Балабақша – білім баспалдағы
«Балалар жылы» аясында «Балабақша – бақыт мекені» айдары бойынша ауданға қарасты балабақшалар жайлы оқырманға кеңінен ақпарат ұсынып келеміз. Бұл жолы кішкентай бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындатып келе жатқан №2 «Балдәурен» балабақшасына арнайы барған едік. Елу жылға жуық тарихы бар білім мекемесі жұмысын бізге білікті басшы Аканай Сапархожақызы таныстырды.
Балабақша ауласында жинақылық пен тиянақтылық ерекше көрініс тапқан. Балалар күндізгі дәрісте тәрбиешіден білім алуда. Барлық сабақ арнайы педагогикалық әдіс-тәсілмен жүргізіледі. Бүгінде балабақшада 3 топ бойынша 75 бала тәрбиеленуде. Негізінен, балабақшада 23 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 10 педагог бар. Алғаш Тәуелсіздік алған жылдары балабақша жұмысы тоқырауға ұшырап, біршама уақыт тоқтап қалған. Соған қарамастан қиындықтарды еңсерген ұжым жұмысы қайта жанданып, жаңа міндеттер қойылған. Өткен ғасырда Ақжәми Балабаева негізін қалаған балабақшада бірнеше білікті мамандардан өшпестей із қалдырды.
– Біз келешек ұрпақтың саналы тәрбиеленуіне барынша жағдай жасаймыз. Әр жылдары ұжымды басқарған білікті басшылар халық баласын өз перзенттерінен артық көрді. Мекеме жұмысы тұралап қалған уақытта сол кездегі аудан басшысы Алмагүл Божанованың күшімен қайта ашылды. Міне, содан бері тәжірибелі тәрбиешілер мыңға жуық баланы үлкен өмірге қанат қақтырды. Берекелі ұжымды басқару – мен үшін абырой. 2018 жылы білім ошағын 20 жыл басқарған Күлжамал Жолдасовадан қабылдап алдым. Аз ғана уақыт ішінде іргелі ұжыммен зор жетістікке қол жеткізіп келеміз. Сала мамандары түрлі республикалық, облыстық, аудандық байқауларда топ жарып жүр. Мәселен, әріптесіміздің арасында «Үздік жас маман» төсбелгісімен және «Үздік мектепке дейінгі ұйым қызметкері» Qaztest.kz республикалық олимпиадасында жеткен үздік нәтижесі үшін стипендия иегері, «Үздік тәрбиеші» төсбелгісімен, «Шебер тәрбиеші», «Үздік музыка жетекшісі» сынды жоғарғы марапаттарға ие болған сала мамандары бар, – деді Ақанай Сапархожақызы.
Бүгінде балабақшада заманауи әдіс-тәсілдердің көмегімен балаларға көптеген сабақтар өткізіледі. Тақырыптық сабақ негізінде бүлдіршіннің ой-өрісін, сөйлеу қабілетін дамытады. Сонымен бірге тәрбиешілер ойын түрінде сабақтың мазмұнын аша түседі. Бұл ретте баланы жалықтырып алмас үшін педагогикалық, логикалық тапсырма беріледі. Әрбір баланың өзіндік ерекшеліктеріне сай өнерге баулиды. Өнерлі өрендер түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінуде.
Жақында балабақшада «Тетрландырылған әрекеттерді ұйымдастырудың заманауи әдістері» тақырыбында аймақтық семинар өткізілген. Семинар барысында «Қарлығаш» тобының тәрбиешісі Махабад Жапбасбаева «Қысқы баспана», «Ботақан» тобының тәрбиешісі Гүлмира Қуантаева «Қолғап» ертегісі және «Балапан» тобының тәрбиешісі Айжан Қасымова «Бауырсақ» ертегісі арқылы оқу қызметтерін ұйымдастырды. Өз кезегінде балабақша педагог-психологі Шолпан Қуанышова «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушілерімен бірге «Таңғажайып көбелек» тақырыбында ертегі терапиясына байланысты тренинг жүргізсе, музыка жетекшісі Нұргүл Маханбетжанова жетекшілігімен «Ормандағы оқиға» атты музыкалық сахналық қойылым болды.
– Балабақша жұмысын жетілдіру мақсатында жан-жақты іс-шаралар ұйымдастырылады. Кішкентай балғындарымызға жайлы орта қалыптастыру үшін бірнеше рет ғимаратқа орташа және күрделі жөндеу жүргізілді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, тереңөзектік жеке кәсіпкер Дархан Шағыров балабақшаның жөндеу жұмысына 200 мың теңге қаржылай қолдау көрсетті. Жомарт жанға бүлдіршіндерге қамқорлық жасағаны үшін алғысымызды айтамыз. Балабақша педагогтары мерзімі келген уақытта арнайы оқу курстарынан өтіп тұрады. Әркез ізденіс үстінде болған маманның тәжірибесі толыса түседі. Мектепке баратын бүлдіршіндер білімнің алғашқы элементтерін бізден меңгереді. Сондықтан біздер баланы жан-жақты қызықтыра, таңқалдыра білуіміз керек. Осы жолда сала мамандары еш аянып қалмайды, – дейді балабақша меңгерушісі.
Әрқашан бала бағбаны атанған балабақша ұжымы айтулы жұмыстарды атқарып келеді. Өз тарапымыздан «Балдәурен» ұжымының жұмысына сәттілік тілейміз.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ