Бала денсаулығына аса мән беру керек
Жыл басында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Айтулы жылдың бастау алғанына 6 ай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында танымдық, тағылымдық іс-шаралармен қатар, кішкентай балғындардың саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында айтулы жұмыстар бар. Десе де, бүгінде жан ұшырып, перзентінің еміне жәрдем сұраған жандар қатары көбейген. Арбаға таңылып немесе төсек тартып жатқан қаншама сәби дертіне шипа іздеуде. Тәуліктің 24 сағатында баласының амандығын тілейтін ата-ананың мұң-мұқтажын айтып жеткізу қиын. Бүгінгі тақырыбымыз бала денсаулығы төңірегінде болмақ.
ЖҮЙКЕ АРУЛАРЫ ЖҮК ТҮСІРІП ТҰР
Көбіне денсаулық мәселесін қаузау үшін кейіпкерімді емхана дәлізінен іздеймін. Бұл жолы да баласына ем іздеген ата-ана дәрігер бөлмесінің алдында кезекте тұр. Әр сәбидің дерті бөлек.
Ертеректе үйдегі әжесі нәрестені сылап-сыйпап, массаж жасайтын-ды. Бүгінде 1-2 айлығынан бастап сәбиді массаж курсына апару қалыпты жағдайға айналған. Баласы 1-3 жасқа толғанға дейін ата-ана массажға қатынауға мәжбүр. Себебі баланың ұршығы, аяқ-қолы, жамбасы, жауырыны дұрыс жетілуіне массаждың көмегі зор. Сонымен бірге балалар невропатологының нұсқауы бойынша жүйке жүйесіне байланысты ауруларға массаж алуға міндетті. Жүйке жүйесіне қатысты дертпен ауыратын ауданда жыл басынан бері 171 баланы дәрігер есепке алған. Аудандық емхананың балалар невропатологы, педиатр Әйкерім Сейдалина балалардың жүйке жүйесі бойынша бірнеше дерт туралы мәлімет берген болатын.
– Бала жаңа туған кезінен бастап, дәрігер бақылауында болуы тиіс. Жүйке ауруларының балаларда жиі кездесуінің өзіндік себебі бар. Өскелең балаларға «Церебральді салдану», «Эпилепсия», «Миопатия», «Паралич эрба дюшена», «Бет нервісінің нейропатиясы», «Мононевропатия», «Логоневроз», «Жалпы тіл кемістігі», «Орталық жүйке жүйесінің қабынудан кейінгі салдары», «Бас миының жарақатынан кейінгі энцефалопатиясы», «Орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақауы», «Арнольдо Киари синдромы – ішкі гидроцефалия» секілді дертке шалдығу қаупі зор. Жекелеген диагноздар науқастың ата-анасының шағымдары мен арнайы нейросонография аппаратқа баланың миын түсіру барысында анықталады. Баланың дертті болуына ананың денсаулығы тікелей байланысты. Жүктілік уақытында анасының қан аздығы, ағзада дәрумендердің жетіспеуі, нәрестенің кіндікке оралуынан оттегі жетіспеуі сынды факторлар бала денсаулығына қатты әсер етеді. Сондықтан әрбір әйел жүктілік уақытында күйзелістен, жүйкеге салмақ түсіруден бойын алшақ ұстағаны абзал. Күнделікті күтімді күшейтіп, ұзақ уақыт мазалаған созылмалы дерттерден айығу керек. Баланың 3 айлығына дейін кейбір шағымдар қалыпты болып табылады. Мәселен, иегінің дірілдеуі, басын артқа қарай шалқайтуы, күшенуі, ішінің қаталауы сияқты белгілер 3 айдан кейін жиі қайталанса, дәрігерге тексерілу міндетті саналады. Нейросонография аппараты арқылы босану барысында баланың басына қан құйылу, су жиналу, ісіктің пайда болуын анықтай аламыз. Біз есепке алынған науқастарды жылына екі рет ем алуға жолдама береміз. Кейбір диагноздар бойынша амбулоториялық, реабилитациялық ем-шара жүргізіледі, – дейді балалар невропатологы, педиатр Ә.Сейдалина.
Сала маманының мәліметіне сүйенсек, осы күні балалар арасында «Эпилепсия» дертіне шалдығу көп екен. Бір жасқа дейінгі сәбилерден құрысу, талма белгілері анықталу үстінде. Қуанарлық жағдай, уақытылы ем қабылдау нәтижесінде балалар денсаулығын оңалту жүйелі жүзеге асуда.
Алыс ауылдарда тұратын және отбасылық мәселелері туындаған жағдайда балаларға реабилитациялық ем-шара жүргізу қиындық туғызуы мүмкін. Соған қарамастан сала мамандары дертпен күресті жалғастыруда. Балалар невропатологының нұсқауымен логопед, психолог мамандар да дертті балаларға тұрақты түрде ем-шара жүргізеді.
– Екі ұлдан кейін сүйген Еркежан қызымыз осыдан 1 жыл бұрын қатты ауырған кезінде отбасымызбен уайымдаған болатынбыз. Дәрігерлердің нұсқауымен арнайы ем қабылдадық. Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық ғылыми «Ана мен бала денсаулығы» орталығына арнайы барып, қызымыздың денсаулығын тексеруден өткіздік. Қызымызға «Құрысу синдромы» диагнозы қойылды. Осы жылдың қаңтар айынан бастап аудандық емхананың балалар невропатологы өз бақылауына алды. Қазіргі таңда қызымыздың денсаулығы жақсы. Жоспарлы түрде ем қабылдап келеміз. Ана жүрегі қашанда баласы үшін алаңдайды. Сондықтан балаларымыз ауырмай, көз алдымызда жүре берсін, – дейді кент тұрғыны А.Қуанышева.
ҚАТЕРГЕ БАС ТІККЕН БАЛА ЖАНЫНА КІМ АРАША?
Елімізде жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісікке шалдығады екен. Деректі Алматы қаласындағы «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» жанындағы балалар онкологиясының мамандары келтіріп отыр. Жыл сайын орталық мамандары обыр дертімен күрескен 200-ден аса баланы емдейді. Жалпы, аудан көлемінде обыр дертіне шалдыққан 5 бала бар. Биыл 2 баладан қатерлі ісік анықталған. Екеуіне де ота жасалған. Бір бала химиотерапия курстарын жалғастыруда. Екінші науқас толықтай емін аяқтап, аймақтық дәрігер бақылауына алынған.
«Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деген ата-ана үшін перзентінің дерті айтарлықтай ауырлық етері рас. Жыл сайын жер бетінде 400 мың отбасының баласы қатерлі ісіктен зардап шегеді. Республика көлемінде қатерлі ісігімен ауыратын науқастар үшін 488 төсіктік орын бөлінген. Оның ішінде, 266 орын республикалық клиникаларда орналасқан. Бүгінде 81 балалар онкологы жұмыс істейді. 51 республикалық маңызы бар орталықтарда, өзге де сала мамандары өңірлік медициналық мекемелерде еңбек етеді.
– Қазақта «Нар баласын қарпып сүйер» деген мақал бар. Ана да перзентіне бар мейірімін төгеді. Түн ұйқысын төрт бөлген ананың баласы ауырғанда жүрегі қақ айырылатынын жақсы білеміз. Қатерлі дертке шалдыққан балалардың ата-анасына қай кезде де қолдау ауадай қажет. Әрбір баланың жан қиналысын көріп, дәрігерлер ем-шара жасауға барын салады. Ақ халатты абзал жан ретінде баланың дертінен айығуына кәсіби біліктілігімізді арнаймыз. Дертіне шипа іздеген әрбір жанның жүрегіне сенім ұялатқымыз келеді. Қай кезде де бала бақытты ғұмыр кешуге лайықты. Сондықтан біз баланың шат-шадыман күлкісі үшін барымызды саламыз, – дейді онколог-дәрігер Майра Халыбаева.
1444: СӨЙЛЕ, ЦИФР!
Расында дертті болу кімге болса да, оңайға соқпасы анық. Сәби күнінен ағзасын дәріге үйреткен жас ұрпақтың денсаулығының күтімі әркез алаңдатады. Аудан бойынша балалар денсаулығын оңалтуға арналған жоспарлы жұмыстар жайында біршама зерделеп көрдік. Жыл басынан бері аудан көлемінде ана өлімі тіркелмегенімен, 5 айлық бір сәби шетінеген. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда бала өлімі күрт азайған. Аудандық аурухананың бас педиатры Ақгүл Құлеке балалар денсаулығына байланысты біршама мәлімет берді.
– Бала ауырғанда ата-ананың жан күйзелісін сезіне білу – дәрігердің негізгі міндеті. Күн сайын алдымызға келген ата-ананың сырын ұғынып, баласының денсаулығына аса мән береміз. Осы күні ауданда 1444 бала «Д» есепте тұрады. Барлық баланың денсаулығын тексеру, қажетті кеңестер беру, түрлі сынамалар тегін жүргізіледі. Айта кетейік, ауданда 258 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Алғаш рет есепке алынғаны 28-і құрап отыр. Алдыңғы орында жүйке ауруларымен есепте тұратын балалар тұр. Жыл басынан бері 18 бала «Талсуат» оңалту орталығынан, 4 бала Алматы қаласындағы «Ақсай» шипажайынан, 1 бала Ақтөбе облысындағы «Аяла» шипажайынан ем алған. Өз кезегінде облыстық балалар ауруханасында «Қамқорлық» оңалту орталығының да балалардың ем алуына мүмкіндік қаралған. Бүгінде арнайы қор есебінен 1 жасқа дейінгі балаларға сүт қоспалары тегін беріледі. Сонымен бірге түрлі диагнозбен есепте тұратын балалар тегін дәрі-дәрмек ала алады, – дейді бас педиатр.
Түйін. 1444 бала. Бұл цифрлар жәй ғана дерек емес. Қаншама баланың жан дерті. Күнделікті көңілі құлазыған науқастың күрсінісін ұғына аламыз ба? Әрине жоқ. Сәт сайын деріне шипа іздеген балалар шетел асуда. Медицинаны дамыту мемлекеттік саясаттың басты жоспарына айналуы тиіс. «Faсebook» әлеуметтік желісінде әріптесім Айнұр Батталова «Жеке клиникалардың крышасы кім?» деген арнайы жазба жариялаған болатын. Жазба мазмұнына үңілсек, медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуі жайында болып отыр. Міне, біздің арамызда да баласын жетектеген ата-аналар жеке емханаларды аралап, баласының дертін айықтыруға барын салуда. Жеке клиникалардың немқұрайлығы салдарынан балалар болашағына балта шабылмаса дейміз. Себебі, қазақ медицинасының кейбір мәселелері жөнінде көпшілік жазба астына сыни пікір қалдырған. Ешқашан балалар ауырмасын!
Балтабай ОРДАБЕКОВ