Шағандағы жеке балабақша
«Балалар жылы» аясында мектепке дейінгі білім беру саласындағы ауқымды жұмыстарды ақпараттандыру тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Оның ішінде, аудан көлемінде бүлдіршіндерге білім мен тәрбие беріп келе жатқан балабақша қызметі назардан тыс қалмайды. Бұл жолы бес мыңға жуық халқы бар Шаған ауылындағы «Нұр Ай Сая» жеке балабақшасы туралы кеңінен тарқатып жазбақпыз.
Негізінен, «Нұр Ай Сая» жеке балабақшасы осыдан 6 жыл бұрын пайдалануға берілді. Бүгінде балабақшада 2 топта 50 бала тәрбиеленуде. Алғашқы жылдары өз қаражаты есебінен жұмысын жандандырған Ұлбала Тұрғанбекқызы отбасылық кәсіпті игерді. Нәтижелі жұмысты ұйымдастырған білікті басшы ұжымға тәжірибелі педагогтарды тарта білді. Қазіргі уақытта 18 қызметкер білім сапасын арттыруға, халық баласын тәрбиелеуге барын салуда. Мемлекеттік қолдау аясында балабақшаның материалдық базасы кеңейген. Сонымен бірге тәрбиешілердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында инновациялық білім беру бойынша арнайы курстарға жіберіліп тұрады.
– Шаған ауылында бірнеше мемлекеттік және жеке балабақша жұмыс жасайды. «Нұр Ай Сая» жеке балабақшасын ашудағы негізгі мақсат – отбасылық бизнесті жандандыру, ауыл балаларына жан-жақты тәрбие беру еді. Әрине, сұраныс бар жерде сапаға көңіл бөлінеді. Балабақша қызметін үйлестіру бір ғана адамның қолынан келмейді. Қашанда педагогикалық құрам мен әрбір техникалық қызметкердің алдында зор жауапкершілік тұрады. Сондықтан тұтастай ұжымның өлшеусіз еңбегі бағалану керек. 50 баланың күнделікті күтімі, оларды оқыту әдіс-тәсілі, уақытылы тамақтандыру, сауықтыру шараларын жүргізу, санитарлық тазалықтың сақталуы басты назарда болады, – дейді балабақша директоры Жанат Есниязова.
Нарықтық заманда бәсекеге қабілетті болу маңызды рөл ойнайды. Аудан бойынша балабақшалардың әлеуеті сараланып отырады. Баламен жұмыс жасау барысында шығармашылыққа көңіл бөлу керек. Жетістікке жеткен әрбір бала үшін ұлағатты ұстаз бен ата-ана марқаяды. Соңғы 6 жылда балабақшаның табысты болуы – озық тәжірибенің арқасы. Төрт жыл қатарынан аудан көлемінде семинар «Нұр Ай Сая» жеке балабақшасында ұйымдастырылды. Әр семинарда бала қабілетін шыңдауға көңіл бөлінді. Балабақша директоры Жанат Рахатқызы «Кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін» атағы бойынша облыс әкімінің марапатына ие болды. Сонымен бірге Айзат Рахатқызы «Үздік балабақша меңгерушісі – 2019» номинациясын иеленді. Екі жыл қатарынан Жамила Алиева мен Бағила Алтаева «Үздік балабақша қызметкері» атанды.
– Білім және өнер бәсекелерінде бүлдіршіндеріміз зор табысқа қол жеткізуде. Әрбір баланың ерекше дамуына ұстаздар барын салады. Айта кетейік, біз көпбалалы, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға көмек ретінде балабақша төлемақысын төлеуді өз мойнымызға алғанбыз. Сан түрлі мерекеде 50 балаға арналып бағалы сыйлық беріледі. Алдағы уақытта тың жоспарға иек артып, жаңа жобаларды жүзеге асырамыз. «Балалар жылы» аясында жүйелі жұмыстарды жүргіземіз. Айтулы жыл шеңберінде өткізілетін іс-шараларға, түрлі жоғары деңгейдегі байқауларға қатысуға ниеттіміз, – дейді балабақша директоры Жанат Есниязова.
«Бала тәрбиесі – басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» деп хәкім Абай Құнанбайұлы айтқандай, «Нұр Ай Сая» жеке балабақшасының ұжымы балғындардың бабын тауып, ел болашақтарын тәрбиелеуде елеулі еңбек ете берсін демекпіз.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ