деген нақыл сөзбен ұштасатын архив қызметінің мақсаты мен маңызы зор.
Ж.СЕЙІЛОВ,
аудандық архивтің архивисі
аудандық архивтің архивисі