Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балабақша – білім бастауы

Балабақша – білім бастауы

«Балалар жылы» аясында аудандық газет түрлі айдарлар ашып, жүйелі жұмыс жасауда. Атаулы жыл барысында тұрақты жа­рия­ланып келе жатқан айдарлардың бірі – «Балабақша – бақыт ме­кені» айдары.

Мектепке дейінгі тәрбие – бүгінгі заман та­лабына сай, жан-жақты жетілген, бо­йында ұлттық санасы бар азамат тәрбиелеп өсірудің негізгі алғышарты. Сондықтан ұлт­тық құндылықтарды дәріптей отырып, бала бойына заман талабына сай білімді игер­ту – балабақша қызметкерлерімен қа­тар­ ата-анаға да артылар міндет. Бала тәр­биесін болашақтың негізі деп түсініп, үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасап келе жатқан тәрбие орталығының бірі Аманкелді ауылында орналасқан. №8 «Айгүл» балабақшасы өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастап ха­лыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. 1980 жылы ашылған балабақшаның алғашқы тү­лектері бүгінде үлкен қызметтерде ел ер­теңі үшін еңбек етіп жүрген болар. Типтік жобада салынған ғимарат екі қабатты. Білім мекемесі бір мезетте 140 баламен жұмыс жасай алады. Мұнда 1998 жылдан бас­тап балалар екі топқа бөлінсе, 2006 жылдан бастап келушілер қатарының көбеюіне орай топ саны екі еселеніп, балалар 4 топқа бөлініп тәрбиеленген. Ал 2014 жылдан бастап 6 топ жұмысын жалғастыруда. Оның екеуі мектепалды даярлық тобы болса, екі топ ересек балаларға арналған. Қал­ған екі топта орта жастағы балақайлар тәр­биеленуде. 2019 жылы күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілген балабақша қазіргі таң­да 125 ауыл баласына қызмет көрсетіп, ата-аналардың үмітін ақтап келеді.

Баласын «Айгүл» балабақшасына берген ата-аналардың алаңдауына еш негіз жоқ. Себебі мұнда бала тәрбиесімен айналысатын ұстаздар жоғары білімді. Заман талабына сай біліктілігін дамытып отырған тәр­биешілер де бала тәр­биесіне болашақтың не­гізі деп қарайды. Балабақшада білім беру қызметі бес сала бойынша іске асырылып, балғындар ойнай жүріп ойлауды дамытады.

Балабақша ұжымына білікті басшы Сәрсенкүл Рсбаева басшылық жасайды. Ұжым­дағы қырық шақты қыз­­мет­кердің ауыз­бір­шілігі жарасса, тәр­бие­ленушілер бір үйдің баласындай. Осындай жайлы, жағымды атмосфераны құру басшының ұтымды әрі жү­йелі жұмысы мен ұйымдастырушылық қа­бі­летінің арқасы деу­ге негіз бар.

Білім беру ұйымының ұстаздары да ұдайы із­деністе. «Мектепке дейінгі ұйым педа­гогтерінің біліктілігін арттыру бі­лім беру бағдарламасы» бойынша 235 ака­де­миялық сағат оқу курсын 5 тәр­биеші оқып, арнайы сертификат иеленген. Сон­дай-ақ «Педагогикалық шеберлік» ор­та­лы­ғының «Инклюзивті білім беру жү­йесінде психологиялық педагогикалық қолдау көр­сету» курсын 7 тәрбиеші оқып, біліктілігін арттырған. Онымен қоса, тәр­биешілер ҚР Білім және Ғылым минис­трлігі «Өрлеу» бі­ліктілігін арттыру ұлттық орталығының арнайы курстарын оқып, сертификат иеленіп келеді. Бұның бәрі – балабақша ұжымы же­тістігінің негізі.

– Еліміздің ертеңгі болашағы – бүгінгі жас ұрпақ. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау – баршамызға жүк­телер жауапты міндет. Қай елдің болма­сын өсіп-өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның білім беру жүйесінің даму бағытына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда ой-өрісі биік, білімді, жі­герлі, дені сау азаматты қалыптастыруға қызмет ететін тәрбие мен білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі тәрбие ошағында бері­леді, – деп қуаттады ойымызды «Айгүл» ба­ла­бақшасының меңгерушісі С.Рсбаева.

«Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі» деген. Балабақша бүлдіршіндерінің де жеткен же­тістігі мол. Ұстаздардың еңбегі еленіп, бәй­геге қосқан шәкірттері талай сайыс­та алдыңғы шептен көрінді. Атап айтар бол­сақ, «Тіл болашағы – балабақшадан» ау­дандық байқауында 2020 жылы Сезім Бауыржанқызы, дәл осы сайыстан 2021 жылы Іңкәр Жомартқызы бас жүлде иелен­ген. Ал 2022 жылы аудандық байқауда Әделя Нартайқызы жүлделі екінші орынды иеленген. Бұдан бөлек бүлдіршіндер Тә­уелсіздік мерекесі қарсаңында, түрлі жобалар аясында ұйымдастырылған байқау­ларда жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Және балабақшада аудандық семинар өткі­зіліп, тәрбиешілер ұдайы тәжірибе алмасып отырады.

Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұл­тымыздың баға жетпес қазынасы. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады. Балалардың жетістігі бала бағбаны атан­ған тәрбиешілердің біліктілігімен өл­ше­­неді. Қырық жылдан астам тарихы бар балабақша жұмысы жыл өткен са­йын жанданып, жаңарып келеді. Ендеше, біз де «Айгүл» балабақшасының жұмысына сәт­тілік тілеп, биік белестерді бағындыра беру­леріне тілектестігімізді білдіреміз.



Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
23 шілде 2022 ж. 596 0