Балалар жылында жаңа жобалар жүзеге асырылады

- Қазіргі уақытта балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары облыс әкімімен әзірленіп, бекітілді. Балалардың шығармашылық идеяларын іске асыру мақсатында 100-ден астам түрлі шара енгізілді. Сондай-ақ, балалар жылында қаламыздағы №264 мектеп-лицейінің жанынан оқушыларға арналған замануи обсерватория ашылды. Бұл өз кезегінде балалардың жан-жақты дамуына оң әсерін тигізеді. Қосымша білім берумен қамтамасыз ету мақсатында қалада 150 орындық қосымша білім беру орталығы, Қармақшы ауданында 150 орындық тыңығу лагері, Жалағаш ауданында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі ашылады. Биыл техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 1600 орынға қосымша мемлекеттік тапсырыс берілді.
Сонымен қатар, «Көп бейінді облыстық балалар ауруханасы» базасында 2 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. «Атамекен» ҰК палатасымен бірлесіп сауда орталықтарында арнайы күтімді қажет ететін балалар үшін «Денсаулық бұрыштарын» ашу жоспарлануда. Әлеуметтік қолдау көрсету үшін әртүрлі санаттағы балаларға «Жақсылық жаса балаға» мереке күндеріне орай қайырымдылық шаралары мен «Бірге армандайық» ауыр дертпен ауыратын балаларды кумирлерімен кездесу шарасын ұйымдастыру жоспарланды, - деді басқарма басшысы Ақзира Қасымова.
Айта кетейік, балалар жылында ең үздік деп танылған жобалар мен белсенді қатысушылар «Ең үздік әлеуметтік жоба», «Мейірімді жүрек» номинация бойынша марапатталады.