Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрметті мектеп бітіруші түлектер, ұстаздар, ата-аналар!

Құрметті мектеп бітіруші түлектер, ұстаздар, ата-аналар!

Сіздерді оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгін түлектеріміз үлкен өмірдің алғашқы баспалдағынан өтіп, келесі биік сатыларына қадам басқалы тұр. Сондықтан бүгінгі күн мектеп қабырғасындағы әрбір оқушы, ұстаз және ата-ана үшін ерекше салтанатты күн. Елімізде жастардың сапалы білім алып, жаңа деңгейге көтерілуіне барынша жан-жақты қолдау көрсетілуде.Мектеп бітіруші түлектер үшін биылғы жылдың басты жаңалығы жоғары оқу орындарына берілетін гранттарының саны 73 мыңға дейін өсті және колледждерге 31 000 грант бөлінді. Мемлекет басшысының осындай қолдауының арқасында бюджет есебінен білім алу мүмкіндігіне ие болатын түлектеріміздің саны көбейетіні сөзсіз.

Биылғы оқу жылын аудан бойынша 422 түлек бітірсе, оның 354-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда. 29 түлек мектепті «Алтын белгіге», 35 түлегіміз «Үздік аттестатқа» бітірді.

Әрбір адамның өмірдегі орнын табуға, болашағына бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Түлектердің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуінде уақытпен санаспай табанды қызмет атқарып, сапалы білім берген ұстаздардың еңбегі ерекше екенін атап өткім келеді.

Түлектердің жеңісі, белгілі бір белесті абыроймен бағындыруы – Сіздердің талай жылғы еңбектеріңіз бен ізденістеріңіздің жемісі!

Осы орайда, өнегесі мол ұстаздар қауымына ерекше алғысымды білдіремін!

Қымбатты түлектер!

Әрқашан келер күннен мол үміт күтіп, болашақты жастардың қолында деп білетін біздің қоғам сіздерді Тәуелсіз Қазақстанның жаңа буыны, білімге құштар жаңа толқыны ретінде таниды. Сондықтан асқақ армандарыңызға жету жолында әрдайым білім алудан жалықпай, талмай ізденіп, ел тұтқасына айналыңыздар.

Еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда.

Туған өлкенің өсіп-өркендеуіне үлес қосар білімді, білікті, шын мәніндегі нағыз алтын түлек болуларыңызға тілекшімін.

Ақ жол, жас түлек!





Құрметпен,
Берік ЖӘНІБЕКОВ,
Аудандық білім бөлімінің басшысы

16 маусым 2022 ж. 542 0